Ақпарат

Жеміс-жидек агропарктері құрылатын болды

Қаралды: 376

Алдағы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа агропарк негізінде жеміс-жидек бақтарын дамытудың ауқымды жұмыстарын жүргізу, жеміс-жидек сақтау қоймалары мен өңдеу кәсіпорындарын салу көзделіп отыр.

Агропарк – жеміс-жидек өндірісін құру мен дамыту үшін барлық қажетті инфрақұрылымы бар кешенді фермерлік алаң болып табылады. Кәсіпкерлерге жеке агробизнесін ұйымдастыруға қажеттінің барлығы қарастырылған арнайы аймақта үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Яғни шаруа қожалықтары бірігіп, ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерін құра алады. 

Агропаркте ауыл шаруашылығының өнімдері кластерлік өндірісінің бірегей біріктірілген жүйесі құрылады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне кәсібін өрге дөңгелетуге, ал тұтынушыларға сапалы әрі арзан өнім алуға жағдай жасайды. 

Агропарк аймақтың экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында мемлекеттік және жеке секторларды шоғырланды­ру арқылы шағын және орта бизнеске, әсіресе ауыл шаруашылығын дамытуға инвестиция тарту үшін құрылып отыр.

Инвестициялық жобаны жүзеге асыруда серіктестік қатынастарды орнату мақсатында 2017-жылдың 13-шілдесінде облыстық әкімдіктің ғимаратында «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Шымкент» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы арасында ынтымақтастық жөніндегі үш жақты меморандум­ға қол қойылды. 

Жергілікті атқарушы орган жер учаскелерін ұсынуда көмектесіп, қажетті инженерлік-коммуникациялық ин­фрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ арнайы индус­триалды аймақ құрып, жобаны іске асыру үшін инвестициялық жеңілдіктерді ұсынатын болады.   

Дербес серіктестерді табу, өз қаражаты есебінен жобаны бастапқы қаржыландыруға «Шымкент» ӘКК» ҰК» АҚ атсалысатын болады. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру үшін шаруа қожалықтары иелерімен келісім жасасуды ұйымдас­тырып, жер учаскелерін іздестіреді және қаржыландырудың мақсатты жұмсалуына қадағалау жүргізеді.      

Аграрлық кәсіпорындарды жеңілдетілген ставкамен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржыландыратын болады. Ол үшін корпорацияның экспортқа бағдарланған өндірісті қаржыландырудың «АгроЭкспорт» бағдарламасы бар. Оған сай қарқынды алма бауларын құру мен дамыту бағыты бойынша қаржыландыруға үміткер қарыз алушылары пысықталып, олардың өз міндеттерін орындау барысына қадағалау жүргізілетін болады.

 ...Жалпы, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы бәсекеге қабілетті ауыл кәсіпкерлігін дамытуды ынталандыратын қолжетімді несиелендіру жүйесін қалыптастыру бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келеді. Корпорация «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі компаниялар тобының құрамына кіріп, соның тікелей жетекшілік етуімен Қазақстанның барлық облыстарында орналасқан 13 филиал мен өкілдіктерінде өз қызметін жүзеге асыруда ауқымды жұмыстарды атқарып отыр.

«Аграрлық несие корпорациясы»

 акционерлік қоғамының баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру