Ақпарат

Тағдырды өзгертуге бола ма?

Қаралды: 693

Тіршілігінде бір рет болса да тағдыр жайлы ойланбаған адам жоқ шығар? Қандай да бір қиындық, 

шешілместей көрінген күрделі күрмеулі мәселелер тығырыққа тірегенде еріксіз тағдырдың қатал екенін еске аласың. Қате қадам жасап қоймас үшін қандай әрекет жасау керектігін білмей бас қататын кез де көп. Тағдыр деген сөз осындайда еске түседі. Жолайрықта қай бағытты таңдауды білмей қиналғанда не істеуге болады? Бұл сұрақтардың жауабын, өзіңізге бақыт, табыс, береке, жақсылық әкелетін жолды өзіңіздің тағдыр саныңыз арқылы табуға болады екен. Мұның құпиясын бізге Орал қаласында тұратын нумеролог Алина Сәбитқызы (суретте) айтып берді.

Нумерология деген не?

– Алина, нумерология арқылы адамның өмірін, тағдырын жақсы арнаға бұруға, сәттілік пен табысты болудың кілтін табуға болады деп жатады. Осы рас па?

– Сандардың адам өміріне қатысы бары рас. Ол ар­қылы сол адамға қатысты барлық нәрсені анықтауға болады. Сонымен қатар нуме­рология қиындықтың себебін анықтап, оны шешуге қолайлы уақыт, тиімді жолды анықтауды дәл көрсететін ілім. Яғни нумерология тағдырды өзгертпейді, бірақ табиғатпен үндесе, оның заңдылықтарын дұрыс қолдана отырып, бақыт пен шаттық құшағында өмір сүруге көмектеседі.

– Сіз мұны қалай үйрендіңіз?

– Менің нумерологиямен айналысып келе жатқаныма 10 жыл болды. Бұл салаға мен оқушы кезімнен бастап қызықтым. Тереңдей енген сайын адамның өмірге келген күні, яғни сандардың да адам тағдырына әсер ететін құпиясы барына көзім жетті. Бұл ілім астрологиямен тығыз байланысты бол­ғандықтан оны да тереңдете оқыдым. Ал өзім кәсіби психологпын. Осы үш мамандықтың арқасында қазір адамдар­ға қашықтан да (скайппен, телефон арқылы) көмектесіп жүрмін.

– Қызмет ақыңыз қанша?

– Қымбат емес, 3000 тең­ге. Қызмет ақысын «Казкоммерцбанктегі» карточкама немесе киви-әмиянға салса болады. Сосын әр адаммен кемінде 1 сағат жұмыс жасаймын. Хабарласушы­ адамды не мазалайды, қандай қиындығы бар, одан шығудың жолы, табыс­ты­ болу үшін не істеуі керек, денсаулық немесе отбасы, жалғыздық, бала­лы болу, мамандық таңдау, кәсіп бас­тау деген сияқты мәселелерде діттеген мақсатына жеткізетін жолды анықтап, кеңес беремін, психологиялық көмек көрсетемін. Мен тиянақты да дәл жұмыс істегенді жақсы көремін. Жай ғана жылы сөзбен жұбатып, «бәрі жақсы болады» деп шығарып салу маған жат нәрсе. Тағдыр саны мен әр адамға әсер етуші планетаның қозғалысын саралай келе сұрақтарға нақты және толыққанды жауап беремін.

Сандар арқылы нені анықтауға болады?

– Оның бәрін сандарды есептеу арқылы анықтайсыз ба?

– Иә. Хабарласушылар маған өзінің аты мен туған күні, айы мен жылын айтса жеткілікті. Сосын сандар сөйлейді. Қалғанының бәрін – көңіліндегі сұрақты өзі айтпаса да анықтай аламын. Мақтанғаным емес, маған көбіне жақсылықтан күдер үзген, тығырыққа ті­релушілер хабарласады. Ол адамның тағдырында ажырасу жазылған болса оны ашық айтамын, ал мәселені шешу мүмкін болса, не істеу керектігін түсіндіремін, дұрыс жолды нұсқаймын. Күйеуі не әйелімен арақатынасы суып, тіл табыса алмайтындар да хабарласады. Алға басқан қадамы кері кеткен, қанша еңбек етсе де табысы кө­­­бею­дің орнына қарызға батқандар, емделсе де нәтиже болмай, денсаулығы сыр бергендер, жұмысқа тұруда кедергіге тап болғандар, жалпы, барлық мәселемен көмек сұрайтындар жеткілікті. «Балам мектеп бітірді, қай мамандықты таңдаса қателеспейді? Қай қалаға оқуға түссе жолы болады?» деп сұрайды. «Денсаулығым жақ­сы, бірақ балалы бола алмай жүрмін» дейтіндер бар. «Арықтағым келеді», «Қызметім өсе ме?», «Жұбымды таба алмай жүрмін». «Жаңа кәсіп бастағым келеді, қай салаға бет бұрғаным дұрыс?» дейтіндердің барлығына да тез табыс­қа жететін жолды нұсқаймын.

– Түсінікті болуы үшін осы мәселелердің шешімі қандай болатынына тоқталыңызшы?

– Былтыр маған 47 жастағы бір әйел хабарлас­ты. Орал қаласында тұ­рады екен. Еңсесін зіл басқан оның ештеңеге зауқы соқпайды, отбасында да береке жоқ. Қадамы кері кетіп, ісі алға баспай қойған. Оның қоныс ау­даруға ниет еткенін анықтадым. Оған Оңтүстік бағытқа қарай көшсе жолы болатынын түсіндірдім. Өйткені оған бақыт та, береке де, денсаулық та, табыс та сыйлайтын мекен сол жақ­та еді. Қазір ол табысты кәсіпкер. Өзінің өмірлік жолына түскен бақытты жан.

Тұрмысқа шықпаған қыздар хабарласып жатады. Немесе осы адамның етегінен ұстасам бақытты боламын ба деп сұрайтындар бар. Оның қателеспейтін анық жолын өзінің тағдыр саны арқылы көрсетіп беремін. Нумерологияның арқасында өзін алақанында аялап ұстайтын, бақытты ететін, арқа сүйейтін лайықты өмірлік жұбын тапқан қыздар көп. Мен олар үшін әрдайым қуаныштымын.

Тағдыр санының адамға әсері бар ма?

– Нумерологияда қателесу мүмкін бе?

– Мыңнан бір пайыз жағдайда ғана! Яғни мүмкін емес деуге де болады. Өйткені нумерология – бұл математика! Дәл есептеген жағдайда математикада қателеспейтініңіз сияқты, мұнда да қателесу болмайды. Ал мен оған астрология­ны қосамын. Сонда әр адамның жұлдызды шағын, жолын дәл таба білемін.

– Ал тағдыр санын қалай есептейді? Өмірге келген күн, ай мен жылдағы сандарды бір-біріне қосса, тағдыр саның шығады дейді, сол рас па?

– Рас. Бірақ ол аясы өте тар аз ғана мәлімет. Теңіздегі тамшыдай ғана десем де болады. Мен жаңа айтып өткен мәліметтердің бәрін анықтау әр адамның өзінің жұлдыз белгісі мен әсер етуші планета қозғалысын, әр жылдың өзіндік ерекшелігін де есепке алу керек. Сонда өткен өмірің, алдағы тағдырың алақандағыдай анық болып шыға келеді.

– Туған күннің қосындысынан шыққан санның (тағдыр саны) мінез бен адам өміріне қатысы жайлы қысқаша айта кетіңізші.

– 1 саны – Күн белгісі. Бақытты сан. Олар әрдайым бірінші болуды қалайды, соған ұмтылады. Лидерлер. Тәуелсіз тұлғалар. Шектеуді, өзгеге бағынуды ұнатпайды. Олар өз кәсіптерін ашса сөзсіз табысты болады.

2 саны – Ай белгісі. Сәтті сан. Не­гі­зінен әйелдерге қорған болатын планета. Сондықтан тағдыр саны осыған сәйкес келетін әйелдердің жолы бол­ғыш келеді. Ал ер адамдардың мінезі жұмсақ, иілгіш, көнбіс болады. Екі дегеніміз – жұп белгі. Яғни олар өмірлік жұбын адаспай табады. Табысы артса екі еселеніп, шығыны көбейсе де солай болады. Сол үшін олар дүйсенбі күні ірі сауда жасамағаны, қарыз алып, қарыз бермегені дұрыс.

3 саны – Юпитер белгісі. Ғажайып бақыт пен табысты адамның жұлдызды белгісі. Юпитер әсіресе Мергендерге сәттілік әкеледі. Мергеннің өзі төрт аяқты кентавр­дың белгісі ғой. Олар әрдайым асығыс, бәріне үлгеру үшін зыр жүгіріп жүреді. Денсаулықтары да жақсы. Өмірлік жолын дұрыс тапса, қаржылық қиындық дегенді сезінбеуі тиіс.

4 саны – Уран белгісі. Бірбеткей жандар. Өмірінің алғашқы жартысында біраз қиындықтар кездеседі. Оларға табыс пен сәттілік 40 жастан кейін келеді. Одан кейін төрт құбыласы түгел болады. Бастаған ісін соңына жеткізбей тынбайтын оларға сенім артуға болады, ешқашан қиындықта қалдырмайды.

5 саны – Меркурий белгісі. Ол сауда-саттық Құдайы. Әсіресе тағдыр саны 5 санына сәйкес келетін Егіздер жұлдызындағы адамдардың жолы болғыш келеді. Мәңгілік қимыл-қозғалысты білдіретін бұл белгідегі адамдар белсенді, тез жалығады, жаңа істерге құлшынып тұрады, бір орында байыз тауып отыра алмайды, әрда­йым жаңа бастамаларды сынақтан өткізіп жүреді.

6 саны – Венера белгісі. Ұзақ өмір сүру мен табысты болуды қамтамасыз ететін планета. Олар қаржыдан тарықпауы тиіс. Қиындықтан тез жол табады. Өз өмір жолына дұрыс түссе, қай нәрседе де қиындық көрмейтіні анық. Жалпы, жолы болғыш жандар деуге болады.

7 саны – бөгдепланеталықтар. Оларды бірден түсіну қиын. Өйткені өзінің қиялы мен арманының жетегінде өмір сүретін жандар. Жаны тез жараланғыш. Өмір жолында бірқатар қиындықтар болады. Әсіресе тағдыр саны 7-ге сәйкес келетін қыздардың жанын түсінетін адам аз болады. Олар өзін түсінетін, қамқор болатын жанды табу үшін 7 санына сәйкес келетін ер адамның етегінен ұстағаны дұрыс.

8 саны – Сатурн белгісі. Ол Тауешкілерге сәттілік әкелетін сан. Ұзақ өмір сүретін адамдар. Қаржыдан тарықпайды. Кәсіпкерлікке бейім, қай істі бастаса да көзін тауып, дөңгелетіп әкететін қасиеті бар. Өзгеге жұмыс істей алмайды, өз кәсібі болады. Екі нөлдің біріккен саны болғандықтан күтпеген жерден көкке көтерілуі де, құлдырай құлауы да тез. Сол сияқты ақша оған қалай тез келсе, жұмсалуы да жылдам болады. Яғни кірісі мен шығысы тең. Бірақ ол анау айтқандай қаржыдан қысыла қоймайды. Жайлы басшы. Бірақ табыс оған жасы 40-қа таяғаннан кейін ғана келеді.

9 саны – Марс белгісі. Рухани әлемнің адамы. Әдетте бұл белгідегілердің некеде жолы бола бермейді. Ажырасушылардың көбісі осы тағдыр саны 9 санына сәйкес келетін адамдар. Марс сияқты күтпеген өзгерістерге, проблемаларға кезігеді де жүреді. Тез ашуланады. Күйгелектігі де бар. Проблеманы мінезінен, тілінен табады. Ойланбай сөйлеп қоятын әдеті бар.

Бұл жалпы қысқаша мәлімет қана. Оған адамның атын, жұлдызнамасын қосып есептегенде бұдан да көп мәлімет беріп, бақытқа жетелейтін жолды нұсқай аламын.

– Қызық мәліметтермен бөліскеніңіз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан – Р. САҒАТҚЫЗЫ.

Редакциядан: Нумеролог-астролог Алина Сәбитқызына 8-701-474-82-88 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Unknown 11.07.2017 12:48
Астрология, нумерология ол жалған ілім
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру