«Қазақы дастарханда» «Алтын топшының» тұсауы кесілді

24.07.2017
Қаралды: 1041

Таяуда ғаламторда «Алтын топшы» атты жаңа сайт ашылды. Осыған орай біз сайт құрылтайшыларының бірі, белгілі  ақын, жазушы Әмзе Қалмырзаұлымен (Хамза Көктәнді) хабарласып, ол кісіге бірнеше сұрақтар қойдық.

– Әмзе Қалмырзаұлы, бұл сайттың ерекшелігі неде болмақ?

– Біз таяуда қаладағы «Қазақы дастархан» дәмханасында оның тұсау­кесер рәсімін өткіздік. Оған көптеген жазушылар, журналистер, ғалымдар, сәулетшілер, суретшілер, «Фейсбуктің» белсенді қолданушылары, жас ақындар қатысты. Жиында сайттың ерекшелігі, мақсаты, тағы басқа жайлар бойынша біраз маңызды мәселелерді талқыладық. Оған «Алтын топшы» әдебиет, мәдениет және өнер ордасы» деген ат қойдық. Бұл сайттың ерекшелігі – ол ғаламтор қолданушыларына арналған.

– «Алтын топшы» деген сөз не мағына береді?

– «Топшы» деген сөз қазақтың қолданысында бар. Олай деп құстың қанаты мен денесін жалғап тұратын сүйекті атайды. Яғни біз сайт атауы­на бұрынғы мен кейінгіні жалғап тұратын маңызды діңгек, дәнекер – алтын топшы болсын деген мағына сыйдырдық.

– Мұндай сайт ашу идеясының авторы кім?

– Жалпы, менің әдеби бірлестік, ұйым, клуб, қауымдастық ашудан үлкен тәжірибем бар. Кезінде «Сыр», «Игілік» деп аталатын бірлестіктер құрғанмын. «Игіліктің» өзі төрт-бес газеттің басын біріктірді. Жалпы, қандай шаруа болмасын осындай біріктіретін органсыз өмір сүре алмайды. Сондықтан заман ағымына лайықты бірлестік ашуды ойға алғанмын. Енді тәуекел деп іске кірісіп отырмыз. «Алтын топшы» қаламгерлерді, өнер адамдарын қолдап отырады, түрлі кездесулер, көрмелер, тұсаукесерлер өткізетін ұйым болып та туындыларды халыққа таратамыз.

– «Алтын топшыда» не жарияланады?

– Сайттың «Басты бет», «Жаңалықтар», «Кітапхана», «Сирек кітаптар», «Архив», «Әдебиет», «Мәдениет», «Өнер». «Мақала», «Талантқа тағдыр тартуы» деп аталатын арнайы бөлімдері болады. Яғни онда әдебиетке, мәдениетке, өнерге қатысты туындылар, мақалалар жарияланып тұратын болады. Оған кез келген адам атсалыса алады.

– Сайтқа деген жұрттың ықыласы қандай?

– Ықылас аса жоғары. Қаламгерлер, өнер адамдары идеяның өте жақсы екенін айтып, оған қолдау білдіріп жатыр. Бір кісідей атсалысамыз дейді. Онда барша өнер адамдарының туындыларын жариялап отырамыз. Әрине, оның өзіндік жүйесі болады.

– Алға қандай мақсат қойып отырсыздар?

– Осы істі барынша жандандырып, тек қаламгерлерді, әдебиетті, мәдениетті, өнерді ғана емес, халыққа таныла алмай жүрген жастарды да көбірек насихаттасақ дейміз. Үлкен құлшыныс бар.

Бұл өзі жеке меншік емес, қоғамдық негізде құрылған бірлестік. Қаржылай жағынан өзіммен бірге Гүлбахира есімді бауырымыз демеушілік жасап отыр. Бір жылға дейін. Сондықтан алдағы уақытта мемлекет тарапынан грант бола ма, тендер бола ма, қандай да бір қаржылай қолдау тапсақ дейміз. Жұмыстың жақсы жүруі үшін бұл өте қажет.

– Ендеше, мақсаттарыңызға жете беріңіздер, «Алтын топшы» көпшілікке қызмет етіп, биіктен көріне берсін!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ