Ақпарат

Таңқурайды гектарлап егеді екен

Қаралды: 183

Таңқурай деген таңсық жидекті өсіруді қазақ кәсіп етпеген. Оны орыс ұлты өкіл­дерінің кейбірі ғана сая­жайына екі-үш қа­тар етіп әрі сән үшін, 

әрі дәмін тату мақсатында егетін. Сол таң­қурай бүгінде ауыл қазағының табыс кө­зіне айнала бастапты.

Қазығұрт ауданындағы Жіңішке ауыл округінің тұрғыны Еркін Шерәлиев екі-үш жылдан бері таңқурайды аздап егіп, тәжірибе жинақтаған екен. Ал биыл өзінің «Нұр Айдар» атты шаруа қожалығының айналымындағы жерден үш гектар алқапты ажыратып, таңқурай, яғни малына еккен.

Жақында облыс әкімі ауданға жұмыс сапарымен келген болатын. Сапар барысында облыс басшысы Ерекеңнің таңқурай алқабына да ат басын бұрып, бұл шаруашылықты насихаттау және ұлғайту қажеттігін айтты.

Таңқурайдың жемісі тұттан үлкен, ал құлпынайдан кіші болады. Оны қолға шелек алып, күн сайын піскенін піскендей, қатарын аралап тереді. Ерекеңнің жұмысшылары жабылып жүріп күніне 200 кило жидек тереді екен.

«Алғашында таңқурайдың көшетін Қырғыз­станнан­ әкелдім. Кейін өзім өндіре бастадым. Оның келісін 700 теңгеден саттық. Әлі де жинаймыз. Бұл дақылдың әр түбі екі-үш килодан жеміс береді. Гектарынан 12 тоннаға дейін жиналады. Жұмысқа ауылдың тұрғындарын тартып отырмын. Терген әр килосының ақысына 150 теңгеден жазамын, бізде олар үшін түскі ас-су тегін. Жиырма шақты адам жұмыс істейді. Әрқайсысы кешке үйіне 2000 – 3000 теңгеден алып қайтады», – дейді Еркін Шерәлиев.

Таңқурай таулы, салқын жерде жақсы өсетін көрінеді. Жіңішке ауылының табиғаты таңқурай егуге қолайлы болғандықтан жемісті жақсы берген.­

Шаруа қожалығының төрағасы алдағы уақытта таңқурай алқабын бес гектарға дейін ұлғайтпақ ойда. Ал таңқурай өсіруге ниет білдірген өзге де шаруалар­ шығып жатса, «Нұр Айдар» шаруа қожалығы олармен кооперативке бірігуге дайын екенін айтады.

С. НАҒАШЫБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру