Адамынан мал саны 25 есе көп екен

19.07.2017
Қаралды: 394

Монғолия – Орта Азияның солтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Жер көлемі жөнінен әлемде 17-ші орында тұр, ал халық саны 3 миллион адамнан енді асып отыр. 

Бұл елде адам санынан мал басы 25 есеге көп, биылғы жүргізілген санақ бойынша мал саны 73 миллион басқа жетті.

Монғолия халқының 90 пайыздайын Будда дінін ұстанатын халха-монғолдар құрайды. Екінші орында Баянөлгий аймағын мекендейтін этникалық қазақтар тұр, олардың саны 150 мыңдай болады. Елде бұдан басқа да бірнеше ұлт өкілдері тұрады.

Монғолдар әйгілі Шыңғыс ханды өздерінің ұлттық мақтанышы санайды. 2008-жылы Ұланбатырға жақын жерден оған  биіктігі 17 қабаттық үймен тең ескерткіш орнатқан. Оның тұғырының биіктігі – 10 метр, хан ескерткішінің биіктігі – 40 метр. Ескерткішті қаптауға 250 тонна тат баспайтын құрыш жұмсалған.   Ескерткішті Шыңғыс ханның ел билеген ұрпақтарын бейнелейтін 36 тұғыр көтеріп тұр, ол екі қабатты ғимаратты құрайды. Ғимарат ішінде суреттер галереясы, мейманхана, ойын-сауық орындары, кәдесыйлар сататын дүңгіршек, мәжіліс залы орналас­қан.

Шыңғыс ханның немересі Құбылайдың кезінде Қытайды басып алып, билік құрғаны белгілі. Ал Алтын Орда империясы ыдырағаннан кейін қазіргі Монғолия аумағында бірнеше ұсақ хандықтар өмір сүрді. ХVІ ғасырда Ішкі Монғолияны манжұрлар жаулап алды. (Ол қазір Қытайдағы Ішкі Монғолия автономиялы ауданы дәрежесінде өмір сүріп жатыр). Арада 50 – 60 жыл өткенде қазіргі Монғолия жері түгелімен манжұрлардың Цин империясының (Қытай) қол астына өтті. Тек 1911-жылы бұл империяның ыдырауына себеп болған Цинхай төңкерісінен кейін Монғолия өз тәуелсіздігін жариялай алды. Сол кезде монғолдардың жалпы саны 400 мыңға да жетпейтін еді. Осынша аз халыққа аумағы үлкен жерде өз мемлекетін құру бақыты бұйырды.

Монғолияда мал шаруашылығы дамығанын айттық. Бұл елде сондай-ақ көмір қоры аса мол, мыс, қалайы, алтын, молибден, вольфрам сияқты металдар, уран да көп.

Монғолия бүгінде әлемдегі барлық дерлік халықаралық ұйымдардың мүшесі, онымен жұрт санасады. Оның экономикасы да өркендеп келеді. Сондай-ақ онда туризм дамыған, өркениеттен қалмай отырса да көп аумағында табиғат сұлулығы алғашқы күйіндегідей бүлінбей сақталғандықтан оған шетелдік туристер көп барады.

Монғолияда коррупцияға жол бергендерді қатаң жазалайды. Мысалы, мұндай жазаға 2012-жылы кезінде ел Президенті болған (2005 – 2009-жылдар аралығы) Намбарын Энхбаяр тартылған еді. Оны тұтқындау кезінде оққағарлары мен полицейлер арасында қарулы қақтығыс болған, бекінген жері тіке шабуылмен алынған болатын. Энхбаярға мемлекет меншігін сату кезінде жемқорлыққа жол берді деген, онымен қоса елдегі 2008-жылы өткен Парламент сайлауындағы заңсыздықтарға қарсы шеруге шыққандарға күш қолданды (онда адам өлімі орын алған) деген айыптар тағылған болатын. Бұрынғы Президент 4 жылға сотталған еді, кейін жазасы 2,5 жылға ауыстырылды.

Ал монғол Қарулы Күштерінің қатарында қазір 10 мыңнан аса жауынгер бар. Әскерін негізінен жаяу әскер мен әуеден қорғау күштері құрайды. Қарулы Күштерінің 700-дей танкісі, оншақты ұшағы мен оншақты тікұшағы бар.

...Жері үлкен, табиғи байлығы мол, бірақ халқы аз қазіргі монғол мемлекеті туралы деректер осындай.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ