Ақпарат

«Замананың» арқасында Астананы да көріп келдік», – дейді шымкенттік азамат

Қаралды: 398

Шымкент қаласының тұрғыны Серікқали Бектасов – «Замананың» тұрақты оқырмандарының бірі. 

Секең жұбайы Жұлдызаймен және қызы Айманмен бірге таяуда Астанаға барып қайтты. Келген соң біз ол кісіден Елордада көрген-білгендері жөнінде сұрадық. Қалжыңқой Секең әңгімені әзілден бастады.

Дәрігердің көрсеткен қызметіне риза болыпты

«Замананың» арқасында Астананы да көріп қайттық, – деді ол. – Рас қой. Газет­те­ріңізді оқып жүріп өзімізге қажетті бір дәрігерді тауып алғанымызды білесіздер. Сол кісіге қызымызды көрсетуге бар­ғанбыз. Оған қоса Аста­наны аралап, «ЭКСПО» көр­месін тамашалап, тіпті 40 жылдай көрмеген кластасыммен де кездесіп қайттым».

Секеңнің дәрігер тауып ал­дық деп отырғаны – Астанада­ғы бір емханада невропатолог-эпилептолог болып жұмыс істейтін Бибігүл Ал­таева есім­ді білікті маман. Кезінде га­зетімізде «Эпи­лепсия ау­руы­нан жазылған қыз» деген тақырыппен мақа­ла жарияланған болатын, осы мақала кейіпкері – Ордабасы ауданының тұрғыны Тұрсынай Шабданова өзінің эпилепсия ауруынан Б.Алтаеваның жәрдемі­мен жазылғанын айтқан еді. Осыны оқыған Бектасовтар отбасы қыздарын Б.Алтаеваға апарып көрсетуге тәуекел еткен екен. Өйткені анда-санда тілі ұйып, мазасы кете­тін, жиі шошынатын кішкентай қыздарына шымкенттік дәрі­герлер нақты диагноз қоя алмапты. Жергілікті мамандар бер­ген дәріні ұзақ уақыт бойы ішкен қыз салмағы артып, бауыры ұлғайып, денесі ісініп кеткен.

«Заманадан» әлгі мақаланы оқығасын қызымды Бибігүл Алтаеваға апарып көрсетуді ұйғардық, – дейді Секеңнің жары Жұлдызай. – Сосын ол кісінің телефон нөмірін алып, хабарластық. Биылғы қаңтар айындағы бірер күн дема­лысымда қызымды Астанаға апарып, Бибігүл апайға көр­сет­кенмін. Дәрігер оны тексеруден өткізді, диагнозын қой­ды. Айтуынша, қызым гипер­бе­лсенді болып туылған, қи­мыл-қозғалысты, балалармен жиі ойнауды қажет етеді екен, үйде ондай мүмкіндіктер бола бермегесін бойында әлдебір жайсыздықтар пайда  болыпты. Дәрігер оның бұдан көп ұзамай-ақ арылып кететінін айтып қуантты. Сосын осыған дейін ішіп келген дәрісін бұ­дан былай қолдануға тиым салды, оның орнына басқа дәрі берді. Енді үш-төрт айдан кейін келіп көрінесіңдер деген, бірақ оған мүмкіндігіміз болмай, Астанаға өткен маусым айының соңына қарай бардық. Дәрігердің тағайындаған дәрісі осы аз ғана уақыттың ішінде жақсы нәтиже берген болатын, қызым денесінің домбығып-ісінуі тоқтап, артық салмақтан арылған еді. Кей-кейде болып тұратын дір-дір етіп шошынатынын да мүлде ұмытқан болатын. Бұл жолғы тексеру нәтижелеріне де қатты қуанып қайттық, қызымның жағдайы жақсарып келеді екен. Енді үш-төрт айдан соң қайтадан барып бір тек­серілетін болдық.

Өз басым дәрігерге өте ризамын. Ол кісіге балаларын көрсетуге адам көп барады екен. Науқастарды дәрігер қабылдауына алдын-ала жазып қояды, сол тізіммен қа­былдайды, көрсетілген сағат бойынша кезегі келгендер күтіп әуре болмайды, дәрігер ал­дына дер уақытында кіреді. Анализдер алу, түрлі тексерулерден өту де осындай жолға қойылған, қысқасы, барлық жағдай жасалған».

38 жыл көрмеген кластасымен кездесіпті

Секеңдердің отбасы Астанаға 26-маусымда аттанған, ол жақтан Шымкентке 3-шілдеде оралды. Осы аз ғана уақыт ішінде балаларын дәрігерге көрсетіп, «ЭКСПО» көрмесін, Астананың көрікті жерлерін аралап қайтыпты.

«Астанада тұратын бажамның үйінде болдық, – дейді С.Бектасов. – Балдыз екеуі де жұмыс істейді, үйлеріне 400 мың теңгеден астам кіріс келеді екен. 120 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Дегенмен бажам әскери адам болғандықтан пәтер ақысын жұ­мыс орны төлейді екен. Бажамның үйінде тұрғасын жағдайымыз болды, әйтпесе дәрігерге көріну, қыдыру жағы­на аз ақша кеткен жоқ. Ол жаққа қалтаңды толтырып баруың керек екен.

«ЭКСПО» көрмесіне бір күн уақытымыз кетті. Шар сияқты салынған 8 қабатты «Нұр Әлем» деген ғимаратта болдық. Оған кіруге адам көп, екі сағаттай кезек күтуімізге тура келді. Оның әрқайсысы 15 адамнан көтеретін 4 лифті бар екен, 8-қабатқа жеткізіп салады. Сол жерден бастап төмен қарай сатымен айналып түсе бересің, әр қабаттан ғажайып нәрселерді көріп таңданумен боласың. Оған да екі сағаттай уақытымыз кетті. Ертеңіне «Бәйтерек» пен «Ханшатырды» барып көрдік.

«Уатсап» арқылы кезінде өзім туып-өскен Ақтөбе об­лысы, Шалқар ауданындағы Бершоғыр ауылындағы мек­тепті бітірген Ұмытқан есімді құрбымды тауып алған едім. Ол Семей жақтың жігітіне тұрмысқа шыққан болатын. Таяуда пәтер алып, Астанаға көшіп келіпті. Онымен арада 38 жыл өткесін Елордадағы «Керуен-Сити» деп аталатын сауда-ойын-сауық кешенінде кездестік.

Ұмытқандар биылғы нау­рыз айында Астанадан пәтер алыпты. Елордаға бір қы­дырып барғандарында үй салып жатқан құрылыс фирмасымен үлескерлік келісім-шартқа тұрған екен. Алғашқы жарна ретінде ақшаның 50 пайы­зын, яғни 6 миллион теңге төлеп, қалғанын әр ай сайын салып тұрыпты. Сөйтіп 12 мил­лион теңгеге шығынданып, пәтерге 3 жылда  қол жет­кізіпті. Ұмытқан бүгінде күйеуі Семейдегі мұғалімдік жұмы­сынан босанып, үйін сату қамымен жүргенін айтты».

...Газетіміздің оқырманы бізге осындай әңгіме айтып берді. Яғни Бектасовтар от­ба­сы Астанада болған бір­ер күн ішінде бірталай шаруаны бітіріп, біраз жайларды біліп қайтыпты.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру