Монғолдар өз Президентін сайлап алды

19.07.2017
Қаралды: 257

Монғолияда Президент сайлауы болып өтті. Президент болып ел үкіметіне оппозициядағы Демократиялық партия өкілі Халтмагийн Бат­тулга сай­лан­ды. 

Орталық сайлау ко­мис­сия­сы оны жақтап сайлаушылардың 50,7 пайызы дауыс бергенін жариялады. Оның негізгі қар­сыласы – осыған дейін ел билігінде бол­ған Монғол халықтық партия­сының өкілі М.Энхболдқа сайлаушылардың 41,2 пайызы­ дауыс беріпті.

Монғолияның жаңадан сайланған Президенті Халтмагийн Баттулганың жасы қазір 54-те, ол 1963-жылы монғол астана­сы Ұланбатырда өмірге келген. Бейнелеу өнері училищесін бітірген. Еңбек жолын Бейнелеу өнері комитетінде бастаған.

Х.Баттулга кезінде аты Монғолияға ғана емес, әлемге белгілі спортшы болған. Ол 1986 – 1989-жылдары самбо мен дзюдодан Монғолия құрама командасының мүшесі болды, талай халықаралық жа­рыстарға қатысты.

Х.Баттулга 1992-2004-жылдар ара­лығында түрлі бизнес құрылымдарында жауапты қызметтер атқарды. 2004-жылы Монғолияның Ұлы мемлекеттік хуралында депутат болды. 2008 – 2012-жылдар аралығында елдің Көлік министрі қызметін атқарды. 2012-жылдан бері Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы министрлігін басқарып келді.

Бұл кісінің министр кезінде жайсыз жағынан біраз аты шыққан. Оны жол салғанда, жұмыс күшін қолданғанда коррупцияға жол берген, заң бұзған, лауазымын теріс мақсатқа пайдаланған деп айыптаған кездер болған. Бірақ ол соның бәрінен де таза шықты.

Бұл азамат екі мәрте үйленген. Бірінші әйелі – монғол қызы, ол бүгінде бір компанияны басқарады. Екінші әйелі Анжеликаның ұлты – орыс. Бұлардың отбасында қос егіз балалар дүниеге келген.

Монғолдың жаңа Президенті өз ана тілінен бөлек, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ