Ата салтын жаңғыртқан Жаңабазар

24.07.2017
Қаралды: 545

Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауыл округінің қарияла­рында қымыз ішуге жиналып, арғы-бергі тарихтан шер тарқататын, 

қазіргі мемлекеттік сая­сатты насихаттайтын, қоғамдағы жақсы үрдістерді ортаға салып, талқылайтын жақсы дәстүр бар. Апта сайын бас қосатын ондай келелі жиынға қариялар ғана емес, бірер кә­­сіпкерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер сияқты ат үстінде жүрген азаматтар да үйір. Өйткені мұндағы әңгімелердің бәрі пайдалы, адамды тек қана ізгі ойларға жетелейді.

Елде жоқ ерекше ұйым

Мұндай бас қосу дәстүрі 1959-жылы пайда болған. Содан бері үзілмей келеді.

Бүгінде қымызға жиналудың қозғаушы күші әрі үй­лес­­тірушісі – ауыл округінің ардагерлер кеңесі және оның төрағасы Жақсылық Сыпа­таев. Сондай-ақ Тіл­ләбай Мақұлбаев, Рахматіл­лә Жамашев сынды ақсақалдар – бұл ұйымның белсен­ділері.  «Қымызхананың» тұ­рақты мүшелерінің ұзын-ырғасы 41 адам екен.

Қазіргі уақытта ауылдық ардагерлер үйі жаңа, зәулім ғимаратқа орналасқан. Ғи­мараттың үлкен екі залы – ардагерлер қымызханасы. Арда­герлер үйі демеу­ші­лердің күшімен 20 миллион теңге  қаржыға бой көтерген. Мұнда көрме залы, намаз оқу бөл­месі, қо­нақ бөлмесі бар. Демеушілер қатарында кәсіпкерлер Жарас Ертаев, Нұрлан Құралов, Әсет Қа­былбеков, Нұркен Төлендиев, Байбатыр Исаев, тағы бас­қалар бар.

Әр бас қосудың тақы­рыбы алдын-ала айқындалып, оған баяндамашы белгіленеді екен. Сонымен қатар, мұнда ауыл округінің өткен жарқын өмірінен естеліктер айтылады. Біз таяуда кезекті бас қосуға қатысып, осындай жақсы дәс­түр­дің куәсі болдық.

Елбасы Жолдаулары, Ұлт жоспары, мемлекеттік бағдарламалар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы, тіпті облыс, аудан әкімінің шешім­дері, тарих, белгілі бір жазушының шығармашылығы, тағы басқа кез-келген тақырып мұндағы бас қосуға ар­қау болып жатады.

Мысалы, бір жолы зейнеткер Рахматіллә Жамашев «Қа­зақ хандығына – 550 жыл» тақырыбында баяндама жасады.  Қарияның саяси сауаты жоғары екенін бірден аңғарасыз. Тарихтан да хабары мол. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын арнайы күн тәртібіне шығарып, оны көрші елдерге  паш етудің мәні мен мемле­кет­тігіміз үшін маңыздылығына жан-жақты тоқталған баяндамашы қазақ хандарының асыл мұраттары жайлы әңгімеледі. Хандар барлық кезеңдерде ір­гесі мықты, өзге елдермен те­резесі тең мемлекет болудың қамын жасады. Сол жолда үлкен нәтижелерге жеткен. Қа­зіргі тәуелсіз ел болуымыздың бастауы да қазақ хандарынан және дала демократиясы мен заңдарынан бастау алып жатыр. Баян­дамашының тарихтан сыр тартқан мағлұматқа толы, қызықты әңгімесіне жиналған қауым риза болды.

Жұрт «Қымызханаға» құлақ түреді

Жаңабазар ауыл окру­гінен Қазығұрт аудандық мәслихатына депутаттыққа сайланған Аманбай Тасай былай дейді:

«Біздің ауылдың тұрғындары патриоттық бастамаларға ерекше мән береді және елден шыққан па­триот­тарды мақтаныш етіп отырады. Бұл өскелең ұрпаққа жол сілтеп, дұрыс бағдар беруде. Қоғамдық негізде жұмыс істесе де ауылымызда қалыптасқан «патриоттар мектебі» бар.

Ауылды көгалдандыру мен көріктендіру үрдісі Балтақара Оразов ағамыз директор болғанда жаңаша сипатта өрбіді. Балтекең барлық шопан үйлері мен фермалардың басына монша салдырды. «Сауап» пионер лагері қайта жөнделді. Әрбір отбасының үйіргелік жерін тиімді пайдалануына ерекше мән берілді. Бұрындары тек өрік, жазғы алма өсірген ауыл жаңғақ, шабдалы, қара өрік, алмұрт, жүзім өсіруге кірісті. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген бастама мықтап қолға алынды. Елдің патриоттары бітеліп қалған 43 бұлақтың көзін ашты. Тіптен қабығынан су тамып тұратын көктеректерге күтім жасалып, мың түп ағаш отырғызылды.

Жалпы, бұрыннан келе жатқан  жақсы үрдіс жалғасын тауып, бұл күндері ардагерлердің апта сайын өтетін «Қымызхана» бас қосу дастарханында үнемі елжандылық пен жаңашылдық өзекті әңгімеге арқау болуда.

«Жаңабазар» ауыл окру­гіндегі 9 елді мекенде 11685 тұрғын, жеті орта, бір-бірден негізгі, бастауыш мектептер, балабақша, мәдениет үйі, ау­рухана, медициналық пункт, екі клуб, екі кітапхана, екі фельдшерлік бекет бар. Бүкіл ауыл жаңалыққа құлақ түреді, руханиятқа ерекше мән бе­реді. Патриоттық бас­тамалар жандарына жақын десем, жаңылыспаймын. Ел іші болған соң тентегі де жоқ емес, алайда оларды тәр­тіпке шақыруда ардагерлер «Қымызханасының» ролі зор».

Шер тарқатқанға не жетсін...

«Кезекті бас қосулардың біріндегі әңгіме барысында осы ауыл округінің тарихынан да сыр шертілді, – дейді А.Тасай. – Мысалы, 1969-жылы Дінмұхамед Қонаевтың келгені де үлкен бір жарқын тарих. Ол заманда ауылдарда төрт түлік малымыздың қабатына шошқа шаруашылығы да қо­сылып, ол жануарлар өзен-бұлақтарымызды еркін жайлаған екен. Осыны көрген Д.Қонаев табан астында бұл ау­мақтағы қазақ ұлтының үлес салмағын зерттетіп, шошқа шаруашылығының тоқтаты­луы­на себепкер болыпты. Сол жолы ауыл тұрғындары Д.Қонаевпен бір дастарханда дәм татып,  төбелері көкке жеткендей күй кешіпті.

Ал 1978-жылы облыстың басшысы Асанбай Асқаровтың жұмыс сапарымен келген сәтін ауыл ұмытпай, қастерлеп, кейінгі ұрпаққа айтып отырады. Асқаровтан Жаңабазар туралы: «Осындай жерді иеле­ніп, сіздерге мұра етіп қалдыр­ған ата-бабаларыңызға рахмет!» – деген сөз қалыпты.

Жаңабазар­ға 1991-жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев келген. Жаңа нарықтық қатынастың көшіне алғашқылардың бірі болып ілескен шаруашылық осы совхоз еді. 1991-жылы совхоз 32 шаруашылыққа таратылып, мұнда агробанк ашылған болатын. Ол кезде мұндай жаңаша банк еш жерде жоқ еді. Банк шаруа қожалықтарына қызмет етті. Президент мұндағы жаңа қадамдарды өз көзімен көріп, ризашылық білдіріп кеткен».

...Қысқасы, Жаңабазар ауыл округіндегі ардагерлер үйінің осындай өнегелі ісі өзгелерге үлгі боларлықтай. Ең бастысы – мұндағы ардагерлер қымызханасының бас қосуында келелі әңгімелер айтылып, мәселелер шешіліп, елдің елдігі паш етіледі, жақсы істер насихатталады. 

С. НАҒАШЫБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ