Ақпарат

Облыста отбасы басқармасы құрыла ма?

Қаралды: 135

Еліміздің Бас Прокуратурасы биыл «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты пилоттық жобаны жүзеге асыруда. 

Аталған жоба өз жұмысын ҚР Бас Прокурорының айрықша істер жөніндегі аға көмекшісі Салтанат Тұрсынбекованың бастамасымен Шымкент қаласында және Сарыағаш ауданында бастады. Құрамында БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі, облыстық басқармалардың қызметкерлері, психологтар және басқалар бар жұмыс тобы азаматтарды қабылдады, тұрғындармен кездесулер өткізді, көпшілік іс-шаралар ұйымдастырды.

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық қылмыстарының көпшілігі мас халде жасалады, – дейді С.Тұрсынбекова. – Ал маскүнемдер мен нашақорларды мәжбүрлі түрде 6 ай мен 1 жыл аралығында емдейді. Әр емделушіге мемлекет жылына миллион теңгедей қаржы жұмсайды. Бірақ осының нәтижесі көрінбей тұр. Аурухана олар үшін уақытша демалыс орнына айналды, шыққаннан кейін келесі қылмысты жасай береді. Ал әлемдік тәжірибеде мәжбүрлеп емдеудің орнына адамды іштей түлететін және қоғамдық ортаға қайтаратын мақсатты жұмыс істеледі».

С.Тұрсынбекованың айтуынша, аймақтарда үйлестіру органдарын құру қажет, тіпті республикада жаңа министрлік құрылуы да ғажап емес.

...Аталған жұмыс тобы Сарыағаш ауданында бір ай көлемінде жұмыс жүргізді. Жақында өткен облыстық мәслихат сессиясына арнайы қатысып, онда сөз сұраған С.Тұрсынбекова былай деді: «Біз 26 ауыл округінде түрлі мәселелермен келген 2000-дай адамды қабылдадық. Кейбір проблемалар қабылдау кезінде шешіліп жатты. Дегенмен өмірдің шынайы жағы да алдымыздан шықты. Бірнеше жағдайды айтып өтейін. Алғабас ауылында 5 және 8 жастағы балаларды анасы ауру күйеуіне тастап кеткен. Ал күйеуі енді балаларынан бас тартып отыр. Дербісек ауылында 3 сәбиді ата-анасы 90-дағы әжелеріне тастап кеткен. Ата-аналарының қайда жүргені белгісіз. Абай ауылында үш баланың анасы ішкілікке салынып, қаңғыбасқа айналған. Соның салдарынан екі қызы үйінен қашып кеткен. Үш балалы отбасында 20 жылдан бері ешқандай құжат жоқ. Сол себептен балаларының бірі мектепке бара алмай, бірі аттестат ала алмай жүр. Сарыағашта 13 жастағы қыз немере ағасынан жүкті болып, босанды. Ауданда 1014 бала аутизмнен зардап шегуде, 121 сәби ауыр науқас. Осы мәліметтер біздің пилоттық жоба барысында анықталды. 40-тан аса азаматта қатерлі ісік ауруының белгілері анықталды, оларға емделу үшін жолдама берілді. Екі айда ауданда отбасылық зорлық-зомбылық тұрғысындағы екі қылмыс тіркелді. Пилоттық жобада осындай құбылыстардың нақты шешілу жолдары көрсетіледі».

...Қысқасы, осы мәселе бойынша арнайы басқарма құрылатын сияқты. Болашақ басқарманың 97 миллион теңге бюджетінің, 25 штаттық бірлігінің, Ережесінің, қызметкерлердің міндеттерінің есебі облыс әкіміне қарау үшін жолданыпты. Облыс әкімі ұсынысты толық қолдап, таяуда құжат Қаржы министрлігіне жолданған.

Н. СЕРІК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру