Бұл туралы жазуыма бір оқиға себеп болды.
Осыдан біраз уақыт бұрын дәрі алу үшін Шымкент қалалық №2 емханасының учаскелік дәрігеріне барған едім. Біздің дәрігеріміз – жоғары санатты, білікті дәрігер Гүлбахрам Төлеген. Өзі сондай кішіпейіл, әрбір науқасты мұқият тексеріп, дәрі-дәрмегін жазып береді. Мейірбике Рахима Нұржігітова да жұмысына тыңғылықты, дәрігердің жазған нұсқауын компьютерден тез шығарып, науқастарға беріп жатқанда ерінбей түсіндіреді.
Ашық есіктен осы дәрігерлердің жұмыстарына риза қалпымда кезегімді күтіп, көз тастап отырғанмын. Менімен қатар кезек күтіп отырған жанымдағы кісіге қант диабетімен ауыратынымды айтып қалдым. «Мен сізге бір әңгіме айтайын...» – деді әлгі кісі. Сөйтіп маған бір қызық әңгіме айтты.
Биылғы сәуір айында ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы бұрын «Георгиевка» деп аталған ауылға құдаларына барған екен. Сол ауылдан Ленгірге бұрылатын бетте мешіт бар еді. Осы мешіттің шырақшысы оған төмендегідей әңгіме айтып беріпті.
Әлгі шырақшының әкесі осыдан 30 жыл бұрын өмірден өткен екен. Ол қайтыс боларының алдында баласын шақырып алып: «Балам, мен бұл дүниеден өткесін анау сандықтың ішінде бір кітап бар, соны ал да, оқы. Ұнамаса мен жатқан молаға апарып көм», – деген екен.
Содан әкесі көп ұзамай қайтыс болыпты. Қырқын өткізгеннен кейін әкесінің сөзі еске түседі. Сосын сандықтан кітапты алып оқыса, оның бірінші бетінде сусамырмен (қант диабеті) ауырған адам таудан, шілде айындағы құрттаған қардың суын алып ішсе, дертінен құлантаза айығады деп жазылыпты. Жастау кезінде болған ғой, мұны мен қайтемін деп шырақшы кітапты әкесінің жатқан моласына апарып көміпті. Кітаптың басқа беттерін оқымаған. Құнт қылмаған ғой. Айтуынша, кітап қалың болған сияқты.
Одан бері 30 жыл өткен. Жақын арада әлгі кісінің бір туысы сусамырмен қатты ауырып қалады. Соны көріп баяғы кітап есіне түсіп, таудан құрттаған қарды суымен жаңағы науқасқа ішкізген көрінеді. Бір-екі айдан кейін әлгі туысы дертінен жазылып кетіпті. Енді шырақшы әкесінің өсиетін еске алып, жаңағы көмген кітапты қазып алғысы келіп жүр екен.
Әңгіме осы жерге келгенде менің дәрігерге кіретін кезегім келді. Ал дәрігердің алдынан шыққанымда әлгі кісіні таппай қалдым. Бұйыртса, жақын арада әлгі шырақшыны іздеп бармақшымын. Мүмкін ол осы уақытқа дейін әлгі кітапты тапқан да шығар, кім біледі.
Ал егер ол табылса, шырақшының айтқаны рас шығып, онымен қоса ішінде халық емдерінің біз осы уақытқа дейін естіп-білмеген түрлері туралы жазылған болса, оны ел игілігне жарату керек қой.
Әбдіқадыр САПИЕВ,
зейнеткер.
Шымкент қаласы.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!