Күйеуіне шын ниетімен тоқал іздеп жүр

07.08.2017
Қаралды: 651

Мен бұл келіншекті төрт жылдан бері танимын. Қашан көрсең де күлімдеп жүретін ол – кездестіре қалсаң іші-бауырыңа кіре амандасып, хал-жағдай сұрасып тұратын сондай биязы жан. 

Жақындарына жанашыр, туыстарына қамқор, ағайынына сыйлы, құрбыларына құрметті екенінен де хабарым бар. Жүзінен нұр төгілген оны өзімше бақытты жандардың қатарына қосып қойған болатынмын. Ал жақында мен өзім бақытты санаған жанның да жүрегінде жара барын  білдім.

«Мен күйеуіме тоқал іздеп жүрмін, – деді Жанна. –  21 – 27 жас аралығындағы, қазақы тәрбие алған, ата-енені сыйлай білетін, асты дәмді пісіретін, мінезі сабырлы, салмақты қыз керек. Қарастыра жүрші. Күйеуімді биылдан қалдырмай үйлендіруіміз керек».

Көзім бақырайып, үнсіз қалғанымнан ештеңе ұқпағанымды түсінген Жанна бұл шешімінің себебін ашып айтты.

«Ербол екеуміздің үйленгенімізге 8 жыл болды. Аллаға шүкір, бақыттымыз. Бір-бірімізге деген сый-құрметімізді білесің, көріп те жүрсің. Бірақ мен оған бала туып бере алмаймын. Себебі денсаулығым жарамайды, бірнеше рет операцияда болғанмын. Жатыр түтікшелерін алып тастаған. Ал Ерболдың жасы 30-ға таяп қалды. Оның да ұрпақ сүйіп, балалы болуға құқы бар. Өзі бұл жайлы ауыз ашып, ләм деп көрген емес. Дегенмен уақыт өткен сайын мен қиналып бара жатырмын. Өйткені қатарларының алды сүндет той жасап, қуаныштарын атап өтіп жатыр, Ербол да ұрпақ сүйіп, баласының маңдайынан иіскеп, тәтті қылығына сүйсініп отырса жараспай ма деген ой менің жанымды жеп бара жатыр.

Ерболға дейін мен бір рет тұрмыста болғанмын. Бір-ақ рет көрген азамат алып қашып, не махаббат, не сезімнің не екенін білмей, таяқ пен тепкінің астында бірнеше жыл тұрдым. Қатарынан екі ұл тудым. Барды да, жоқты да көтердім. Бірақ азаматыңа арқа сүйеу, күйеуіңнің қамқорлығы деген нәрсе болған емес. Күйеуім аузы арақтан босамайтыны аздай, есірткіге елітті. Не үшін бірнеше рет пышаққа түсті дейсің мені? Соның соққыларынан алған жарақат салдары болды. Аяғым ауыр болғанына қарамастан тепкілегенінде іштегі баладан айырылып, өзім де өлім аузынан қалғанмын. Денсаулықтан солай айырылдым. Қос құлынымды құшақтай қашып құтылмағанымда бұл күнде халім не болар еді, ойлау қорқынышты. Қиыншылықты көп көрдім. Оны айтқым да, еске алғым да келмейді. Әйтеуір тырбанып еңбек етіп жүріп өз қолым өз аузыма жетті. Балаларым сәл өсіп, өзіме күтім жасай бастадым. Ербол маған сол кезде жолықты. Көңілін білдіргенде есік көрген және балалы жан екенімді айтып, күйеуден көрген қорлығым еске түсіп, жылап қалғанмын. Ербол маған сүйеу болды. Ешкімнен көрмеген қолдауды, қамқорлықты содан көрдім. Осылай жасымның үлкен болғанына қарамастан біз үйлендік. Оған да сегіз жыл болыпты. Бір-бірімізге деген сый-құрметке қылау түскен емес.

Бізде бәрі бар. Баспана да, көлік те, шағын бизнес те. Тек бала жоқ. Жасанды ұрықтандыру жолымен болса да босанып алар едім, оған жасым өтіп кеткен. Денсаулығым да жарамайды.

Ал Ербол үндемейді. Бала туралы, үйлену туралы сөз қозғаған емес. Бірақ ол үндемеген сайын менің жаным ауырып барады. Ақыры шыдай алмай, бір күні оған: «Анаң болса қартайды. Оған күтім жасап, киімін жуып, дәмді асын әзірлейтін келін керек. Өзіңнің бала сүйіп, тәрбиелейтін, әке болатын уақытың келді. Менің саған еш ренішім жоқ. Көңіліңдегі, ойыңдағы адамың болса, жолың ашық. Мен кедергі болмаймын», – деп ашық айттым.

Осы әңгімені бірнеше рет қозғай отырып, ақыры өзара келісімге келдік. «Өзіңе сырлас дос әрі сіңлі, анама келін, маған жар, ал балама ана болар адамды өзің тап», – деді Ербол. Біз осы бәтуаға тоқталдық. Құда түсіп, қалыңмалын төлеп, сырға салып алып кетеміз. Беташарын да жасаймыз. Тұрмысымызды білесің, таршылық көрмейді. Астында көлік, басында бар жағдайы жасалған баспана болады. Анамызды сыйлап, асын беріп отырса, Ерболды ерім деп құрметтеп, алдынан кесіп өтпесе екен дейміз. Түсінігі бар қыз болса тіл табысып кетеміз деп сенемін. Ол да азаматының бәйбішесі барын мойындауы тиіс. Бар қоятын талабымыз осы. Бала тәрбиесіне өзім көмектесемін, бесігін тербетіп, өзіне сырлас әпке болуға әзірмін», – деді Жанна.

Осылай деген Жанна күйеуіне жар болар лайықты адам табылса, беташарды көпке ұзатпай, қазан айының ортасына дейін өткізгісі келетінін де ескертті.

Реті келгенде айта кетейін, Ербол – жоғары білімді, ұзын бойлы, келбетті, жаман әдеттерден аулақ азамат. Ол қашанда сабырлы, қай істі қолға алса да тындырып істейтін жауапты екенінен де хабардармын. Ал бұл азаматқа екінші жар болуға келісетін қыз бар ма екен?

Ләйла БАҚБЕРГЕН.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!