Ақпарат

9 жастағы өнерлі қыз

Қаралды: 156

Таяуда базар маңынан өтіп бара жатып тоқыма гүлдерін сатып тұрған әйелге көзім түсті. Олардың бағасы – 2 мың теңгеден. Біз сатушыны сөзге тарттық.

Бұл кісінің аты – жөні Зәмира Османова екен. «Негізі бұл тоқыманы мен тоқымаймын, – дейді ол. – 9 жаста қызым бар, сол тоқып береді. Мен  мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Қазір «отпуск» болғандықтан қолым боста осы заттарды базарға шығарып сатып жүрмін.

  Қызым Нигора Атаниязова 4-сыныпқа өтті. Өзі пысық, қолының епсегі бар. Қазір менен жақсы тоқиды. Менің үй шаруасынан, жұмысымнан тоқуға қолым тимейді. Қызым тоқып береді, мен әкеліп сатамын. Аллаға шүкір, әжептеуір ақша болады екен. Нигорам өзінің мектеп киімінің ақшасын тауып жатыр.

 Бұл тоқымадан бөлек, кішкентай қыздарға басқа киетін шляпа, жакет, шәйнектің астына қоятын зат тоқи береді. Оған тапсырыс берушілер де көп. «Қызымның жасауына қосайын деп жатыр едім», «Шәйнектің астына қоятын зат тоқып беріңізші» деп көп тапсырыс келеді. Оның біреуін 150 теңгеге тоқып береміз. Одан бөлек, дастархан бетіне төсейтін, алаша тапсырыстарын қабылдаймыз.

  Қызым тоқыманы жаңадан үйренгенде мынадай қызық жағдай болған. Бір күні жұмыстан келсем, Нигора жылап отыр. Не болып қалды десем, тоқыған гүлімді сөккен екен, қайта тоқи алмай қалыпты. «Тура сондай гүл тоқуды үйренгім келді», – деп жылап тұр. Қызымның осындай өнерге қызығып, әрекеттенгеніне қуанып кеттім. Содан бері мынаны былай тоқисың деп үйрететін болдым. Тез үйреніп кетті. Қазір маған үйретіп отырады».

 З.Османова осы тоқыма шаруашылығын үлкейтсем, бір кішігірім цех ашсам деп жоспарлап отыр екен. Ол  қызы Нигорадан мықты шебер шығатынына сенімді.

Р. ШАЛҒЫНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру