Ақпарат

Халтмагийн байларды қалтыратайын деді

Қаралды: 123

Монғолияның жаңадан сайланған Президенті Халтмагийн Баттулга өзінің тың бастамаларымен көзге түсуді жалғастыруда. 

Өткенде Президент резиденциясында тұрудан бас тартып, жұмысына жаяу қатынайтынын мәлімдеген ол кісі енді елдегі кейбір алпауыт байлардан шетелдік шоттағы қаржыларын офшор аймағынан Монғолияның орталық банкіне аударуын талап етті. Бұл талапты орындауға  1 айдан сәл асатын уақытқа, яғни 49 тәулікке мұрсат берді.

Монғол Президенті заңсыз ақша айналымына қатысы анық күдікті мемлекеттік қызметшілер, саясаткерлер және олармен байланыстағы адамдар барын айтты, егер талапты орындамаса, олар туралы жариялануы мүмкін екенін, заң алдында жауапқа тартылатынын ескертті.

...Офшор деген – бизнес жүргізуде ерекше мүмкіндіктер беретін мемлекет немесе қандай да бір аумақ. Онда, мысалы, салық аз салынады, тіпті салынбауы да мүмкін, бизнесті басқару, есеп беру мәселелерінде де жеңілдіктер көп. Сондай-ақ бизнестің негізгі иесінің өз аты-жөнін құпия ұстауына да мүмкіндік жасайды.

Міне, осындай жеңілдіктер офшорларда мемлекеттік деңгейде ұрлық жасайтындардың әрекет жасауына және басқа да алаяқтық іс-шаралардың көбеюіне жол ашады.

Монғол арнайы қызметінің мәліметінше, бүгінде бұл елдің 49 азаматының офшорларда заңсыз мүлкі бар екен. Оларға соны қайтаруға 49 күн уақыт беріліп отыр.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру