Ақпарат

Ауылдан келгендер қалада қорғансыздың күйін кешуде

Қаралды: 892

Осыдан бірнеше күн бұрын студент кезде бірге оқып, 3-курста көз жазып қалған құрбымды кездестірдім. 

Хал-жағдай сұрасып, бір асханаға түскі ас ішуге кірдік. Сөз арасында оның оқудан шығып қалғанын білдім. «Оқуды неге тастап кеттің?» – деген едім, ақша жеткізе алмағанын айтты.

«Үйдегілер ақшадан қатты қысылып кетті, – деп бастады сөзін құрбым.  – Әрең дегенде ақша тауып, бірінші курсты өйтіп-бүйтіп бітірдім. Екінші курстың ақысын нағашыларым төлеп берді. Ал үшінші курсқа келгенде көмектесетін ешкім болмады. Қашанғы әркімге қол жая бермекпін деген шешімге келіп, жұмыс іздеуге кірістім. Содан бір ауылдас қызды көріп қалдым. Ол: «Керемет жерде жұмыс істеп жатырмын. Жақында машина аламын. Айлығы жақсы, жұмыс та ауыр емес», – деп мақтады. Маған да керегі осы еді. Басымда болып жат­қан бар жағдайды айтып бердім. Ол мені жұмысқа кіргізетін болды. Жұмыс өте қажет болғандықтан бірден келістім.

Ертеңіне әдемі киініп, сол құрбым берген мекен-жайға бардым. Барсам, ол жерде жастар көп екен. Таңертең болса да барлығы көңілді. Шетелдің әуенін ойнатып қойған, барлығы билеп, езулері күлкіден жиылар емес. Есіктен кіргенім сол еді, музыка бірден тоқтатылып, барлығы топырлап менің алдыма жиылып келіп қалды да, бір-бірлеп таныса бастады.

Содан сағат 9.00-ге дейін би билеп, ойын ойнадық. Бір кезде бастықтары келді. Маған бастан-аяқ қарап шыққан ол мені сол күннен бастап жұмысқа алды.

Олардың жұмысы мынадай екен: Таңертең қолыңа иіссулар, опа-далаптар беріп соны сатуға жібереді. Қалай сатасың, кімге сатасың, ол өте ме, өтпей ме – ол сіздің жұмысыңыз.

Сонымен бір сөмке опа-далапты алып әр жерлерге апардым, ешкім алмайды. Кешке дейін біреуін де сата алмадым. Содан келген бетім сол еді, бастықтары аузына келгенін айтып ұрысты. Жылап кетіп бара жатқан едім, артымнан жаңағы ауылдас құрбым келіп. «Шыдамды болсайшы. Ештеңе етпейді, осылай жүріп үйреніп кетесің», – деді.

Содан не керек, кешке тағы да би биледік. Кешкі сағат 9.00-дерде үйге қайттым. Ертесіне жұмысқа аяғым тартпай, әрең дегенде сағат 9-дан аса барған едім, барлығы орталарына алып ұрысып, 20 мәрте отырғызып-тұрғызды. «Енді кешіксең «отжимание» жасайсың», – деп мазақтап бәрі күлді. Мүлдем көңіл-күйім түсіп кетті. Жылағым келді.

Сонымен ол күні де заттарды сата алмай, барлығын қайтып апардым. Жұмыс­тан кетем дегенім сол еді, «Ешқайда кете алмайсың! Кететін болсаң өзіңді масқаралап, суретіңді көшеге іліп қоямыз. Жұмысты осы қарқынмен істейтін болсаң айтпады деме, мен сені өзім-ақ шаруаңды бітіремін», – деп қорқытты бастығы. Содан амал жоқ, мен өз абыройымды ойладым.

Содан сол жерде жұмыс істеп жүре бердім. Жалақымды уақтылы төлемейтін. Ақша жағынан қатты қинайтын. Сөйтіп жүріп оқудан да шығып кеттім. Ол жұмыс­тан да қашып шығып, ауылда біраз жүріп, енді қалаға келген бетім осы», – деп сөзін аяқтады құрбым.

...Құрбымның сөзі менің жанымды ауыртты. Оқу да, жұмыс та, барлығының шешімі ақшаға барып тірелетін мына заманда қаншама жас осылайша біреулерге тегін жұмыс істеп жем болып жүр десеңізші! Олардың жайын кім ойлайды, кім оларға қорған болады?

Р. ШАЛҒЫНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру