Әкімнің өзі де шегірткемен күреске шығыпты

21.06.2016
Қаралды: 1349

Жылда жаз айларында Оңтүстікте шегірткеге қатысты қиындық туындайтыны белгілі. Дегенмен биыл бұрынғы жылдарға қарағанда өзгеше болып тұр. Аса қауіпті деп саналатын марокколық шегіртке шардаралық және сарыағаштық талай кәсіпкердің шаруасын шайқалтып, алатын өнімін бүлдіргені телеарналарда көрсетілді. Облыс әкімі бұл мәселеге қатысты жиын өткізіп, Шардара ауданы әкімінің орынбасарына ескерту берсе, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасарын қызметтен алды.

Мұның барлығы тегін болмаса керек. Сондықтан басқа аудандар да қарап отырмастан жұмыстарын жандандыру үстінде. Ал Арыс қаласында атқарылып жатқан игі істер туралы қала әкімінің баспасөз хатшысы Шара Нұртазаева былай дейді:

«Арыс қаласы бойынша зиянкес шегірткелерге қарсы іс-шаралар қызу жүруде. Қазіргі таңда жергілікті саяқ шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 8 жерүсті техникасы және 1 газогенератор аппаратымен 5,5 мың гектар аумаққа жүргізілді. Жұмысты ұйымдастыруға 20 қызметкер атсалысты.

Аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы 10 дана жерүсті агрегаты және 1 жеңіл ұшақ 17,1 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жасады. «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемілік орталығының» мамандары Марокко шегірткесіне қарсы 170  мың гектар алқапқа мониторингтік анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осының арқасында біздің  шаруалар шегірткеден қиналмайтын болды».

Бұдан кейін телефон арқылы хабарласқанымызда егіс алқабында шегірткеге қарсы дәрілеу жұмыстарын қала әкімі Сейіт Ертайдың өзі басқарып жүргені белгілі болды.

«Мамандардан артылатын тірлік жоқ, өздері барлығын жасап жатыр, – деді қала әкімі. – Дегенмен жұмыстың қалай жүргізілгенін көзбен көріп бақылаған да дұрыс. Жұмыс өз деңгейінде жүргізілді деп айта аламыз».

Әкімдері қасында жүрген соң арыстық мамандар да жұмысты жақсы атқарған секілді. Ең бастысы, шаруа қиналмай, бір жылғы еңбегінің жемісін көрсе болғаны да.

 

М. ҰЛЫҚБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ