Ақпарат

Кенеге немқұрайды қарамаңыз!

Қаралды: 521

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы қазір жұрт сақтануы тиіс аурулардың бірі болып тұр. Осыған орай оқырманды онымен жете таныстыруды мақсат етіп отырмыз.

Конго-Қырым қызбасы адамға ауру кенеден жұғады. Кенелер тышқан, қоян, кірпі терілерінде орналасып, ауру таратады.

Кене шаққан адамның ауруы білдірмей басталуы мүмкін. Бастапқы кезеңінде жалпылама интоксикация белгілерін көруге болады, ол көптеген инфекциялық ауруларға тән. Бастапқы кезінің өзі үш-төрт күнге созылуы мүмкін. Өте жоғарғы қызбамен және қатты әлсіздікпен білінеді, бастың, бүкіл дененің қақсап ауыруы, бұлшық еттердің және буындардың ауыруы байқалады.

Конго-Қырым қанды безгегін емдеу өте қиын. Алдын алу үшін кенеден сақ болу керек.

Инфекция кене шаққан жерден басталады және сырқат адамның қаны тигенде жұғады. Зардапқа негізінен ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысатындар, көктем, жаз маусымы кезінде табиғатқа, орман-тоғайға демалуға шыққан адамдар шалдығады. Сосын ол бір адамнан екінші адамға жұғады.

Клиникалық көріністері мынадай:

Созылмалы (көрінбейтін кезең): Ұзақтығы – 1 – 14 тәулік. Басталу кезеңі 9 күнге дейін созылады. Ауру қатты басталады. Жаурап, қалтыраудан дене температурасы 39 – 40 градусқа дейін көтеріледі. Бас, буын мен бұлшық ет, іш пен бел ауыруы, жүрек айнуы және құсу, іш бұзылуы байқалады.

3 – 5-тәулікте дене қызуы төмендейді. Бір-екі күннен кейін қайта көтеріледі. Сандырақтайтын кезеңнің ұзақтығы 1 – 12 тәулікке созылады. Ауру адамдарды тексеру барысында бет, мойын, кеуденің жоғары бөлігінің, конъюнктиваның қызаруы, көз ағынының қан тамырларында ұсақ қан бүршіктері пайда болуы, жүрек қызметінің бәсеңдеуі, қан қысымының төмендеуі байқалады. Бүйрек тұсы ауыра бастайды.

Геморрагиялық кезең: 3 – 6-тәулікте басталады. Іште, кеуденің оң жақ бүйірінде, иық-белдеу аймағында, жиірек арқада, жамбас және білекте бөртпелер пайда болады. Ине салған жерлерде қанды сүйел байқалады. Шырышты қабықта қанталау көрінеді, жатырдың және мұрынның қанауы, қан түкіру, ішкі дәретпен қан кетуі, қызыл иектің шырышты қабығының, ауыздың,­ тілдің және конъюнктиваның қанауы орын алады. 10 тәулікке жалғасқанда асқазаннан және ішектен қан кетеді. Одан соң босаңдық, ұйқысырау жоғарылайды, науқас естен тануы мүмкін. Құсу жиілейді, кейбір ауруларда ми қабаттарының асқыну белгілері жетіледі. Жүрек соғысының бәсеңдеп, қан қысымы төмендейді. Кейде естен тану жағдайы болады. Тамырдың соғуы бәсеңдеп, жиілеуге ауысуы мүмкін. Іш кеуіп, қолмен басып қарағанда ауырсынады. Бауыр үлкейеді, кейбір науқастарда сары аурудың белгілері болуы­ мүмкін. Бүйрек ауруы белдің ауыруымен, нәжістегі өзгерістермен байқалады­.

Аурудың беті қайту кезеңі дене қызуының қалыпты жұмыс істеуімен және қан кетулердің тоқталуымен басталады. Жүрек соғуы тұрақсыз болады, қан қысымының төмен болуы ұзақ уақытқа дейін сақталады.

...Кене шаққан адамды тез арадаемханаға жеткізіп, ауруды оңаша бөлмеге орналастыру керек. Сосын мамандар тиісті шараларды жасайды.­

Бұл ауруды жұқтырып, емделмеген жағдайда өмірге тікелей қауіп төнеді. Уақтылы және тиесілі емделу кезінде жақсы нәтижеге жетуге болады.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіледі. Олар эндемиялық аумақта жылына  сәуір – маусым  және қыркүйек – қазан айларында зоологиялық-паразитологиялық тексеру түрінде ұйымдастырылып, жүргізілуі тиіс. Ерте және жылы көктем болатын жылдары тексеру наурызда басталады.

...Сақтық шараларын қатаң сақтайық, аурудың алдын алу өз қолымызда екенін ұмытпайық, ағайын!

Т. СЕРМАНИЗОВ,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданы 
қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру