Ақпарат

400 миллион теңгеден астам қазына қаржысы тиімсіз жұмсалған

Қаралды: 568

Оңтүстік Қазақстан облысында «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» мемлекеттік  бағдарламасының іске асырылуында кемшілік көп. 

Кейбір аудандарда бағдарламаны әзірлеу, қабылдау жөніндегі әдістемелер басшылыққа алынбаған. Ал Қазығұрт ауданында  бағдарламаның индикаторына жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар белгіленбеген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен алқа отырысында Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы 1-ші басқармасының басшысы Рүстем Дүйсенбаев мәлім етті.

Белгілі болғанындай, 2013 – 2014-жылдары бюджеттің 79 миллион теңгесіне тұрғызылған ірі қара малды қолдан ұрықтандыруға арналған 38  пункт әлі күнге дейін пайдаланылмаған. Тексеру барысында 200 мыңнан астам заң бұзушылық, оның ішінде 3,5 мыңы кәсіпкерліктің дамуына кері әсер ететін әкімшілік кедергі тіркелген. Сонымен қатар 400 миллион теңгеден астам бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғаны әшкереленген.

Салық өндіру ісінде де кемшіліктерге жол берілген. Бұл туралы Рүстем Дүйсенбаев: «Прокурорлар ауыл шаруашылығын субсидиялауға қатысты 1,7 миллиард теңгенің заң бұзушылығын анықтады. Қазір 26 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – деді.

Қазығұрт ауданында шаруаларға несие беру ісінде де заң бұзушылыққа жол берілген. «Ырыс» микроқаржы ұйымының аудандық өкілі 2016-жылдың желтоқсанында түскен 50-ден астам кәсіпкердің өтінімін бүгінге дейін қарамаған. Осы ұйымнан  595 миллион теңге несие алған 218 азаматтың 118-і  283 миллион теңгені тиімсіз жаратқан.

Сондай-ақ несие қаржысына 354 бас мал алған 54 адам мал иесі ретінде мемлекеттік дерек қорына тіркелмеген. Тексеру барысында олардың ветеринарлардың жалған анықтамаларын пайдаланып, несиені заңсыз иеленгені анықталған.

«Соңғы үш жылда ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қомақты субсидия бөлінгенімен, ауыл шаруашылығы саласының өнімділігі көбеймеген. Өсімдік бағытын субсидиялауға 2 миллиард  теңгеден астам қаржы қарастырылған, ал егу алқабы 3831,4 гектарға қысқарып қалған. Мұның себеп-салдары зерделенбеген», – деді­ облыстық прокуратураның 1-ші басқармасының бастығы.

Шаруаларға субсидия бөлу барысында да түрлі былықтардың беті ашылыпты. Прокурорлардың мәлімде­уінше, 619 кәсіпкерден артық құжат сұратылса, құжаты дұрыс рәсімделмеген 151 кәсіпкерге 139,1 миллион теңге субсидия заңсыз берілген. Ал құжаты дұрыс рәсімделген 3 өтінім иесінің өтініші қанағаттандырылмаған.

Осындай кемшіліктердің орын алғанын мойындаған Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев бір ай ішінде барлық кемшілікті жоюға уәде берді.

Бас қосу барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев  дәл осындай кешенді прокурорлық тексерулердің өзге аудандарда да жалғасатынын айтты. «Жасыратыны жоқ, өңірде жұмыссыздықпен күрес, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, салық түсімін молайту, туризмді дамыту, өңірге инвестиция салу, шаруаларға субсидия бөлу және ауыл шаруашылығы кешенін дамыту  мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Алайда кейбір аудандарда бұл жұмыс қожырап, аудан әкімдері бейберекетсіздікке жол беріп отыр. Алдағы уақытта барлық аудан, қала әкімдерінің жұ­мысы жіті қадағалауда болады», – деді облыс әкімі.

Ақжол ҚАРАСПАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру