Жазғы лагерь балаға не береді?

08.08.2017
Қаралды: 530

Әне-міне дегенше жазғы каникулдың екі айы да артта қалды. Балалар үшін алда да демалатын уақыт бар.

Жалпы, балалардың демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мәселенің бірі болып саналатыны белгілі. Жыл сайын балалардың толық демалуларына, танып-білу, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға, денсаулығын арттыруға жағдай жасау мақсатында қала сыртындағы және мектеп жанындағы жазғы сауықтыру ауысымдары ашылады.

Өкінішке орай, көптеген қала сыртындағы лагерьлердің жолдамасы өте жоғары, халықтың қалтасы көтере бермейтіні анық. Мұндайда жазғы мектеп лагерьлеріне барған жақсы. Онда әдетте 1 – 4-сынып оқушылары белсенді демалып, денсаулықтарын қалпына келтіреді. Жетім, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы, толымсыз отбасы балалары мен үздік оқушылар да сол жерде тегін демалады. Жұмыс істейтін ата-аналар да балалар қараусыз қалады деп алаңдамайды, мектеп жанындағы лагерьде олардың да демалысы қамтамасыз етілген. Жалпы, лагерьлерде балалардың демалысын барынша оңтайлы өткізуге барлық жағдай жасалған.

Қала сыртындағы лагерь орындарының негізгі міндеттері балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуына, шығармашылық еңбегіне, өздерінің қабілеттерін іске асыруы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге, олардың тиімді демалысын және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталады.

Лагерьлік ауысым құрылымын үш кезеңге бөлуге болады. 1.Ұйымдастыру кезеңі. Бұл ауысымның алғашқы 3-4 күні – лагерьге бейімделу уақыты. Баланың жаңа ортамен танысып, алдағы істелетін істерді танып-білу кезеңі болады. Бұл кезеңдегі педагогтың басты міндеті – баланың өзінің жақсы жақтарын көрсете алуына, ашылуына жағдай жасау. 2. Балалардың жеке тұлғалық өзін-өзі көрсетулері кезеңі. Бұл қысқа уақыт бөлігінің басты мәні – балалардың тұлғалық шығармашылық потенциалдарының барынша ашылуына ықпал жасайтын іс-қимыл түрлерін таңдау. 3. Баланың өз ісіне өзі талдау жасайтын және қорытынды шығаратын кезеңі. Балалар лагерьден не көрді, не үйренді және осы әрекеттердің кейінгі лагерьден тыс уақытта тигізетін пайдасы қандай деген сұрақтарды түсінулері керек.

...Балалар демалысының ұйымдастырылуы жайлы сөзіміздің соңында оларды сауықтыру бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қысқаша кеңестерімізді ұсынамыз. Олар мынадай:

- Жазғы маусым басталар алдында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық­ саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық ведомство бөлім­шесінің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысын уақтылы алу қажет.

- Объектілер аумағында тікенекті бұталарды, гүлдегенде мамықты тұқымдар беретін жасыл желектерді (ағаштарды, бұталарды) отырғызбайды.

- Сауықтыру объектісінің басшысы сауықтыру объектісінің ашылуы алдында және ары қарай көрсеткіштер бойынша аумақты дезинфекциялық, дератизациялық және дезинсекциялық өңдеу жүргізуді ұйымдастырады.

- Объектілердің аумағы тазалықта ұсталады. Қоқыс жинағыштар (контейнерлер) үштен екі бөлігі толған кезде тазартылады.

- Учаскенің жабдығы (үстелдер, орындықтар, дене шынықтыру жабдығы мен шағын сәулет нысандары) жарамды жағдайда ұсталады. Тұрмыстық қоқыс пен қалдықтарды жинау үшін бетондалған немесе асфальтталған алаңда орнатылған, қақпақтары бар металл контейнерлер көзделеді. Алаң негізгі ғимараттардан кемінде 25 метр қашықтықта орналасады. Сауықтыру науқаны басталар алдында және әрбір ауысым аяқталған соң техникалық персонал күрделі жинау жүргізеді.

- Күн режимі балалардың жас ерекшелігіне байланысты құрылады. Дене шынықтыру-сауықтыру іс-шаралары жоспары дәрігермен келісіледі және мынадай іс-шараларды қамтиды:­

- таңертеңгілік гимнастика;

- шынықтыру ем-шаралары;

- қозғалыс ойындары және дене дайындығының әр түрімен айналысу;

- спорт, емдік дене шынықтыру, жүзуге үйрету;

- серуендер, экскурсиялар, жорықтар;

- спорттық жарыстар және мерекелер.

...Қысқасы, балаларыңызға қамқор болыңыздар, жаздағы жақсы демалыстың жыл бойына қажетті күш-қуат екенін ұмытпаңыздар!

А. МОНТАЕВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби

 ауданы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!