Ақпарат

5 жасымда тастап кеткен әкеммен татуласқаным дұрыс па?

Қаралды: 957

Осыдан 25 жыл бұрын мені анашымның емес, әкемнің тастап кеткеніне шүкір деймін. Иә, егер мені әкем емес, анам тастапкеткенде қазір қандай күйде жүретінімді елестетудің өзі қорқынышты. 

Құдай мені өлсін деп жаратпаған екен, анам маған әкемнің орнын жоқтатпады. Басынан талай қиын күндер өтсе де, жоқшылықтың, жұмыссыздықтың зардабын шексе де мені қатарымнан кем қылмай өсірді. Екінші рет күйеуге шығу туралы ойдан аулақ болды. Керісінше, «Пешенеме жазылғанды көремін. «Ат айналып қазығын табады» деген сөз бекер емес. Ол келеді, мен сенемін!» – деумен жастық шағын құрбан етті. Бірақ ол келмеді.

Иә, әкем анам екеумізді мен 5 жасқа толған жылы тастап кеткен. Ешқандай ұрыс-керіссіз, айқай-шусыз. Үлкендер жағы оны әлдебір әйелдің айналдырып, дуалап алғанын айтады. Ол рас та шығар, себебі егер басқалай жағдай болса анам оны күтпес еді.

Әкем бізді тастап кеткесін әлгі әйелмен көңіл жарастырыпты. Қазір сол әйелмен және екі баласымен бірге өмір сүреді. Біз бір қалада тұрамыз. Бірақ мүлдем араласпаймыз. Алайда әкемнің анасымен, яғни апаммен, оның барлық бауырларымен анам екеуміздің қарым-қатынасымыз өте жақсы. Той-жиындарына барып тұрамыз. Бір қызығы, ондай жерге әкем мүлдем келмейді. Тек ағайын арасынан әлдекім өмірден өткенде жаназаға ғана келіп, төбе көрсетіп кетеді.

...Бала күнімнен әкеме деген өкпем қара қазандай болды. Оның опасыздық жасағанын өмір бойы кешірмеймін деп ойлайтынмын. Бірақ мен де бойжеттім. Тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болдым. Өмір біз қалағандай болмайтынын, жазмыштан озмыш жоқ екенін түсіндім. Түсіндім де, әкеммен табыспаққа ниеттендім. Оған қоңырау шалып, менің жақсы адам болып өскенімді, немерелері барын, тәуір қызметке орналасқанымды, өзіне еш өкпелемейтінімді, қаласа немерелерін көріп тұра алатынын айтқым келген. Бірақ ол тұтқаны көтермеді. Хабарлама жаздым. Жауап бермеді. Апама, яғни шешесіне: «Арада пәленбай жыл өтті. Өткенді еске түсіріп екі жақтың да жүрегін жаралағым келмейді. Бәрі сол баяғы қалпында қала берсін», – депті. Қысқасы, менімен араласқысы келмейтінін білдірген. Оны естігесін бұрынғы өкпем өршелене түскендей.

Әрине, мен әкеме хабарласқанымды, онымен татуласқым келгенін анама айтпадым. Соншама жыл бағып-қаққан анама сатқындық жасағандай болмайын, көңілін қалдырмайын дедім. Алайда кешегі аптада ол кісі маған: «Қызым, көптен бері мені бір ой мазалап жүр. Сені әкеңмен табыстырсам деймін. Қанша жыл өмір сүрерімізді кім білсін, ерте ме, кеш пе, әжең өмірден өтеді. Қаралы жиынға сен де, әкең де барасыңдар. Сондайда қалай амандасасың, қалай көрісесің, мені осы жағы қинайды. Қоян-қолтық араласып кетпесең де әлгіндей жиындарда амандық-саулық сұрасып тұрғандарың дұрыс па деп отырмын. Тек соның ретін таба алар емеспін. Екеуіңді қалай табыстырсам екен?..» – деп ойын айтты.

Енді мен не істерімді білмей отырмын. Жұрттан кеңес сұрағым келеді. Тағы бір қадам жасап, әкеммен хабарлас­қаным дұрыс па, әлде анама оған өкпелі екенімді, мүлдем араласқым келмейтінін ашып айтайын ба? Өтініш, ой бөліссеңіздер екен...

Бибігүл.

Тараз қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру