Доллар құны 450 теңгеге дейін өсе ме?

02.08.2017
Қаралды: 351

Кешегі аптада Алматыда сарапшылардың қатысуымен арнайы баспасөз мәжілісі болып өтті. Осы жиында «Телетрэйд Централ­Азия» қаржылық компаниясы сарапшылар тобының жетекшісі Сергей Полыгалов былай деді:

«Кейінгі бір жарым ай ішінде мұнай бағасы барреліне 50 доллардан төменге түсті, осыған байланысты доллар бағамы да құбылды. Мұнайдың 1 баррелі 50 доллар болып тұрғанда бюджетте бәрі тыныш еді, 1 доллар бағамы 315 – 317 теңге төңірегінде болатын, енді бюджеттік қаржыландыруға байланысты мәселелер туындап отыр».

Сарапшының айтуынша, елі­міздің 2017-жылға арналған бюджеті мұнай құнына, яғни оның 1 баррелінің бағасы 50 доллар болатын шамаға есептелген. Ал мұнай бағасы төмендеген соң кіріс пен шығыс айырмашылығы ұлға­йып, мемлекеттің шығыны өсіп кетпек.

Осыған орай С.Полыгалов алдағы күзге қарай 1 доллардың бағамы 420 – 450 теңгеге дейін өсуі әбден мүмкін екенін айтты. «Қазір теңгенің құнын Ұлттық Банк «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің өтіп жатуына орай жасанды түрде тежеп отыр», – деді ол.

Ал тағы бір сарапшы – «Альпари» сараптама департаменті директорының орынбасары Наталья Мильчикованың айтуынша, доллар сонша қымбаттайды деуге әзірге ешқандай негіз жоқ. Өйткені кешегі бейсенбіде мұнай баррелі­нің бағасы қайтадан 50 долларға теңесті, ол тағы өсуі де мүмкін.

Бірқатар сарапшылар да осындай сарындас пікірлерін білдірді. Олардың есебінше, 1 доллар бағамы әрі кетсе 330 – 340 теңгеге жетуі мүмкін.

...Міне, сарапшылар осылай деп жатыр. Қайсысының болжамы қаншалықты тура шығатынын алдағы уақыт көрсетер. Әйтеуір қарапайым халық қиналып қалмаса екен. Онсыз да қымбатшылықтың қыспаққа алып тұрғаны белгілі ғой.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ