Ақпарат

Сүлік салдырғыңыз келе ме?

Қаралды: 621

Бүгінде ел ішінде сүлікпен емдеу тәсілін үйренгендер, оны адамдарға қолданып жүргендер аз емес. 

Шымкенттегі «Гирудомед» медициналық орталығының директоры – бас дәрігері, гирудотерапевттер альянсының президенті Салтанат Серікбаева – осындай білікті мамандардың бірі. Таяуда біз ол кісімен сұхбаттас болдық.

– Салтанат Жақсылыққызы, жалпы, емнің мұндай түрімен айналысуыңызға не себеп болды?

– Мен бұрын невропатолог болып жұ­мыс істей­тінмін. Алдыма күніне шағы­мын айтып көп адам келетін еді. Дәрігер болғасын бәріне дәрі жазып бересің. Алайда ол біріне ем болады, ал екіншісіне жақпайды. Тіпті кейде кері әсерін беруі де мүмкін.

Маған үнемі басым ауырады деп шағымданып келетін бір науқас кісі болды. Оған ең мықты деген ем түр­ле­рін тағайындасам да еш нәтиже­сі болмады. Содан бір күні ол маған: «Сүлік салып берсең қайтеді?» – деп өтініш білдірді. Негізі мен университетте оқып жүргенде ұстазымнан сүлікті қалай салу керегін көріп алғанмын. Соған сүйеніп әлгі кісіге сүлік салдым. Бір қызығы, науқас кісі содан кейін бас ауруынан құлан-таза айығып кетті.

Осыдан бастап сүлікпен емдеу әдісіне қызығып, жан-жақты зерттедім. Мәскеулік дәрігерлерден дәріс алдым. Тәжірибеден өттім. Араға екі жыл салып «Гирудомед» дейтін клиниканы аштық. Қазір клиникамыз Астана, Алматы қалаларында да қызмет көрсетеді.

– Сүлік салдыру қандай сырқат түрлеріне ем бола алады?

– Сүлік негізінде барлық аурулар­ға ем. Оның аузында 100-ден астам фермент бар. Яғни оны адам денесінің маңызды нүктелерін тауып, жақсылап қоя білсе, бұл ферменттердің жазбайтын ауруы жоқ. Денедегі қанды шығарады, сілекейі арқылы ағзаға пайдалы ем­ жібереді әрі жүйке жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіреді.

Сүлік салу арқылы қалқанша без, сүт бездері, бас ауруы, қан-тамыр аурулары, инсульт, геморрой, көз аурулары, псориаз, экзема, неврология, қан қысымы жоғарылау, буын аурулары се­кілді көптеген дерттер емде­леді. Тек қана қаны тым сұйық кісілерге сүлік салуға болмайды.

Осы ретте айта кетейін, сүлікпен әйелдердің гинекологиялық ауруларын да ем­деуге болады. оның бала көтере алмай жүрген келін­шектерге де пайдасы орасан зор. Сондай-ақ прос­татит, аденома секілді еркек­тердің ауруларына да ем.

Біз тек сүлік салып қана қоймаймыз. Бізде гинеколог, уролог мамандардың кеңесін алуға, сондай-ақ емдік массаж, ине терапиясы мен хиджама жасатуға болады. Анализдердің барлық түрін тексере аламыз.

– Қант диабетімен ауы­ратын кісілерде жараның жазылуы қиын болады. Мұн­дай жағдайда ол кісі­лер сүлік салдыра ала ма?

– Біздің мамандар сүлікті бас салып қоя бермейді. Бізге келген әр нау­қастан арнайы анализ аламыз. Қан­ның құрамын толық тек­сереміз. Яғни қант диабе­тімен ауыратын науқастың ағзасы сүлік салудың талаптарына сай келсе, онда болады. Негізі қант диа­бе­тіне шалдыққан адамдар бір жерімді кесіп алсам жазылмай қала ма деп қор­қады. Алайда сүлік салса, қан тоқтамай қалуы мүмкін деп қорқуға негіз жоқ. Керісінше, денедегі басқа да жа­ра­лардың тез жазылуына ықпал етеді. Себебі сүлік салғасын қанның құ­рамы жаңарып, айналымы жақсарады.

– Сүлік салудың арнайы мезгілі бола ма?

– Болады. Мәселен, варикозбен ауыратын науқастарға күн суық кезде, яғни қыстыгүні, күзде сүлік салуға болмайды. Суықтап қалуы мүмкін. Жалпы, сүлікті күн жылы кезде салдырған дұрыс. Себебі сүлік салдырып болғасын адамдар көп терлейді. Жаңа босанған әйел сияқты буын-буындары босайды. Сондықтан күн жылы кезде салдырып, үйде жақсылап күтінгені жөн.

– Соңғы кездері қыз-келіншектер бетке де сүлік салдыратын болды. Оның қандай пайдасы бар?

– Бетке сүліктің ең кішкен­тай түрі салынады. Оны арнайы тапсырыспен алдыртамыз, себебі көпке шыдай бермейді. Ал енді оның пайдасын айтар болсам, ал­ды­мен қан айналымын жақсартады. Беттегі ұсақ тамыр­ларды қайта «тірілтеді», әжімдерді тегістейді. Беттегі дақтарды кетіріп, түсінің жақсаруына септігін тигізеді. Айтпақшы, безеуі бар қыз-келін­шектерге де сүлік – таптырмас ем.

– Жалпы, ауру неден пайда болады деп ойлайсыз? Ауырмас үшін адам не істеуі керек?

– Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Негізі адам анадан туылғанда ауру атаулыдан ада болады ғой. Жүре келе түрлі дертті бойымызға жабыстырып аламыз. Себебі неде? Осы сұраққа мен былай деп жауап берер едім:

Баланы кішкентай кезінен шымыр етіп өсіру керек. Отқа да, суға да салған жөн. Суықтап қалады, жалаңаяқ жүрсе аяғынан ыстық өтеді деп өбектей бермеу керек. Баланы «қуырыңыз»!

Шынын айту керек қой, бұрынғының­ адамдары бейнетке көп араласатын. Таза ауада табиғи өнімдерді тұтынды. Соның арқасында аурудың не екенін білмеді. Ал қазір ше? Бетоннан соғылған пәтерде тұрамыз, балаларымыз күн астында көп жүрмейді. Көргені – теледидар, ұстағаны – смартфон. Соның бәрі жүйкемізге, жалпы, ағзамызға кері әсерін тигізуде. Сондықтан айтарым, балаларды демалыс кезінде міндетті түрде ауылға жіберу керек. Оған мүмкіндік болмаса спорт секцияларына қатыстырған жөн. Мұның бәрі кейін, үлкейген кезінде өз пайдасын тигізеді.

– Бүгінде аурулардың көбі қанға байланысты болып кетті. Қан қысымы көтерілді, қандағы қант мөлшері көтерілді, қаны қоюланып кетіпті, қанынан түрлі инфекция шығыпты дегенді жиі еститін болдық. Осының себебі неде деп ойлайсыз?

– Сіз тізген аурулардың бәрі қанның қоюланғанынан пайда болады. Ал шетелде жасы қырықтан асқан адамдар қаны қоюланбас үшін міндетті түрде «Аспирин», «Тромбо-АСС» секілді дәрі­лерді ішіп тұрады. Өкінішке қарай, осы нәрсе бізде әдетке айналмай жатыр.

Негізі адам жылына бір рет ағзасын түрлі қалдықтардан тазартып тұруы керек. Кемінде бір ай майлы, қуырылған тамақтардан, газдалған сусындардан, арақ пен темекіден бас тартып, ағзаны «демалдырғаны» дұрыс.

– Осы салаға түбегейлі бет бұрған кәсіпкерсіз ғой. Сіздің кәсіппен айналысқысы келетін оқырмандарымызға қандай кеңес берер едіңіз?

– Кез келген кәсіппен айналысқысы келетін адам алдымен сол салаға бар жан-тәнімен берілуі керек. Сол іспен айналысқанда ләззат алатындай дәрежеге жетуі тиіс. Сонда ғана кәсібі берекелі, мығым болады.

– Әңгімеңіз үшін рахмет, ісіңіз ілгерілей берсін деген тілек білдіреміз.

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

P.S. «Гирудомед» клиникасының байланыс телефондары: 8-777-094-28-14, 8-705-286-45-45, 8-775-234-47-47.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру