Гүлнар Каримованың ұлы: «Менің шешем әлемдегі ең нашар адам емес»

14.08.2017
Қаралды: 721

Өзбекстанның тұңғыш Президенті Ислам Каримовтың немересі, Гүлнар Каримованың­ ұлы, кіші Ислам Каримов шешеме тағылған айыптардың бәрі жала дейді. 

Тамыздың 1-і күні ол Гүлнар Каримованың түрмеге ауыстырылғаны туралы сот құжатын алған. Бұл туралы кіші Ислам Каримовтан сұхбат алған «ВВС Russіan» хабарлайды. Сұхбатты ықшамдап жариялап отырмыз.­

– Гүлнар Каримованың 12 елде дүние-мүлкі бар және барлығы 2 миллиард доллар шамасында ақшасы бар деген айып тағылды. Мүмкін басқа елдерге қатысты да дәлелдер бар шығар?

– Егер дәлелдер болса (шетелдегі мүлікке қатысты) шетелдегі соттар аяқталып, тәркіленер еді. Мен оның қаржылық жағдайын білемін. Және аталған қыруар соманың еш дәлелі жоқ екенін де білемін. Бүкіл сыбайлас жемқор министрлердікін, біздің туыстардікін шешеме жаба салды. Оны соттайды, қалғандары аман қалып, жұмыстарын істей береді.

Біз қазір әр министрдің, қазір биліктегі, күштік құрылымдардағы көптеген адамдардың жобалары туралы үлкен құжат дайындап жатырмыз. Олардың көбінде 2 миллиард емес, 3-4 миллиард байлық бар.

– Әңгіме сіздің шешеңіз туралы. Оның иелігінде қандай кәсіп­орындар бар екенін, қандай үлесі бар екенін білуші ме едіңіз? «Узунробита», «Ангренцемент», «Кока-кола», «МТС», «Вымпелком» сияқты кәсіпорындар, мысалы?

– Мен оны (Каримованы) әлемдегі ең жақсы адам деп атауды сұрамаймын. Бірақ оның ең жаман адам емес екені де рас. Бірақ ол қазір айыпталып жатқан жалғыз адам болып отыр. Ол жұрттың үйіне кіріп, ақшасын алып кеткен жоқ қой. Оған жауып жатқан ақшалар рас бол­ғанның өзінде олар бизнес-операциялар арқылы келген болар. Барлығы дерлік ресми және ашық жасалған...

– Дерлік? Ресми емес істері де болды ма?

– Иә, болды. Бірақ олардың көбі қоғамдық істерге қатысты. Өйткені атам оған ылғи: «Сен ешқашан менен асып кетпеуің керек», – дейтін. Ол халықтың сүйіспеншілігі шешеме ауып кетеді деп қауіптенді. Бірақ оның ондай ойы болған жоқ, ол (Ислам Каримов) туралы ылғи жақсы пікірде болатын.

Бірақ ол шешемді бірнеше рет теледидардан көріп қалды. Сосын қатты ашуланды, біз кей жобаларды одан жасыруға мәжбүр болдық.

Шешем ондаған мың грант берді, ондаған мың адамды шетелге емдеуге жіберді. Мұны басқа ешкім жасаған жоқ. Бірақ қазір оны айыптап жатыр.

– Бірақ әңгіме миллиардтаған доллар туралы болып отыр. Сіз анаңызға жақын болдыңыз, әлемді бірге араладыңыз, бірге жүрдіңіз. Анаңыздың немен айналысатынын білуіңіз керек қой. Мұнша ақша бізге қайдан келді деп сұраған шығарсыз?

– Мен білетінмін. Бірақ ондай сома жоқ екенін де білетінмін. Екі миллиард... Нақты сомасын білмеймін. Бірақ анда көрсетілген соманың жартысы... Тіпті төрттен бір бөлігі – соның өзі аздап көп болар еді. Неге бәрі тек соманы айтады? Неге ешкім нақты дәлелдерді айтпайды? Егер шындықты дәлелдегісі келсе өзбек өкіметі ол ақшаға қатысты айыпталушыларды халықаралық сотқа әкелуі керек.

Шешемді президенттің қызы деп табалаушыларды ақылға шақырамын. Қыздарының ішінде онша белсенді болмаған менің шешем еді. Отбасыда 5-6, өкіметте 10-12 орында болды. Атам қайтыс болғанда басқалар кэшті контейнерлеп әкетті (шет елге). Ал менің анам ол кезде үйқамақта болған. Неге басқалардың күнәсін оған жауып жатыр?

Bag.kz