Ақпарат

Бетті күн көзінен қалай қорғау керек?

Қаралды: 688

Жазда кей қыздардың беті үнемі май болып жүреді. Терісінің майлылығынан бетіне әрқандай нәрсе шығады.

Ал кейбіреулердің беті, керісінше, құрғақ. Нұры жоқ. Қуарып, қашан көрсең сабағы семген шөптей боп тұрады. Осының сыры неде? Жалпы, бет терісіне қалай күтім жасау керек? Осы және басқа да сұрақтарды біз косметолог Айжан Сағатқызына қойдық.

– Айжан ханым, адамның терісі жас ерекшелігіне байланысты қаншаға бөлінеді және әр жаста бетті қалай күткен дұрыс?

– Туылғаннан бастап теріде түрлі процесс жүреді. 13 – 15 жастағы өтпелі кезеңде жасөспірімдердің терісі ағзадағы гормондық өзгеріске байланысты өзгереді. Бұл жаста безеу мен бөртпенің шығатыны содан. Ал 25 жастан бастап теріде қартаюдың алғашқы белгілері білінеді. Көз айналасында ұсақ әжімдер пайда болады. 35, 45, 55 жаста терінің қартаюы басталады. Беттегі нұр азайып, әжім түседі.

Терінің қартайып, өң-түсін жоғалтуы немесе жоғалтпай, жас көрінуі генге байланысты. Кейбір адамдардың қолы мен беті, мойынының терісі кәрі қойдың шап терісі немесе тауықтың аяқ терісі сияқты болып кетеді. Ол терінің күнге, желге, суыққа төзімсіз болғандығынан. Біз үстімізге киім киеміз ғой. Ал бет пен мойынның, қолдың қорғаныс «киімі» – крем. Сондықтан кремді дұрыс таңдай білу керек. Жазда күннен қорғайтын, қыста суықтан қорғайтын крем жағып жүру қажет. Бетті күту үшін пәленбай мың тұратын қымбат крем жағу шарт емес. Ең бастысы, крем неден жасалды, құрамында химиялық қоспа жоқ па, сенің теріңе жағады ма, жақпайды ма, осыны білген абзал.

– Өтпелі кезеңде безеу шығуы қалыпты құбылыс дегенімізбен, одан өткеннен кейін де безеуден құтыла алмай жүретіндер болады. Безеуді қалай кетіреміз, безеу шықпас үшін не істеген жөн?

– Безеу де жасқа байланысты шығады. Ең алғаш 13 жаста білінеді. Кейбіреулерде 18 бен 25 жаста да безеу болады. Безеу май клеткасы көп бетте болады. Медициналық тұрғыдан айтқанда, безеу май бездері көбейгендіктен, бауырдың не көкбауырдың жұмысы бұзылғанда шығады. Бетіне безеу көп шығатындар жұмырт­қадан, қуырылған тамақтардан, майонезден, тәтті тағамдардан шектелгені дұрыс. Безеуі бар бетті күніне 4 мезгіл жуып тұруға тырысу керек. Беттің таза болуы 85 пайыз дұрыс тамақтануға байланысты. Сонымен қоса ұйқының дұрыс болмауы да бетке әсер етеді.

– Жазда бетті күн көзінен қалай қорғауға болады?

– Жазда күн көзінен қорғайтын «SPF 15», «SPF 20», «SPF 25» нөмірлі кремдерді міндетті түрде жағып жүру қажет. Оны әрбір екі сағатта жуып тастап, қайта жағып тұру керек. Өйткені күн нұры теріні қартайтып, тотықтырып жібереді. Екіншіден, дақ түсіреді. Ал қыста суықтан қорғау үшін құрамында белогы бар, майлы кремдер жаққан жөн.

– Бетті сабынмен жумау керек, сабын бетті қартайтады дегенді естіп жатамыз. Осы рас па?

– Ол рас. Майлы теріні сабынмен жуып, бетті құрғатуға тырысу керек. Ал проблемалы тері мен құрғақ теріге сабын қолдануға болмайды. Сабын бетке әжім түсуін тездетеді. Проблемалы, құрғақ терілерге дымқылдық беретін сұйық сабындар пайдаланған абзал. Қазір заман дамыды ғой. Бетке арналған әртүрлі сұйық сабын, гель, көбік, скраб, сүт дегендер шықты. Бірақ оларды қолданғанда көз айналасына тигізбеу қажет. Көз айналасын арнайы лосьонмен сүртеді.

– Бетке әжім түсуінің алдын қалай аламыз сонда?

– Негізі әжім бетті көп опалағаннан да түседі. Бетіне сағат сайын опа жағатын қыздар бар. Ол дұрыс емес. Ерте әжім түсуі генге де байланысты. Бетті қартайтпайтын гимнастикамен айналысқан жөн. Яғни аптасына бір рет қара терге түскенше билеу, бассейнге түсу, жұмасына бір рет моншаға барып, денені буға ұстап, тері клеткаларын ашу. Бетті булау микроскоппен әрең көруге болатын терідегі ұсақ тесіктерді ашады. Екіншіден, терінің дымқылдығын арттырады. Моншада бетті булаған соң міндетті түрде суық сумен шайған абзал. Кешке бір мезгіл минералды су шашып отырса, бетті дымқылдандырады. Сондай-ақ минералды суға лимонның суы мен сүт қосып бетке шашып, одан шапалақтау әдісімен массаж жасаған пайдалы. Күнделікті жатар мезгілде минералды су шашып немесе бетті жуып жатқан дұрыс. Теріңіз жас көрінсін десеңіз, кешке қарай майлы тамақ жеуді азайтыңыз. Өте қызыл, ащы шай да ажарыңызды бұзады. Тәттіден де өзін шектегені дұрыс. Бетім таза болсын десеңіз, күніне 2 литрге жуық су ішіңіз. Күнделікті ас құрамында судың мөлшері көп болсын.

– Бетке күндіз де, жатар мезгілде де крем жағып жатамыз. Бұл дұрыс па, әлде тері түнде бір уақыт демалуы керек пе?

– Кез келген крем терідегі ұсақ тесіктерді жауып тастайды. Түнде негізінен бетке ештеңе жақпай, демалдыру керек. Бірақ құрғақ теріге крем түнгі мезгілде де міндетті түрде қажет. Мұндайда аптасына бір уақыт бетті түнде демалдырса болады. Құрғақ теріге банан мен балды жұмыртқаның сарысымен араластырып жақса пайдалы. Бұл масканы күнделікті істесе де артықтық етпейді. Тәтті қауынның қабығымен сүрту беттің құрғақтығын жояды. Майлы теріге лимон мен жұмыртқаның ағын жағып, қиярдың қабығымен сүртсе болады.

Бойжеткендер бетіне күтім жасайды да, мойны мен қолына мүлде қарамайды. Қарасаң, беті мен мойнының өңі екі түрлі. Ол дұрыс емес. Крем жағып, маска жасағанда мойын мен қолды да ұмытпау керек. Кешке мойынға крем жағып, мойынды 10 минут төменнен жоғары, жоғарыдан төмен ысқылап массаж жасаған пайдалы. Сонда мойын терісі өңін жоғалтпайды.

– Қазір бойжеткендердің көбі бетін ай сайын салонға барып тазартып жатады. Ал енді біреулер бетімді тазалатсам, химиялық заттармен бүлдіріп, зиян келтіріп аламын ба деп қорқады. Салонға барып бетті тазалатқан қаншалықты орынды?

– Бетті тазаласа бет терісі бүлінеді дегенге дәрігер-косметолог ретінде келіспеймін. Салонға келіп бетін өмірі тазалатып көрмеген қыз бен бетін үнемі тазалатып тұратын бойжеткеннің бетінде едәуір айырмашылық болады. Бүгінде медицина да, косметология да дамыды. Химиялық заттармен бетімді күйдіреді дейтін қорқыныш жоқ. Қазір салондардың бәрі бетті шөптерден жасалған косметика арқылы тазалайды. Ол беттің қан айналымын жақсартады. Екіншіден, микрос­коппен ғана көруге болатын тері тініндегі қажетсіз заттарды алады. Одан бет жалтырап, сергек күйге енеді.

Дегенмен кейде қыздардың қорқатынындай-ақ бар. Кейбір салондарда беттегі дақ пен безеуді пилингпен күйдіріп, адамның бір қабат терісін сылып түсіреді. Бұл – зиян. Күйдіргеннен кейін адамның беті таза, әдемі болып жүреді. Ал бір айдан кейін дақ пен безеу қайта шығып, тіпті көбейіп кетеді. Әрі безеу мен дақты алдырып тастаймын деу де бос әурешілік. Ол үшін ішкі органдарды емдеп, дұрыс тамақтануды жолға қоя білу керек.

Сұхбаттасқан – С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру