Берік Бекжанов ердің жасы – 50-де

18.07.2017
Қаралды: 725

Бүгінде саналы өмірін елге қызмет етуге арнаған жігіттер аз емес. Сондай азамат­тардың бірі – Берік Бекжанов ердің жасы – 50-ге толып отыр.

Берік Айдарбекұлымен таяуда болып өткен Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында жолығып, оның өмірі жайлы біраз жайларға қаныққан едік. Қай мәселеде болсын өзіндік пікірі бар азаматтың өмірбаяны мені қатты қызықтырды. Сол кезде: «Шіркін, ұлтымыздың барлық жігіттері осы бауырымыздай болса, кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ та қаншама тағылым алар еді. Оларға еліктеп өсер еді» деген терең ойда қалдым.

Берік Бекжанов бұл күндері ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департамент басшысы – Әдеп кеңесінің төрағасы қызметін атқаруда. Ол кісінің өз орнында отырған адам әрі туған жерінің нағыз патриоты екендігіне көзім әбден жетті. Бұл жауапты қызметке тағайындалғанына көп болмаса да көпшілікке ғибрат боларлықтай іс тындырды. Өзі басшылық ететін ұжымда өте беделді. Қарамағындағы мамандар оның іскерлігін, адамгершілігін, қарапайымдылығы мен талапшылдығын үлгі тұтатындығын жасырмайды.

Берік Айдарбекұлы департаменттегі әрбір қызметкердің қарым-қабілетін жақсы біледі. Қолынан келгенше оларға қамқорлық көрсетіп, біліктіліктері мен қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік жасайды.

Оның сөзінен әдебиетіміз бен мәдениетімізді де жоғары бағалайтындығын, тарихымызды жетік білетіндігін, ана тілімізге деген ерекше жанашырлығын да байқау қиын емес.

...Бүгінде республикалық деңгейде талай жауапты қызметтерді атқарып, шеберлігі шыңдалған білікті маманның туып-өскен жері – Шымкент қаласы. Ол жастайынан әкесі Айдарбектен тағылымды тәрбие алды. Анасы да көпті көрген, қазақ қызына тән барлық асыл қасиеттерді бойына сіңірген аяулы жан.

Бекең алғашында қатардағы слесарь болды, құрылыста бетоншы болып жұмыс істеді. Содан кейін барып әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің заң факультетіне студент болып қабылданды. Осындағы құқықтану саласындағы іргелі еңбектердің авторлары, мүйізі қарағайдай ғылым докторлары мен профессорлардан дәріс алды. 1992-жылы оқуды тәмәмдап, қолына көптен күткен дипломды алған соң туған жеріне оралды. 

Бастапқыда ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы бұрынғы Алғабас, Бөген аудандық прокуратураларында стажер болып еңбек етті. Ол үшін Ордабасы ауданындағы прокуратурада прокурордың көмекшісі, тергеуші болып істеген жылдардың да алар орны бөлек.

Білімді заңгер жылдар өткен сайын өзінің жаңалыққа жаны құштар маман екендігін айналасындағыларға дәлелдеді. Әріптестері оның Созақ ауданында және Шымкенттегі №2 соттың судьясы болып қызмет еткен кезеңдерін де жақсы біледі. 2003 – 2005-жылдары Түркістан аудандық сотының төрағасы болған жылдары да ондағылар Бекеңнің қара қылды қақ жарған әділдігіне, қашан да адам тағдырына айрықша жауапкершілікпен қарайтындығына тәнті болған.­

Содан кейін ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы соттардың әкімшісі, уақыт өте ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің осы өңірдегі басқармасының басшысы болып қызмет атқарды. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Мұнда да өзінің білікті заңгер екендігін әріптестеріне жан-жақты көрсетті.

Адал еңбек қашан да бағаланбай қоймайды. Берік Айдарбекұлы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Бекең – отбасында сүйікті жар, адал әке. Бұл күндері балаларын ұлтжандылыққа, білімділікке тәрбиелеп жатқаны көпке белгілі.

Ердің жасы – 50-ге толғалы отырған мемлекет қайраткерін мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Оған мықты денсаулық тілейміз, жауапты қызметінде тек биіктен көріне беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ.

Қостанай қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ