Дипломмен жұмысқа тұру бақыты бұйырған

31.07.2017
Қаралды: 554

Қазіргі таңда өз мамандығыңмен жұмысқа тұру өте қиын болып кетті. Амалының жоғынан дипломды сандыққа салып қойып, даяшы, кондуктор, күзетші болып жүргендер аз емес. 

Дегенмен оқу бітіре сала жұ­мысқа кіріп, дипломының жемісін көріп жатқандар да баршылық екен. Жол таппай жүрген жастарға үлгі болсын деп солардың бір-екеуін әңгімеге тартқан едік.

Қазыбек Жақсыбек Шымкенттегі Аймақ­тық әлеуметтік инновациялық университетіне 2012-жылы оқуға түскен екен. Дипломын 2016-жылы қолға ал­ған. Сосын «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламысы бойынша құжаттар тапсырып, жұмысқа тұрыпты.

«Ең алғаш оқушыларға сабақ бергенім  көз алдымнан кетпейді. Қатты қобалжып, қара терге түскен едім. 

Жалпы, менің ұққаным – адам не істеймін десе де тәуекел етуі керек екен. Егер бастаған ісін соңына дейін жеткізіп үйренсе, міндетті түрде жақсы нәтиже болады.

Мектепте жұмыс істеп жүргеніме  бір жылдың көлемі болып қалды. Ұжымдастарым да жақсы, келе сала тез үйреніп кеткенмін. Кілең мықтылардың арасына түскенмін. Соған қатты қуанамын.

Қазіргі таңда шәкірттерім көптеген жүлделі орындарға ие болды. «ЭКСПО» көрмесі қарсаңында желден энергия алу тақырыбында Олимпиада өткен болатын, содан шәкірттерім жүлделі орынмен оралды. Сондай-ақ олар ҰБТ-дан да жоғары балл алды.

Менің жоспарым – шәкіртерімнен ең мықты деген физиктерді дайындау. Қазақстанды әлемге танытатын ғалымдар шығару. Оқушылардың білімін шыңдап облыс, республика көлемінде мектебімнің білімділігін көрсету», – дейді Қазыбек.

Ал Ұлданай Көбеева Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжін заңгер мамандығы бойынша бітірген екен. Қазіргі таңда жеке сот орындаушысының көмекшісі болып жұмыс ат­қарып жүр.

«Менің жұмысқа тұруым еш қиындық туғызған жоқ, – дейді Ұлданай. –Себебі практикада жүргенде барлығын үйреніп алғанмын. Содан қалайда осы жерде қалуым керек деп іштей өз-өзіме мақсат қойдым да, осы жұмысқа кіруге әрекет жасадым. Бастықтарымның айт­қанын екі етпеуге тырыстым. Ұқып­тылығым мен адамдармен тез тіл табысуымның арқасында жұмысқа тұрып кеттім деп ойлаймын.

Басында әрине, қиын болды. Бірінші кезде көп нәрсені білмейтін едім. Кейін білмейтінімді бастығымнан, мамандардан сұрап жүріп үйреніп алдым. Содан жұмысқа өздері алып қалды. Қазіргі кезде жеке сот орындаушысының көмекшісі болып жұмыс істеп жүрмін».

...Екі жас маман осылай дейді. Өз басым олардың жұмыс тауып, еңбек етіп жүргеніне қуандым. Жастарға осындай қам­қорлық болып тұрса, олардың өздері де әрекетін жасап, алға ұмтылса, онда қазіргі кездегідей жүздеген дипломдар сандықтың түбінде шаң басып жатпас еді-ау деп ойладым.

Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!