12 жасында мектеп бітірген бала

01.08.2017
Қаралды: 1389

Биылғы мектеп бітіруші түлектердің арасынан бүкіл елге аты танылып, ерекшелігімен көзге түс­кен оқушылардың бірі де бірегейі – Абзал Мырзаш. 

Ол мектепті 7 жылда толық меңгеріп, небәрі 12 жасында, мерзімінен бұрын тәмамдап отыр.

Қабілеті 2 жасар кезінен көрініпті

«Абзалымыз тәй-тәй басып, тілі шыға бастағаннан ерекшелігін байқатты, - дейді вундеркинд-баланың әкесі Дәуренбек Нысанов. – Екі жасқа толмай-ақ есіктің алдындағы автотұрақта тұрған көліктердің марка­сын ажырататын болды. Оны жай, ермек үшін өзім айтып бергенмін. Қағып алыпты. Кейіннен әліппенің басында тұрған біраз әріпті айтып бердік. Үш-төрт күн өткесін сұрасақ, тақылдап айтып тұр. Қызығып, бәрін үйреттік. Жаттап алды. Осылайша буын­ға бөліп оқитын болды. Бертін келе газет-журналдарды, кітап­тарды оқи бастады.  Үш жасында екі таңба­лы сандарды ойша қосып-азайтты­. Төрт жасында көбейту кестесін жатқа білді. Төрт жарымға келгенде екі, үш таңбалы сандарды ойша көбейтіп, бөле беретін болды.

Абзал маған сұрақ қоя беретін. Әсіресе аспан әлемінде болып жат­қан құбылыстар оны қатты қызықтыратын. Оған түрлі энциклопедиялық кітаптар әкеп беретінмін.

Қысқасы, не керек, Абзалымыз бес жасында 1-сыныпқа барды. Орыс мек­тебіне. Басында анасы қарсы болып еді қиналады деп, бірақ олай болмады. Абзал бірінші сыныптың үшінші тоқсанынан бастап тек «5» ала бастады. Өзгелерден оқ бойы озық тұрғасын бәрі «Балаңды «секірт» деп ақыл айта бастады. Қырық жыл мұғалім болған апа бар еді, сол кісі Абзал екіншіні бітіргенде: «Балаңды қалайда жоғары сыныпқа «секіртуің» керек. Әйтпесе оның сабаққа деген қызығушылығын жоғалтып аласың», – деп кеңес берді.

Кейін Абзалды Алматыдағы №136 гимназияның қазақ сыныбына ауыстырдық. Төртінші сыныпқа барар жылдың жазында бір жылдық бағдарламаны үйде оқып тастадық. Балам 20-тамыз күні: «Мен мынаның бәрін оқып тастадым. Енді осыны тағы да бір жыл бойы оқимын ба?» – деп тұр. 4-сыныпқа барған соң екі аптадан кейін: «Папа, маған мыналарды қайталап оқу қызық емес», – деді. Содан не керек, 5-сыныпқа ауысты. Сынып бағдарламасын желтоқсан айына дейін-ақ оқып бітіріп тастады. Бірақ бір жылда екі рет «секі­руге» рұқсат жоқ болғасын келесі оқу жылына дейін шыдады. Келесі жылы емтихан тапсырып, бірден 7-сыныпқа ауысты. Оны да желтоқсан айы­на дейін оқып тауысып, 8 – 9-сыныптардың есебін шығаратын болды. Екі айдың ішінде химия пәнінің 8-сыныпқа арналған толық курсын оқып бітірді. Тамыз айында 8-сыныптың сабақтарынан емтихан тапсырып, тек «5»-ке шықты. Солай 10 жасында 9-сыныпқа көшті. 9-сыныпты да жаңа жылға дейін оқып тас­тады. Бірақ мемлекеттік емтихан тапсырып, аттестат алатын болғандықтан 9-сыныпта «секіртпеді». 10-сыныпта 10 – 11-сыныптарды қатар игерді. Осылайша, 12 жасында мектепті бітіріп отыр».

ҚБТУ-да, Массачусетс университетінде оқығысы келеді

Абзалдың әкесі Дәуренбек Нысановтың мамандығы – кардиохирург, ал анасы Жазира Доскеева – кардиолог. Вундеркинд бала алдымен ата-анасының жолын қуып, жүректі емдейтін дәрігер болғысы келген екен, алайда соңғы бір жылда ол ойынан айныпты. Енді ол Алматыдағы Қазақ-британ техникалық университетіне, ақпараттық технология мамандығы бойынша оқуға түспекші. Оны бітіргесін АҚШ-қа аттанамын дейді.

«Әлемдегі ең мықты бес универ­ситеттің бірі – Массачусетс универси­тетінде магистратурада оқысам, кейін докторантура бойынша білім алсам деймін. Бітіргесін елге келіп, қызмет етемін. Ға­лым боламын. Нанотехнологияны мең­геремін. Өзімнің жеке компаниям болады», – дейді Абзал.

Абзал – үйінің тұңғышы. Өзінен кейін Сұлтан және Іңкәр есімді іні-қа­рындасы бар. Олар да оқу озаты екен.

Ал көзін ашқаннан кітапты жанына серік еткен Абзалдың біл­мейтіні жоқ көрінеді. Небәрі үшінші сыныпқа барар жылы әке­сіне: «Папа, телефонды төс қалтаға сал­ғанда артқы жағына блокнот салып қойы­ңыз. Әйтпесе одан шығатын электро­магнитті толқын денсаулығыңызға зиян болады. Ал біреу хабарласқанда 5 секунд күтіп, сосын барып құлаққа жақындату керек», – деп ақыл айтыпты. Онысын газеттен оқығанын да жасырмаған.

Абзалдай білімді, ақылды бала тәрбиелеудің сыры неде? Қандай да бір ережесі бар ма? Бұл сұрақтарымызға Абзалдың әкесі былай деп жауап берді: «Қазақта «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» деген қанатты сөз бар. Сол текке айтылмаған. Яғни перзент­тердің тәрбиесіне ана да, әке де жа­уапты. Екеуі бірлесе тәрбиелеуі тиіс. Әсірісе ұлдың тәрбиесімен әкенің айналысқаны дұрыс.

Біз Абзалды оқытудан, білмегенін үйретуден, сұрағына дұрыстап жауап беруден жалықпадық. Кітап­тардың түр-түрін сатып әпердік. Үйірме­лерге қатыстырдық. Бокспен айналысты­, таэквондоға да, гимнастикаға да, жүзуге де бейімдедік. Ағылшын тілінің курсына да оқыттық.

Жалпы, уақыттың басым бөлігін балаға арнау керек. Бала – әкенің айнасы. Өзің қандай болсаң, балаң да ертең сондай болып өседі. Сондықтан кезінде өзің жіберген кемшіліктер мен қателіктерді балаң қайталамас үшін қазірден оның тәрбиесіне күш салу керек. Тәрбиеде ананың да, әкенің де өз орындары бар. Оларды екінші бірі алмастыра алмайды».

Ата-ана қамқорлығына да көп нәрсе байланысты

Абзалдың анасы Жазира Доскеева да жұбайының сөзімен келіседі. Ол кісі дәрігер-ана ретінде балаларының күн­делікті ішетін ас-ауқатын жіті бақылайды екен.

«Баланың сабаққа ынтасы зор болуы үшін алдымен дені сау болуы керек. Сондықтан біз балаларымыздың не ішіп-жейтінін, қай уақытта не істейтінін қадағалап отырамыз. Мәселен, біздің Абзал ерте тұрғанды ұнатады. «Күн шыққанда күліп оянған жақсы» деп таңғы бесте тұрады. Жүгіріп келеді, жаттығу жасайды. Сосын таңғы асқа дейін кітап оқиды. Әлі бала ғой, бірер сағат сыртқа шығып ойнайды, доп тебеді. Келгесін қайтадан сабағын оқиды.

Абзалдан кейінгі перзенттеріміз де мектепте бес жасынан барды. Балалардың ерекше дарыны болса, ынтасы, талабы болса, «миыңа күш түседі» деп ешқашан шектеу қоюға болмайды. Керісін­ше, олардың қабілетінің дами түсуіне ықпал етіп, жетелеу керек.­ Тиімді пайдалана білсе, олар оқуға да, спортқа да, теледидар көруге де, ойынға да уақыт табады», – дейді Жазира ханым.

...Баланың қабілетін ашу, оған бағыт-бағдар беру – ата-ананың міндеті. Осы орайда әр ата-ана Дәуренбек мырза мен Жазира ханымдай болса екен деген тілегіміз бар. Ал Абзалдың асқақ армандары орындалып, еліне еңбегі сіңе берсін дейміз.

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ