Шыбынның аяғымен келетін кесел

31.07.2017
Қаралды: 587

Жаздың аптап ыстық күндерінде түрлі ішек ауруларының да қауіп төндіретіні белгілі. Солардың бірі – тырысқақ.

Тырысқақ – тырысқақ вибрионы  ар­қылы  пайда болатын өте қауіпті жұқпалы ауру, тырысқақ эпидемиясы аз уақыт ішінде кең ау­маққа жайылады. Оның  вибрионы жеміс­тер мен көкөністерде 1 апта, сары майда 26 – 30 күндей сақталады. Ол суыққа өте төзімді. Вибрион күн сәулесі тура түскенде тез өледі. Шыбындардың ішегінде 2 – 5 күндей өмір сүріп, көбейеді, ал оның аяқтарында 2 күн сақталады.

Тырысқақ азық-түлік, тағамдарға шыбын арқылы жұғады. Ас-суға нәжісті су құбырлары бұзылған кезде түседі. Балық, моллюска және шаяндарды жарып, тазалау кезінде де адам өзіне жұқтыруы мүмкін. Кейде ол вибрион тасушы адам әзірлеген тағамдардан (салат, сорпа, сүт тағамдары) жұғады.       

Инфекцияның көзі – ауру адам. Жеңіл ауырған және науқасы бәсеңдеген адамдар­ мен микроб тасушы сау адамдар да қауіпті.

Ауру іш өту мен құсудан басталып, адамды тез әлсіретеді, науқастың іші ауырмай өтеді, нәжісі қи сипатынан айырылып, иіссіз, түссіз сұйыққа айналады. Әуелгі тәулікте дәреттің жиілігі 3 – 10 рет, ал ауыр жағдайда одан да жиілейді. Ауру адам бір тәулікте нәжісі мен құсық арқылы 20 литрдей сұйық жоғалтады. Ішек-қарынның бұ­зылуы аяқ-қол бұлшық еттерінің тартылуына ұласады. Білікті дәрігерлік көмексіз тырыс­қақпен ауырғандардың жазылуы мүмкін емес.

Тырысқақ – өте қауіпті ауру, бірақ жеке бас гигиенасының ережелері сақталса, алдын алуға болады. Вибрион адам ағзасына тек ауыз арқылы өтеді, яғни су мен сүтті қайнатып ішіп, көкөністер мен жемістерді қайнаған сумен жуу керек. Дәретханадан кейін, даладан келген соң қолды міндетті түрде сабындап жуу керек. Пәтерде, үй айналасында тазалық сақтап, дезинфекциялап отыру қажет. Дайын тамақтарды тоңазытқышта шикі тамақтардан бөлек сақтап, ет кесетін тақтай, пышақ сияқты заттарды бөлек ұстау керек.

Егер іш өтіп, құсық пайда болса, онда өз бетінше ем-дом жасамай, тез арада дәрігер жәрдеміне жүгінген жөн.

А. МАНАБАЕВА,

Шымкент қаласындағы Қаратау

ауданы қоғамдық денсаулық

сақтау басқармасының  жетекші маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!