Айдарбек атаның Алтын тойы

07.08.2017
Қаралды: 694

Газетіміздің тұрақты оқырманы әрі авторы, сайрамдық Айдарбек Қыдырбекұлы 75 жасқа толғалы отыр. Бұл кісінің үйіндегі Сапура апамыз да 70 жасқа толмақ. Ал екеуінің шаңырақ көтергендеріне 50 жыл болады. 

Міне, осы мерейлі мерекесін Айдарбек қария алдағы сенбі, 12-тамыз күні өздері тұратын Қарасу ауылындағы «Рауан» тойханасында, ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жарандары арасында атап өтпек.

Осындай тойы болғалы жатқан Айдарбек Қыдырбекұлы – өмірден көрген-түйгені мол, үлкен-кішіге сыйлы, қоғамдық істердің ортасынан көрініп жүретін белсенді жан. Ол кісі кезінде Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген, Қызылорда облысының шаруашылықтарында түрлі жауапты қызметтер атқар­ған. Сондай-ақ ол өзіне қаламды серік еткен жан. Осы уақытқа дейін көптеген мерзімдік басылымдарда мақалалары, өлеңдері жарық көрген. «Алаштың алып ақыны Шаханов Мұхтар жолы», «Жүріп жеткен жолдар», «Тәлім мен жалын» атты кітаптары шыққан.

Айдарбек қария мен Сапура апаның отбасында 5 қыз, 2 ұл өмірге келген. Екеуі бүгінде олардан көрген 30-дан аса немере-шөберелерге ақылман ата, сүйікті әже болып отыр.

 Бүгін біз Сайрам ауданының Қарасу ауылында тұратын осы әулетті алдағы келе жатқан мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, ол кісілердің отбасына амандық, сар­қылмас қызық-қуаныштар тілейміз. Осы орайда оқырман назарына Айдарбек Қыдырбекұлының қаламынан туған бір естелікті ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Шайдарбектің ағасының аты – Айдарбек, 
Айдарбектің ағасының аты – Шайдарбек

Шайдарбек қажы ағаны мен бұрыннан білемін. Тіке­лей араласпасақ та сырт­тай жақсы хабардар бола­тынмын.

1978-жылы Қызылорда қаласына ауысып барғаннан кейін бір кездескенде ол кісі мені бірден өзіне баурап алды. Әңгімелескенде қарапайымдығы, кішіпейілдігі, білімдарлығы екеумізді бұрын­ғыдан да жақындастырып жіберген. Ағалы-інілідей сырласып, араласып кеттік.

Тағы бір сәйкестік бар: Шәкеңнің ағасының аты – Айдарбек, ал менің ағамның аты – Шайдарбек. Біз Ташкентте туып-өскенбіз, ал бұл кісілер болса, Жаңақорғанда туып-өскен екен.

Шәкеңнің ағасы Айдарбек дүниеден озған болса, менің ағам Шайдарбек те бұл өмір­де жоқ. Екеуміз ағадан айырылсақ та екеуін жоқтатпай бірге жүргендейміз.

Екеумізді тағы да бір жақындастырған жағдай әдебиетке құмарлығымыз болса керек. Шәкең қазірге дейін 12 кітаптың авторы, оның бір­нешеуі – тарихи кітаптар, көпшілігі әулиелер туралы болса, шежіреге де аса көп мән берген.

Бірде Ташкентте мектепте бірге оқыған досым Мараттың үйінде отырғанда телефон шыр ете қалды, Марат сөй­лесіп жатыр, дауыс таныс сияқты. Маратқа: «Бұл кім?» – десем: «Жаңақорғаннан келген Шайдарбек қажы», – дейді. «Трубканы маған бер, мен сөйлесейін», – деп телефонды алып Шәкеңмен амандастым. «Шәке, Ташкентте қайдан жүрсіз?» – десем, сонда қыздары тұрады екен, солар­ға келген беті екенін айтты. Маратпен бұрыннан араласатынын, нағашысы болатынын, қыздары да сол Сіргеліде көршілес екенін айтып жатыр.

Ал мен Маратпен бір ауылда өсіп, бір мектепте оқып, сол жерде, қазіргі Су­нақ ауылында жетілген болатынбыз. Бұл жағдай Шайдарбек қажымен арамызды бұрынғыдан да жақындастырып жіберді.

Сол Сіргеліде тұратын қызы Бегайым Үндістанның Өзбекстандағы «Қызыл крест» ұйымының төрайымы болып істейді екен. Кейінірек орнын алу үшін бір жауыздар өз үйінде өлтіріп кеткен. «Бегайым» атты кітапты сол Марат Шәкеңмен бірге жазып, баспадан шығарған болатын.

Зейнетке шыққаннан кейін Шәкеңмен қарым-қатынасымыз бұрынғыдан да нығая түсті. Ол кісіге еліктеп мен де өткен өмір туралы, жүріп өткен жолдар туралы кітап жаздым.

Шәкең «Задарья» совхозында ауылдық кеңес төрағасы, басқа бір совхозда партком хатшысы болды, «Шал­қия» кенішінде, тағы да бас­қа жерлерде басшылық қызметтер атқарды.

Жақында ол кісінің «Айдарбек» атты кітабы жарық көрді. Мен сол кітапты түгел оқып шықтым. Онда Айдарбек аға­сының өмірі туралы, жетіс­тіктері мен көрген қиыншылықтары туралы толық қамтылған екен.

Кезінде менің ағам Шайдарбек бір себеппен қамалып, Қызылорда түрмесінен бір-ақ шыққан еді. Мен онда Түгіс­кенде болатынмын. Сүлейменов Зәмін ағайға барып ақылдастым, ол кісі бірден: «Облыстық прокуратурада Сәулебеков Дүйсенхан деген ағаң бар, соған жолық», – деді, адресін берді. Сол кісінің көмегімен ағамды оншақты күнде абақтыдан шығарып алдым.

Бір қызығы, кезінде сол Дүйсекеңнің Шайдарбек қа­жының ағасы Айдарбекке де көмегі тиген екен.

...Қысқасы, бір-бірін танымайтын ағайынды Айдарбек пен Шайдарбектердің өмі­рін­дегі бұл сәйкестіктер маған әрі тосын, әрі қызық болып көрі­неді. Аттарымыз ғана ұқсас емес, тағдырымызда да да бір үйлесімділік бар сияқты. Осы бір ерекше жайды да кіта­бымның ішіне естелік етіп ендірдім.

Айдарбек Қыдырбекұлының байланыс телефоны: 8-702-485-01-83.

Айдарбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ