Ақпарат

Сергеевка, Ильинка, Антоновка...

Қаралды: 171

Өз алдымызға ел болып, етек-жеңімізді жинағанымызға да 26 жылдың жүзі болып қалыпты. Құдайға шүкір, осы аралықта еңсеміз біршама көтеріліп, тұрмыс-тіршілігіміз де жақсара түсті. 

Қазақ екенімізді, Қазақстан деген жас мемлекетіміз бар екенін бүкіл әлем жұртшылы­ғы білді. Спорт саласындағы жеткен жетістіктерімізбен де барша дүние жүзіне мәлім болдық.

Мұның бәрі, әрине, жақсы. Дегенмен  қазақ тілі қатты қарыштап өсіп кетті деп нық сеніммен айта аламыз ба? Барлық сала түгел қазақшаланып кетті ме? Міне, осы тұста аздап күмілжіңкіреп қалатынымыз жасырын емес. Өйт­­кені дәл қазір үлкен қалаларда, өндірістік орындарда қазақ пен қазақ өз ана тілінде емес, өзге тілде сөйлесіп жүр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаппай қазақ тіліне деген құштарлық оянып, көптеген ұлт өкілдері балаларын қазақша мектепке, балабақшаға беріп жүрген еді. Бірақ бұл жағымды үрдіс ұзаққа созыла қойған жоқ. Қазақ тілі алдымен қазаққа керек екенін, алайда қаны да, жаны да бір екі қазақтың бір-бірімен өзге тілде сөйлесіп жүргенін көріп, олардың намыссыздығына көздері жеткен өзге ұлт өкілдері дереу балаларын қазақ мектебі мен балабақшадан ала қойып, орыс мектебіне, балабақшасына жібере бастады. Бұл үрдіс, өкінішке орай, күні  бүгінге дейін жалғасып келеді.

Ал еліміздегі үлкен алқалы жиындардың көпшілігі дер­лік мемлекеттік тілде емес, ресми тілде өтіп жатқаны тағы шындық.­

Бұрын Түлкібас ауданында байырғы атаулары бұр­маланып кеткен талай елді мекендер түгелдей қазақшаға көшкен еді. Жданов, Чапаев, Мичурин, Сергеевка, Ильинка, Антоновка, Димитровка, Вознесеновка, Корниловка, Владимировка, Новониколаевка, Горький, Высокое, Куйбышев, «Калинин-1», «Калинин-2» және басқа да атаулар құрдымға кетіп, олардың бәрі қазақша есімдерге ие болған.

Бірақ арада ширек ғасыр өтсе де күні бүгінге дейін Ванновка, Вознесеновка, Корниловка, Высокое, Мичурин, Ильинка, Сергеевка, Жданов атаулары бейнебір отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, ертегі әлеміндегі мәңгі өлмейтін  Кощейдей әлі де өміршең­дігін танытып келеді.

Олардың тарихтан оңайлықпен кетпеуіне жеке көлік­тері­мен адам тасып, өз нәпақаларын жолаушылардан тауып жүрген жеке такси жүргізушілерінің де қосқан «үлестері» бүгінде зор болып тұр. Таксистерге  дәл қазір мемлекеттік тілдің елімізде салтанат құруы онша маңызды емес, олар­ға адам тасып ақша тапса болғаны. Сондықтан да болар, таксистер жол жиектерінде жолаушыларды аңдып: «Чимкент!», «Белые воды!», «Ванновка!», «Бурное!», «Вознесенов­ка!», «Корниловка!» деп өңештері жыртылғанша айқайлап тұрудан жалыққан емес. Егер олар «Шымкент!», «Рысқұлов!»­, «Момыш­ұлы!», «Тастұмсық!», «Жаскешу!», «Шақпақ баба!» десе бейнебір адамдар көліктеріне мінбей қоятындай.

Қазіргі таңда М.Горький, Новониколаевка, Владимировка есімдері көмескі тартып, оның есесіне Ақбиік, Дауан, Жабағылы, Жыланды атауларына құлақ үйреніп, тұрғындар осыған біржолата қалыптасып кетті. Неге бәрі де осындай болмайды?­

Әр елді мекеннің атауын осылайша қазақ тілінде атаудан жасқанбасақ, онда баяғы шұбар есімдердің күлі көкке ұшпай ма? Ұшады, әрине. Ол үшін патриоттық сезіміміздің атайлап тұрғаны қажет-ақ.

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру