Ақпарат

Қазақстан азаматы Қытайда сотталған әкесіне араша түсуді сұрайды

Қаралды: 912

Соңғы кездері Қытайда жергілікті қазақ ұлты өкілдеріне қысым көрсетіліп жатқаны туралы жиі айтылып жүр. 

Кешегі аптада тағы бір осындай хабар жарияланды. Қазақстандық азамат ғаламтор арқылы Қытайда әкесінің жазықсыздан он жылға сотталғаны туралы айтып, оны құтқару үшін көмек сұрайды. Ол былай дейді:

«Қазақстан Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен еліміздің Сыртқы істер министрлігінен, Қазақстандағы барлық қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінен Қытайда жазықсыз он жылға сотталған әкеме араша болуды сұраймын.

Мен, Жұмадан Жарқынбекұлы – Қазақстан азаматымын, жасым биыл 30-да. Менің әкем Жарқынбек Қасымбайұлы – Қытай азаматы, жасы биыл 56-да. Зиялы қауым өкілі, пенсионер.

Биылғы 18-маусым күні Шыңжаңның Бурадала қаласындағы қоғамдық қауіпсіздік мекемесі әкемді тұтқындап, 28-шілдеде 10 жылға жазықсыз соттап жіберді.

Әкеме артқан кінәсі – менің, Жұмадан Жарқынбекұлы мен інім Айтуған Жарқынбекұлы екеуміздің Қазақстан азаматтығын қабылдағанымыз себепті. Шын мәнінде біз інім екеуміз Қазақстан азаматтығын өз еркімізбен қабылдаған едік. Ол ешқандай да халықаралық заңға қайшы емес. Ал олардың әкемді жазықсыздан он жылға соттауы халықаралық заңға қайшы келіп отыр.

Сондықтан мен Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінен және Қазақстандағы барлық қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінен Қытайда жазықсыз он жылға сотталған әкеме араша болуын тағы да өтініп сұраймын».

...Міне, бұл азамат осылай деп шырылдайды. Ал оның әкесі расында да жазықсыз болса, оны Қытай жағы балалары Қазақстан азаматтығын алғаны үшін ғана қауіпті қылмыскер сияқты жазалап, соттаған болса, Қазақстан мемлекеті халықаралық заң шеңберінде әрекет етіп, оған араша түсе алады деп ойлаймыз. Ал бұл жайында ести тұра естімеген сыңай танытсақ, қандасымыздың тағдырына көз жұма қарасақ, онда біздің елдігіміз қайсы?

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру