Үндеместен жұғады, тері мен ішкі ағзаны зақымдайды

18.07.2017
Қаралды: 671

Бүгінде Сырдария өзені жағалауында жат­қан Отырар, Арыс, Шардара аудандарын тері лейшманиозы инфекциясының көзі саналатын да үлкен құмтышқандар көбейіп кеткен. 

Сон­дықтан бұл аумақ тері лейшманио­зының ошағы болып табылады.

Лейшманиоз Түркіменстан, Тәжікстан, Өз­бекстан­ елдері мен Қазақстанның оңтүстігінде және Грузия мен Арменияда тіркелген.

Адамдар арасында кездесетін бұл ауру тері лейшманиозы (теріні зақымдайды) және вис­це­ральды лейшманиоз (ішкі мүшелерді зақым­дайды) деп екіге бөлінеді. Оңтүстік Қазақстан облысы өңірінде орын алған түрі – тері лейшманиозы.  Инфекцияның көзі – тышқандар, ал оны тара­тушылар – үндеместер қоздырығышты адамға жұқтырады. Бірақ ауру адамнан адамға жұқпайды.

Ауру белгілері мынадай:

Бірінші алқызыл түсті, тез үлкейетін, көлемі 2 – 3 миллиметрдей төмпешік пайда болады. Ол күшті қабынулық инфильтратпен, айқын емес шекарасымен, ісікпен фурункулға айналады. Сондай-ақ жан-жағына жараның шығуымен, лимфа түйіндерінің ұлғаюымен сипатталады.

Бұл дерттің инкубациялық кезеңі 1 жылға дейін. Қоздырғышты тасымалдаушы үндеместер кеміргіштің қанын сорғаннан кейін 6 – 8 күн өткенде жұқтырғышқа айналады. Инфек­цияланған үндемес шаққаннан кейін ауру адамға өтеді. Аурудың жасырын кезеңі 2 апта­дан 4 айға дейін созылады. Күз, қыс айларын­да ұзақ уақыт жазыла қоймайтын, орнында тыртық қалдыратын жаралар пайда болады.

Халық емшілері тері лейшманиозын ем­дейміз деп түрлі дәрі-дәрмектерді ашық жарақат бетіне себуі салдарынан жара ұлғайып­, жазылуы ұзаққа созылуда. Сондықтан оның алғашқы белгілері пайда болғаннан бастап облыстық тері-вене­рологиялық диспансеріне қаралу қажет.

Ал ел ішінде мынадай профилактикалық шараларды жасаған жөн:

- елді мекендерде санитарлық тазалықты сақтау керек;

- адамдар жеке басын москиттерден қорғауы қажет;

- лейшманиоздың табиғи резервуарларымен (иттер, қасқырлар, шибөрі, кеміргіштер) күрес жүргізілуі тиіс;

- кеміргіштерге қарсы жаппай залалсыз­дандыру жұмыстары жүргізілгені жөн;

- лейшманиоз ауруы тіркелген табиғи ошақ­тарда москиттерге қарсы шаралар жүргізілуі керек.

Б. ИДИЯЕВА,

Шымкент қаласындағы Қаратау ауданы
қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ