Отырардағы жаңа емхананың жағдайы жақсы емес

20.06.2016
Қаралды: 1469

Осыдан екі ай бұрын жаңа емханаға көшкенде отырарлық дәрігерлермен тұрғындардың қуанышында шек болмаған шығар. Тіпті олар өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілуі тиіс құрылыс нысанындағы жұмыстың кешеуілдегеніне де назар аудармады. Бірақ өткен аптада емхананың екінші қабатындағы дәліздің төбесі опырылып түскенде көпшіліктің көңіліне кірбің ұялай бастады. Тіпті кейбіреулерінде жауапты болып қалмасақ жарар еді деген күдік те пайда бола бастағандай.

Редакцияға хабарласқан азаматтардың бірі: «Жаңа емхананың төбесі құлағаны ештеңе емес, қабырғалары жарылып тұр. Біздің шенеуніктерге Қарағандыда құлап қалған «Бесоба» тұрғын үй кешені мен Алматыдағы пайдалануға былтыр беріліп, биыл апаттық жағдайда деп танылған үйдің тағдыры әсер етпеген секілді. Емхананың бір айда төбесі түссе, үш айдан кейін шатыры желге ұшып кетпесіне кім кепіл? Бәлкім одан кейін іргетасы сетінеп, қабырғалары қақ айырылатын шығар? Сенбесеңіздер, өздеріңіз келіп көріңіздер», – деген соң кешегі сенбіде аталмыш ауданға бардық.

Құлаған жерді жұма күні түнде қайта жөндеп қойыпты, бірақ басқа олқылық жоқ дей алмайсың. Емхананың артында қосымша екі ғимарат тұр. Оның бірінде қабырғаға жаққан бояулар түсіп жатыр. Біздің қасымызда жүрген Мұхит есімді азамат: «Әр қабаттың арасындағы жарықтарды қара», – деген жаққа назар салсақ, расында қабырғаларға сызат түскені байқалды. Емхананы аралап жүргенде ол жерге аудан әкімі Ерлан Айтахановтың келгені де белгілі болды. Сондықтан біз ол кісіге жолығып, ғимараттың құрылыс жұмысына көңіліңіз тола ма деген сұрақ қойдық.

«Пайдалану мерзімі өтіп, бұл өзі «сақалды құрылысқа» айналып кетті, – деді Ерлан Қуанышұлы. – Рас, бұл жерде кемшілік жоқ емес. Тіпті жобалаудың өзінде қателіктер бар. Оның себебін анықтау үшін көп жұмыс жасалды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдыға шықтық. Мердігер компания басшыларын шақырттық. Олар кемшіліктерді бір рет жөндеп берді. Керемет болмағанымен, көп мәселе шешімін тапты. Ал мердігер компания кінәсіз деп танылып отыр».

Бір ауысымда 250 адам қабылдауға мүмкіндігі бар бұл емхана толық жұмыс істесе, тұрғындарға Шымкентке шапқылаудың қажеттілігі бола қоймайтыны анық. Бірақ бүгінде сенімге қарағанда күдік басым болып тұрған сыңайлы. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы бұл емхананың қашан ресми ашылғанын білмейді. Демек, ол әлі ашылмаған. Тек сөз көбеймес үшін дәрігерлер көшіп алған секілді.

Бұдан кейін отырарлықтардың бір айда жаңа ғимараттың төбесі құласа, одан кейін іргетасы сетінеп, қабырғасы қақ айырылмасына кім кепіл деген сұрағын біз құрылысқа жауапты «КОНСО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Бахадүр Сүленовке қойдық.

«Жобада төбе жоқ, тек бетонды тегістеп қоюымыз керек еді, – деді ол кісі. – Бірақ емхананың бұрынғы басшысы өтініш айтқан соң «потолок» жасадық. Әрине, ол Қытайдың материалы, ауыр салмақты көтермейді. Бұл жөнінде ескерткенбіз. Бірақ олар соны тыңдамады. Соған қарамастан жөндедік.

Біздің бес жылдық кепілдігіміз бар. Оған дейін бұзылған, құлаған жердің барлығын қайта қалпына келтіріп, жұмыстың сапалылығына кепілдік береміз. Оның сызбасын жобалау институты жасаған. Біз жобадан ауытқығанымыз жоқ. Жұмыс барысын техникалық және авторлық қадағалаушылар бақылап отырды. 

Жұмыстың сапасы жақсы, ешқандай қауіптің жоқтығына кепілдік бар. Оған күмәнданғандар тәуелсіз сарапшы шақырсын, тексертсін. Біз өзімізге сенімдіміз.

Биыл қыста қабылдамай қойды. Жылу болмағандықтан артындағы ғимараттың бояулары түсіп жатыр. Оны да бастапқы қалпына келтіреміз. Жылы болуы үшін сырты арнайы материалмен қапталған, қабырғадағы сызаттар содан шыққан болуы керек».

Осылайша екі жақ та өздерінікін дұрыс санады. Қысқасы, әркім өзінікін дұрыс деп отырғанда Қарағанды мен Алматыдағы жағдай қайталанып, жаңа ғимарат қирап түспесе болғаны да.

Ә. НАУАЙЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ