Тоқтар Төлешовке қатысты тағы бір сот ісі басталды

18.07.2017
Қаралды: 760

Шымкент қаласының Еңбекші ау­дандық сотында «Шымкентсыра» ак­цио­нерлік қоғамының бұрынғы пре­зи­денті Тоқтар Төлешовке қатысты сот про­цесі басталды. 

Айта кетейік, ол кісіге былтыр Қазақстанның конституциялық құ­рылымына күштеп өзгеріс енгізбекші болған,­ елде төңкеріс жа­самақ болған деген айып тағылып, 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Ал бұл жолы ол салықтан жалтар­ған, ше­неуніктерге пара берген деп айыпталып отыр. Т.Төлешовпен бірге тағы 8 адам сот алдында жауап бермек.

«365іnfo.kz» сайты таратқан мәлі­меттерге сүйенсек, Тоқтар Төлешовтің қорғаушысы Мархаба Жақыпова журналистерге Төлешовке тағылған айыптың басым бөлігімен мүлдем келіс­пейтінін білдірген. Ол кісі сыра зауытының бұ­рынғы басшысына жала жа­былып отырғанына сенімді көрінеді. Қорғаушының айтуынша, Төлешов қамауға алынған екі жарым жылдан бері әлі түрмеге ауыстырылмапты. Тергеу абақтысында жатыр деседі. Сондай-ақ ол осы күнге дейін бірде-бір туысымен жолықпапты.

М.Жақыпова Төлешовті қорғау үшін ешқандай ақы алмағанын да айтқан. «Қазір оның бір тиыны жоқ. Менің Аста­надан келер жол ақым мен жататын жерімнің ақысы зорға төленді. Жалғыз өзім қорғаймын. Оның үстіне қазір денсаулығы сыр беріп жүр. Бірнеше рет дәрігер шақыртылған. Тісі ауырып, бел омыртқасы маза бермейді. Ал жалпы жағдайы айтпаса да түсінікті шығар? 21 жылға сотталу дегенің… ешқандай кінә­сіз…»  –  деп мәлімдеген М.Жақыпова.

Экс-кәсіпкерді алғашқы сотта қорғаған Евгений Яворский оны сатып кетіпті деседі. Сотта Төлешовке қарсы жауап айтып, қорғаушыдан куәгерге айналып шыға келген екен.

«Замананың» тілшілері осы және өзге де­ сұрақтардың жауабын білгісі келіп адвокат Мархаба Жақыповаға қоңырау шалып еді. Ол кісі әзірге, сот отырысы аяқ­талмай жатып ешкімге сұхбат бере алмайтынын, оған тиым салынғанын айт­ты.­

...Бұл атышулы іске қатысты біздің білгеніміз әзірге осы болды. Алдағы уақытта бұл істі назарда ұстап, жай-жапсарынан хабардар ететін боламыз.

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ