Ақпарат

Тау шыңына шығаратын Ержігіт

Қаралды: 1020

Жаз кезінде күн ұзақ, көп тірліктерді бітіріп алуға болады. Сондай-ақ қазір табиғат аясына шығып демалуға да қолайлы уақыт. 

Осы орайда қажет еткендерге өз қызметін ұсынып, қызықты демалыс ұйымдастырып жүргендер бар. Шымкенттік Ержігіт Жұмаділ – осындай азаматтардың бірі. Ол ниет еткен жандарды  зияратқа және тауға саяхатқа апарып жүр. Кешегі күні біз Ержігіттің өзімен сұхбаттас болдық.

– Ереке, зияратқа, тау ішіне саяхат­қа шығатындарды ол жақтарға немен апарасыздар? Қанша күнге? Баратындар қанша адам болуы керек?

– Адамдарды шағын автобуспен, үлкен автобуспен апарамыз. Зияратқа бір күн уақыт кетеді. Таңертең сағат 8.00-де қа­ладан шығып кетеміз, кешкі 20.00 шамасында қайтып ораламыз. Кейде одан ерте қайтуымыз да мүмкін.

Сайрамдағы, Түркістан мен Отырардағы әулиелі жерлерге апарамыз, көне Отырардың, Яссының орындарын көр­сетеміз, «Үкаша атаға» апарамыз. Облысымыздың басқа аудандарындағы әу­лиелі жерлерді де аралатамыз.

Ал тауға екі күнге барамыз, яғни онда бір түн қонамыз. Баратындар кем дегенде 15 адам болуы керек. 20-дан асса, тіпті жақсы. Ал көліктер «Шымкент» мейрамханасының алдынан жүреді.

– Қызмет ақыларыңыз қандай?

– Әртүрлі. Мысалы, Сайрамнан бастап, Отырар, Түркістан жақты зияраттап қайту ақысы 5 мың теңге тұрады. Ал Қа­зығұрт тауы, Ақбура, «Ғайып Ерен – Қырық Шілтен әулие» жақтарға апару ақысы – 3 мың теңге. «Домалақ ана», «Ақмешіт әулие» жаққа апару ақысы да 3 мың теңге. Ал тауға апару ақысы – 10 мың теңге.

– 10 мың теңге ақыға қандай қызметтер көрсетіледі? Әлде бұл тек апарып келудің ғана ақысы ма?

– Апарып қайту ақысымен қоса көр­сетілетін біраз қызмет ақысы осыған кіреді. Мысалы, парк аумағына кіру ақы­сы, тау ішінде құрылатын шатыр, «спальный мешок», тауға шыққанда ұстайтын арнайы таяқ, гид қызметі деген сияқты. Екі мезгіл ыстық тамақ, емдік шөптерден­ жасалған шай, дарбыз беріледі. Дегенмен саяхатқа шығушылар өздерімен «сухой паек» әкеліп те жүр. Өйткені тау ішінде саяхаттау кезінде қуат көп жұмсалады, таза ауада адамның тамаққа тәбеті де артатыны белгілі ғой.

Ал саяхат естен кетпестей қызықты болады. Тауға шыққандардың әрқайсысына арнайы шағын фотосессия жасап, флэшкаға салып береміз, суреттерді «уатсабына» да жібереміз.

– Балаларды да апаруға болады деп естідік. Оларға ақы алына ма?

– Иә. 7 жасқа дейінгілерге – 7 мың теңге, 15 жасқа дейінгілерге 8 мың теңге төленеді.

– Яғни тауға саяхаттауға балалар да барып жатыр ма? Жасы ұлғайған кісілер ше? Қауіпсіздік жағы ойластырылған ба?

– Әр түрлі жастағылар барады. Мысалы, кешегі тауға апарған апарған адамдарымның ішінде балалар, жасы ұлғайған адамдар болды. Ең кішісі 9 жаста, ең үлкені 68 жаста болды.

Жалпы, тау ішінде мен жалғыз өзім болмаймын. Жанымда көмекшілерім бар. Тау ішінде саяхаттағанда жол көрсе­тушілер сапарлас болады, қауіпсіз жерлермен жүргізеді. Ол жақтар «Сайрам – Өгем» ұлттық  табиғи бағы аумағына кі­реді, сондықтан жанымызда еріп жүретін қызметкерлер болады.

– Зиярат бағыттары жалпы жұртқа белгілі, ал тауға шыққандарды қай тұстарға дейін апарасыздар?

– Қазір Батыс Тянь-Шань ішіне, Сайрамсу шатқалына, Аюлар шатқалына, Жабайы альпинистер, Қарақат, Қырғилы шатқалдарына, тау ішіндегі теңіз деңгейінен 2360 және 2780 метр биіктегі көлдерге, теңіз деңгейінен 2800 метр биікте жатқан, ежелгі адамдар салған таңбалы тастар (петроглифтер) бар «Бабалар аңғарына», Доңызтаудағы сарқырамаға, тағы да басқа табиғаты сұлу жерлерге апарып жүрміз.

– Тауға шығуға тілек білдірушілер көп пе?

– Қызығушылар аз емес. Оңтүстік өңірін былай қойғанда, мысалы, сапарымызға Қызылордадан, Алматы мен Астанадан, Петропавлдан келіп қатыс­қандар болды. Олармен әлеуметтік желілер арқылы хабарласып отырдық.

– Қазір күн ұзақ, жаздың кезі бол­ғандықтан табиғаты сұлу аумақтарға барып демалуды қалайтындар аз болмайтын сияқты. Жалпы, тауға шыққысы келетіндерге қандай нәрселер жөнінде ескерткен болар едіңіз?

– Тау ішінде саяхаттау – жанға рахат сыйлайтын демалыс түрі. Біз өзіміз тілек білдірушілердің бәрінен тапсырыс қабылдауға әзірміз. Есептеп келгенде біздің қызмет ақымыз да аса қымбат емес. Есесіне барған адам кереметтей әсер алып қайтады. Тек өзінің денсаулық жайына мән беруі керек. Өйткені тау ішінде жоғарыға қарай өрлеп бірнеше шақырымға дейін жаяу жүретін кездер болады. Мысалы, біз өткен 15 – 16-шілдеде тауға 34 адамды алып шыққанбыз. Солардың 18-і 2360 метр биіктегі төменгі көлге қиналмай жетті. Қалған 16-сы жоғарғы көлге дейін барып қайтты. Бұл оңай шаруа емес, әрине, бірақ есесіне сұлу көлге жеткеніңнің өзіне бір рахаттанып, ләззат аласың.

Тағы бір айтарым, тау ішіне саяхаттағысы келгендер біршама жылы киім­дерін алып шыққаны дұрыс. Өйткені тау­да ауа салқын болады, кейде бірден суып кетуі де мүмкін.

– Өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз. Қай жақтансыз, жасыңыз қаншада? Мамандығыңыз туризмге  қа­тыс­ты болар деп ойлаймыз. Тауға шығатын болғасын альпинизмнен де хабарыңыз бар шығар?

– Мен Шымкент қаласында туып-өскенмін, жасым қазір 32-де. Мамандығым бойынша қаржыгермін. Осыған дейін жеке кәсіппен айналысқанмын. Тау ту­ризмімен 3 жылдан бері шұғылданамын. Тауға саяхатшыларды апаруды өткен жылы бастадым. Альпинизмнен хабарым бар. Кезінде альпинистермен бірге «Сарыайғыр» (3400 метр), «Альтус» (3346 метр) және «Тәуелсіздік» (4100 метр) шыңдарына шыққанмын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған альпинистер шарасына қатысқан 27 адамның бірі болғанмын.

– Тау туризмімен айналысатын сізден басқа да адамдар бар ма?

– Бұрыннан айналысатындар бар. Евгений Малахов,  Ұлықбек Хамидов деген жігіттер тауға адам алып шығып жүр. Мен де тәуекел етіп бастадым. Осы салаға қызығатындар қатары артса, облысымызда тау туризмі де дамыса екен деймін.

– Сіздермен қалай байланысуға болады?

8-778-922-22-85, 8-777-516-17-77, 8-707-772-49-90 нөмірлі телефондар арқылы хабарласуға болады.

...Біздің Ержігіт Жұмаділмен әңгімеміз осылай өрбіді. Айтуынша, біз жақта қазір табиғат аясына шығып демалушылар саны артуда, бірақ олар тазалық мәсе­лесіне аса мән бермейді екен. Демалыс аумақтарында, тауға шығатын соқпақтарда қоқыс көп, жұртшылық қоқыстарын қалай болса солай тастап кетеді. Ержігіт демалушылар осы жағына көңіл бөлсе екен дейді. Тұмса табиғатымыз бүлінбей, әрқашанда көзді қуантып, көңілді шаттандырып тұрса екен. Мұны табиғат аясына шығатын барлық адамдардың есте ұстағанын біз де қалаймыз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру