Ақпарат

Дауыл тұрып кетпей ме?

Қаралды: 412

Биылғы шілде мың құбылып тұр. Әлемнің әр түкпірінде бұршақ, қар жауған күндер бар. 

Мысалы, кешегі аптада Аргентинаның бір қаласында қалыңдығы жарты метрге жететін қар жау­ды, ауа температурасы 25 градусқа дейін суып, жұртты қатты әбіржітті, адам шығыны болды.

Біздің елде де ауа райы біресе ысып, біресе салқын тартып жұртты таңқалдыруда. Таяуда Батыс­ Қазақстанның бір ауданы мен Орал қаласында, Қарағандыда бұршақ жауды. Ал кешегі аптада Шығыс Қазақстанның үш ауданы арқылы алапат дауыл жүріп, қара түнек орнады.

Дауыл күші секундына 35 метрге дейін жеткен. Ол үйлердің шатырын бүлдірді, ағаштарды, бағаналарды құлатты, көліктерді зақымдады. Оқиға кезінде бірнеше адам жарақат алды. Шатырдың қирандысы тиген бір қария ауыр жарақаттар алып қайтыс болды.

Ауа райын болжаушылардың айтуынша, мұн­дай дауылдың боларын алдын-ала болжау мүмкін емес екен. Өйткені ол ыстық және суық ауа ағын­да­рының бірден түйісуінен және күшті ауа ағынының төменнен жоғарыға қарай ұйытқуынан пайда болған. Мұндайда үрейлі әсер ететін будақ-жаңбырлы бұлттар туындайды.

Бұл дауыл қыруар шығын әкелді. Бүгінде одан келген шығындар есептелуде.­

...Жалпы, кешегі аптадағы еліміз аумағындағы ауа райы құбылмалылығымен ерекшеленді. Бір жерлерде күн қатты ысыса, енді бір аумақтарда жаңбыр­ жауып, тағы бір жерлерде күн күркіреді. Республикамыздың барлық дерлік аумақтарында қуат деңгейі әрқалай жел тұрды. Сондықтан­ бүгінде жұртшылықтың көкейінде тағы да дауыл тұрып кетпес пе екен деген уайым да жоқ емес.

Ал «Қазгидромет» орталығының мәліметтеріне қарағанда, шілде айының үшінші онкүндігі де ауа райының тұрақсыздығымен ерекшеленбек. Еліміз­дің солтүстік, солтүстік-батыс және орталық аумақтарында жаңбыр жауып, жел көтеріледі, кей жерлер­де бұршақ жаууы да ықтимал. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста күн ашық болады деп күтілу­де, бірақ ауа райы құбылуы да мүмкін. Атырау, Батыс­ Қазақстан облыстары мен Маңғыстау, Алматы облыстарының кей жерлерінде күн күрт ысымақ.

Бұл – ұзақ мерзімдік болжам, оған табиғаттың өзі өзгеріс ендіріп жатса, таңқалмаспыз.

Ж. ЕЛІБАЙ.

Пікір қалдыру