Ақпарат

Бекболат бақсының кереметіне куә болдық

Қаралды: 1291

Өткен маусым айында біз «Бекболат бақсының кереметтерін көрдік» деген тақырыпта мақала жазған­ болатынбыз. 

Онда қызылордалық бақсының жоқ іздеген жандарға қажетті ақпарат беретіні туралы және өзіміз куә болған жайлар жөнінде баяндалған еді. Кешегі сейсенбі күні біз тағы да Бекболат Қалмахановтың (суретте) таңқалдырар тылсым оқиғасын өз көзімізбен көрдік.

Бекболат Имашұлы «Замана» газетінің редакциясына арнайы келген болатын. Бұл сапарында ол әлеуметтік желі ар­қы­лы тікелей эфирде жоқ іздеген жандардың сұрақтарына жауап беруге тиіс еді. Бақсының тікелей эфирге шығатынынан құлағдар көпшілік те сауалдарын бірінен кейін бірі жаудырып жатты. Бекболат Имашұлы жоқ іздегендерге мей­лінше толық және дәл жауап беру үшін ол адам міндетті түрде өз аты мен әке­сінің атын айтуы керек екенін ескертті.

Созақ ауданынан Досымбек Нағашыбекұлы: «Ай сайын бір құлыннан жоғалтып жатырмыз. Соңғы 4-ші құлын осыдан 3-4 күн бұрын жоғалды. Қасқыр тиді дейін десем, сүйегі жоқ. Таба аламын ба? Қай жақтан іздеймін?» – деген сауал жолдаған екен. Көзін жұмып, сәл ғана теңселе отырған бақсы: «Иә, Алла! Қамбар баба, қолдай гөр!.. Оңтүстік-батыс жақ бетінен көрсетіп жатыр. Ауылынан ұзап тұрған жоқ. Орта бойлы, денелі келген сары кісінің қолында. Табылады. Қорада ұстап тұр. Бірақ құлынның соңғы екеуін табады, алғашқы жоғалған екеуін таба алмайды», – деп жауап берді.

Бес мың теңгесін жоғалтқан Айбота Бірлік пен сөмкесінен 40 мың теңгесін ұрлатқан Райхан Әбдірахмановаға бақсы: «Табылмайды», – деп қысқа ғана жауап қайтарды.

Ләззат есімді келіншек 1948-жылы туылған Қонақбай Сағынтайұлын із­дейтінін жазыпты. 2017-жылдың 2-сәуі­рін­де үйінен шығып кеткеннен қайта оралмаған оны туыстары 4 айдан бері іздеп, таба алмай жүр екен. Тағы да көзін жұма теңселген Бекболат Имашұлы: «Бұл кісі жер бетінде бар. Өмір сүріп жатқан адамды көрсетіп тұр. Жаманат хабардан аулақ. Маған Солтүстік облыстарды көрсетіп тұр. Жанында өзін танитын 2 адам бар. Олардың бірін бұрыннан тани­ды, екіншісімен жақында танысқан.  Ша­мамен 20 күн, яки 1 ай шамасында туыс­тарына сүйінші хабар келеді», – деді.

«Күйеуім Даумегенов Қайыржан Бек­қа­риевичтің қайтыс болғандығы туралы куәлігін жоғалттым», – деген Гүлнәр Тө­леуо­ваға: «Құжаттар тапсырамын деп бір күнде 4 мекеме аралапсыз. Соның соң­ғысында қалдырып кеткенсіз. Есіңізге түсіріп, қайта барсаңыз, тауып аласыз», – деген жауап қайтарылды.

Біздің байқағанымыз, жоғалған затты сипаттап, қайда екенін айту үшін Бекболат Имашұлына 3-7 минут уақыт жет­кілікті екен. Ал оған күніне кемінде 15 – 25 адам хабарласатын көрінеді. Мал, оның ішінде жылқы жоғалтқандар көп. Адам жоғалту бойынша да көмек сұраушылар кездеседі.

Шынында да 15 минутқа ғана созылған «ғайыптан ақпарат алу» сеансы кезін­де Алматы, Астана, Қарағанды, Семей қа­лаларынан хабрласушылардың көпші­лігі сырғасының сыңарын, әжесінен есте­лік болып қалған жүзігін, үйінде не сөмке­сінде, сандығында сақтаған алтын бұ­йым­дарын жоғалтқандарын айтып жатты.­

Ал мына жауап бізді шынында да таңқалдырды. «Менің анамның Өтеген – Нұрия деген достары болған. Олардың Бейсенбай деген баласы үйден шығып кетіп, қайта оралмағанына 12 жыл болды. Олар баламыз әлі күнге келеді деген үмітте. Сіздің көмегіңіз тиер ме екен?» – деп сұрады Мараш Мұханбетқалиева. Маңдайынан шып-шып тер шыға бастаған бақсы: «Бұл адам саудасына қатысты іс сияқты. Мен ол жігітті Қазақстан территориясынан  көріп тұрған жоқпын. Таулы аймақ. Тәжікстанға ұқсайды. Екі жылда хабары шығады. Үйіне аман-есен оралады. Мен жасы үлкен азаматты көріп тұрмын», – деді.

Уазира Хуанган деген әйел: «Саламатсыз ба, Бекболат? Сізден өтініп сұраймын, бізге көмектесіңізші. Әкемнің туыс қарындасының жоғалып кеткеніне 10 жылдан асты. Табылып қалар деп әлі үміттеніп жүрміз. Аты-жөні – Күрішжан Тұрдашқызы. Алматы облысындағы Жаркент қаласында тұрған. Қазір жасы 60 – 65 шамасында болуы керек. Бала-шағасы, туыстары бар. Бірақ өзінен еш хабар­ жоқ», – деген сауал қойды. «Иншалла! – деп қатты дауыстаған бақсы тағы да көзін жұмып, теңселе отырып жоғалған адамның­ аты-жөнін екі рет қайталады да: – Бұл кісі бақилық болып кеткен. Таулы аймақта аты-жөні белгісіз адам ретінде жерленген. Басқа дерек айта алмаймын», – деді.

Сұрақтарға тез жауап бергенімен Бекболат бақсының көзінен шаршағаны, маңдайынан шыққан шып-шып терден санасына ауыр салмақ түскені аңғарылып тұрды.

Біз мұның барлығын телефонның бей­нежазбасына түсіріп тұрғанбыз. Сәлден кейін қолымыздағы телефонның шектен тыс қызып бара жатқанын байқадық. Телефоны жай ғана үстелде тұрған жандарда да осылай болды. «Сотканы» ұстау мүмкін емес: жарылып кетердей ыстық болып кеткен. Солайша көп ұзамай бақсыдан басқамыздың ұялы те­лефонымыз өшіп қалды. Таңданысы­мызда шек қалмады. Бұл – кондиционер қосылған кең де салқын бөлмеде болып тұрған жағдай.

«Ал... бұл не сиқыр?» – дедік біз күліп. Стакандағы судан бір жұтып, тамақ жібітіп алған бақсы мұндай жағдайдың 2010 және 2015-ші жылдары да бол­ғанын айтты. Ол кезде бейнежазбаға түсіріп тұрған видеокамера істемей қалған екен. «Мен ақпарат алу үшін Ал­ладан күш-қуат сұрап, бар ойымды жоғарыға – ғарышқа жіберемін. Ақпарат маған орасан үлкен энергетикамен оралады. Техниканы қыздырып жіберетін сол кездегі қысым болар деп ойлаймын», – деп түсіндірді мұны бақсы.

Айтуынша, Бекболат Имашұлының бұл қасиетті толық мойындап, мойын­сұнғанына 11 жыл болыпты. Оған дейін талай сынақтан өткен көрінеді. Баз­біреулерге қызық та оңай көрінгенімен адам емдеу, жол ашу, жоқты айтудың оңай емес екенін мойындайды.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Мен де Жаратқаның пендесімін, сондықтан менің де қателесуім мүмкін. Әсіресе адамдар бірінен кейін бірі хабарласса ақпараттан шатасуым ықтимал.

«Замана» газетіне мен жайлы мақала­ жарияланған соң телефоныма күндіз-түні тыныштық болмай қалды. Соңғы кездері түнгі сағат 11-ден кейін теле­фонымды өшіріп қоятын болдым. Көпшілікке ол да ұнамайды, жауап бермейтін болсаң неге көріпкел болып жүрсің деп ұрсады. Дегенмен Алла берген қасиетті адамдардың­ игілігіне жұмсағым келеді», – дейді ол.

Бекболат Имашұлының байланыс  телефоны – 8-777-067-40-32.

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру