«Ауру – астан» екенін біле тұра неге дұрыс тамақтанбаймыз?

07.08.2017
Қаралды: 598

Дұрыс тамақтану туралы бұрыннан жазғым келіп жүрген. Әрине, мен бұл саланың маманы емеспін. Білмейтінім өте көп. 

Бірақ дұрыс тамақтану туралы көп оқыдым. Мамандардың пікірін тыңдадым. Біраз дүниеге көзім ашылды. Түйгенім – біз өзімізге өзіміз ор қазып жүр екенбіз.

Рас, қазір екініңі бірі – ауру. Қан қы­сымының көтерілуі, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, онкология аурулары еліміз бойынша өршіп тұр. Ана мен бала өлімі жағынан да, өкінішке орай, алдыңғы қатардамыз.

 Мұның барлығы да дұрыс тамақтанбаудың кесірінен. Мысалы, тойға барамыз. Ол  тойың айтылған уақытта бастала қойса мейлі. Жаз айларында тіпті кешкі сағат 8–9-дарға дейін барады. Отырамын дегеніңше тағы жарты сағат өтеді. Қарның шұрылдап тұрғаннан кейін «холодный закускаға» бас саласың. Майға шылқып пісірілген бауырсақты аузыңа тоғытасың келіп.

Бір уақытта алдыңа табаққа симай ет келеді. Оны «ұрып» аласың. Сосын концентраты көп шырын ішесің. «Кока-коланы» араластырасың. Ырс-ырс етіп билейсің.

Екінші дастарханда тағы «Екінші тағам» бар. Оны жейсің.

Артынан торт келеді. Тортпен шай ішесің.

Сағат түнгі 12 болып жатады. Сонда да ауызға да, асқазанға да дамыл жоқ.

Әйтеуір бітті-ау деген кезде машинаңа отырып, үйіңе зуылдайсың. Қарныңда 2-3 килограмдай тамақ бар. Асқазан қорыта алмай қиналып жатыр.

Содан ырс-ырс етіп келіп төсегіңе құлай кетесің.

Ал ұйықтаған кезе асқазан қызметі нашарлайтынын дәрігерлер біздің дәуі­рімізге дейінгі пәленбайыншы дәуірде-ақ айтып кеткен.

Әрине, той күн сайын бола бермейді. Бірақ біздің халықтың күнделікті тамақ жеу режимі осындай. «Тойға барсаң, тойып бар» деген сөздің басқа мағынада айтылғанын осыдан-ақ білуге болады.

Демек, біздің тойларға реформа керек! Одан кейін теледидардан дұрыс тамақтану туралы әлеуметтік роликтер жиі берілуі керек­.

Халықтың басым бөлігі дұрыс тамақтану жағынан сауатсыз. нені жеп, нені жемеу керегін күн сайын құлаққа құйып отыру қа­жет. Денсаулық сақтау министрлігі Төрегелді Шармановтың сұхбаттарын әлеуметтік же­лілерге салып отыруы қажет.

«Адам аштан емес, астан өледі», «Ау­ру – астан» екенін бұқара халық түсінуі керек. Сонда ғана біз жапондар сияқты ұзақ жасаудың кілтін табамыз.

Данияр ЕСЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!