Биылғы шілде құбылмалы ауа райымен таңқалдырып тұр. Алғашында еліміздің барлық аумағында дерлік 40 – 45 градустан асқан аптап ыстықтар болды.
Сондықтан күннің бұдан әрі де ысуы мүмкін екенін айтып жүргендер болды. Тіпті Қызылорда облысында 60-тан асып, 75-ке дейін жетеді деп сөз таратқандар жөнінде біз газетіміздің өткен нөмірінде жазған болатынбыз.
Ал кешегі аптада табиғат жұртты тағы да таңқалдырды. Еліміздің батыс өңірінде баданадай бұршақ жауды. Бұршақ облыс орталығы Орал қаласын да төпеп өтті. Жарияланған деректерде оның кем дегенде бір сағат бойы жауғаны жайлы айтылып жүр.
Бұл күндері еліміздің оңтүстігіндегі аптап ыстықтың беті біршама қайтты, түнгі кезде ауа біршама салқындады. Біраз жерлерде күн күрт салқындап, өткінші жаңбыр жауды. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, бұған еліміз аумағына Арктика жақтан енген суық ауа ағыны себеп болған.
Ал ай ортасында күн райы қайта ысымақ. Дегенмен үшінші онкүндіктің алғашқы кезеңінде де ауа жиі құбылатын болады, біресе аптап ыстық, біресе салқын ауа, кейде жаңбыр жауып, жұртты әртүрлі күйге салмақ. Ауа райын болжау орталығының ұзақмерзімдік болжамдарында осылай деп айтылған. Орталықтың бұған дейінгі болжамдарында пәлендей ауытқу байқалмағанын ескерсек, бұл айтқандары да айнымай келеді деуге негіз жоқ емес.
Әрине, ауа шекарасыз болғандықтан бұл болжамдар тура шықпай жатуы да мүмкін. Оны алдағы күндер көрсетер.
Т. ТҰРАН.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!