Ресей мен АҚШ арасы өте ушығып кетті

07.08.2017
Қаралды: 523

Ресей мен АҚШ-тың арасындағы қайшылықтар бар­ған сайын тереңдей түсуде. Соңғы бірер жылдан бері Батыстың экономикалық санкцияларынан көз ашпай келе жатқан Ресейге қарсы қысым енді жаңа қарқынмен жал­ғасатын болды. 

Таяуда АҚШ Конгресі осыған қатысты кезекті заң жобасын бекітті, оған  Президент Д.Трамп 1-тамыз күні қол қойды. Заңда Ресейдің экспортқа шығаратын мұнайы мен газына шектеу жасау, бұл елдің энергетика және банк жүйесіне салмақ түсіру сияқты санкциялар көрсетілген.

Жалпы, Батыс елдері Ресейдің Украинаға қарсы әрекеттерін қоштамайды. Украинадан Қырым түбегін күшпен тартып алды, бұл елдің шығысындағы сепара­тистерге дем беріп отыр деп санайды. Ресей Қырымды қайтаруы, сепаратистерді қолдауды тоқтатуы керек деп есептейді. Яғни Ресей Шығыс Еуропадағы әрекеттерінен бас тартуы, Украинаның біртұтас болып қалыптасуына кедергі болмауы тиіс.

Сондай-ақ Ресей мен Батыс елдері арасында Сирия­дағы іс-қимылдар бойынша, ядролық қаруға ие Солтүстік Корея мен Иранға қатысты да келіспеушіліктер бар.

Ал егер осының бәрі ортақ тіл табысу арқылы шешілсе, яғни Ресей өзіне қойылған талаптарды орындаса, одан санкциялар алынып тасталмақ. Бірақ бұл талаптардың барлығы да Ресей үшін орындалуы қиын мәселелер болып тұр. Ол Қырымды ресми түрде өзінің бір субъектісі деп таныған, сондай-ақ сөз жүзінде қатысымыз жоқ дегенімен іс жүзінде Украинаның шығысындағы се­паратистерді  де қолдауын тоқтатар емес.

АҚШ-тың өткен жылдың желтоқсанында Ресейдің 30 дипломатын елден қуып шыққаны, сондай-ақ елшілікке тиесілі екі жылжымайтын мүлік нысанына «тоқтам» салғаны белгілі.

Жыл өткен сайын Батыстың нысанасына айналып, оқшауланып бара жатқан Ресей өз ықпалы аумағындағы жерлерден, геосаяси жағынан тиімді жерлерден айырылып қалмауға тырысумен келеді. Осы орайда Ресей әскерлері Белоруссияда, Батыс Ресейде, НАТО-ға мүше Польша мен Балтық бойы елдеріне жақын жерде, Балтық теңізі аумағында жаттығуларын жиілете бастады. Бұған байланысты АҚШ та бұл елдерге өз әскерлерін аттандырды. Яғни бүгінде аталған аумақтарда соғыс өрті тұтану қаупі жоғары, – дейді сарапшылар.

Қысқасы, Ресей мен АҚШ бүгінде қырғиқабақ болып тұр. Кейбір сарапшылардың пікірінше, ол Ресеймен Еуразиялық одақтағы Қазақстанға да өз салқынын тигізуі мүмкін деседі. Енді бір сарапшылар бұдан Қазақстанға тиімді жақтарды да көріп отыр.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!