Ақпарат

Әпкесі жала жауып, жанын жабырқатыпты

Қаралды: 448

Менің бір жақын құрбым әпкесінің үйінде тұратын. Бірақ ол үнемі көңілсіз жүретін еді. Себебін сұрасам, айтпайтын. 

Мен сұрай бергесін бе, әлде сыр ақтарғысы келді ме, өткенде басындағы қиын жай туралы әңгімелеп берді.

 «Осы әпкемнің үйіне келгелі тура тозаққа түскендей болдым, – дейді ол. – Бұрын ол мейірімді, ақкөңіл болатын. Ал қазір мені жек көре ме, әлде тамаққа ортақтасады дей ме, әйтеуір қашанда менен кемшілік іздеп жүреді.

Бір күні достарыммен саяхатқа шығатын болдық. Әпкемнен сұранғанымда ол қарсы болған жоқ, жіберетін болды.

Әпкемнің дүкені бар, сол күні кешке тазалық жұмыстарын  жасауымыз керек болатын. Ал ертең жол жүруіміз керек. Сондықтан мен жолға шығуға дайындалып жатқан едім. Сол кезде әпкем дүкен ішін жинастырсын деп қызынан айтып жіберіпті. Мен бара алмайтынымды, киімдерімді дайындап жатқанымды айттым.

Содан кешкі тамақ ішуге бәріміз отырғанда әпкем: «Дайындалып болдың ба саяхатсымағыңа?!» – деді дөрекі үнмен. Ойымда ештеңе жоқ: «Иә, әпке, таңертең ерте шығып кететін болдық», – дедім.

Сонымен ертеңіне сағат 6.30-да жолға шығып кеттік. Әбден үйде жатып ішім пысып қалыпты. Керемет қыдыру болды. Кешке у-шу болып үйді-үйге тарастық.

Үйге келсем, әпкем ашудан жарылардай болып отыр. «Сен неменеңе жетісіп мәз болып тұрсың?! – деп есіктен кіргеннен маған тиісе бастады. «Не болып қалды?» – деп едім, «Сенің осы сұғанақтығың  бар ма, немене? Қандай адамсың өзі? Менің ақшам мен жүзігімді неге аласың? Кеше дүкенді жиыстыруға неге келмеді десем, мені тонаған екенсің ғой!» – деп аузына келгенін айтып, жездемнің көзінше масқарамды шығарды. «Қай жерден алдың, таңертеңге дейін орнына апарып қой!» – дейді. Алған жоқпын, көрген жоқпын десем, сенбейді. «Орнына қой, әйтпесе әкеңе айтамын!» – деп бөлмесіне кіріп кетті.

Сол күні түнімен ұйықтамай, жылап шықтым. Таңертеңге таяу көзім ілініп кеткен екен, айқай-шудан шошып ояндым. Әпкем  үйді басына көтеріп бала-шағасына ұрсып жатыр: «Гауһар тасты алтыным жоғалды!» – дейді. Оны да менен көрді. «Сенен басқа ешкім алмайды. Ана албасты шешеңнен үйренгенсің ғой!» – деп енді анама тіл тигізді.

Әпкем ауылға барған сайын біресе анама, біресе әкеме тиісіп, оларды ұрыстырып кететін еді. 

Содан не керек, әпкем ауылдан әке-шешемді шақыртты. Не болып қалды екен деп олар да тез жетті алып-ұшып. «Мына қыздарың бұзылып кетті, – деді сонда әпкем. – Бұл күнде үйден ақша ұрлайды. Тәрбиелейін десем, оған көнбейді. Әке, қызың жүгенсіз кеткен, сен жұмыста жүргенде мынау дұрыс тәрбие бермеген», – деп анама тағы да тиісті. Мен істемеген нәрсені үсті-үстіне қосып әбден жала жапты.

Содан әкем қатты ашуға беріліп, маған ауылға қайтасың деді. Бүгін ауылға қайтайын деп жатырмын. Туған әпкемнің осынша жазғырғанына жаным күйіп барады».

...Құрбым осылай дейді. Айтқандарының рас-өтірігін ажырата алмай таңқалдым. Адам өзінің туған бауырына осындай жамандық жасай ма екен? Әлде құрбымның өзі кінәлі болып, жасырған бірдеңесі бар ма? Өз басым оны жамандыққа қимаймын. Ал әпкесінің ісін не деп бағаларымды біле алар емеспін.

Бұл адамдар не болып барады өзі? Бүйте берсек, бәріміз қатыгез болып кететін шығармыз.

Ө. РАУАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру