Ақпарат

Суға шомылғанда сақтықты ойдан шығармаңыз

Қаралды: 634

Кешегі аптада Оңтүстік Қазақстан облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығында арнайы семинар ұйымдастырылды. 

Оған аталған орталықтың аудандардағы филиал қызмет­керлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиында мамандар бірнеше маңызды тақырыптар бойынша баяндама жасады.

Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету стансасының дәрігері Махигүл Хусанованың (суретте) «Суда шомылу кезіндегі ережелер мен алдын алу шаралары, суға кеткенде көрсетілетін алғашқы көмек ережелері» тақырыбымен дайындалған хабарламасында су қатері және оған ұшыраған адам ағзасында қандай қауіпті өзгерістер жүретіні, құтқарылған адамға қандай көмек көрсетілетіні жөнінде айтылды.

«Судан құтқарылған адамның ең алдымен омыртқа жотасының жарақаты бар-жоқтығы анықталады, – дейді М.Хусанова. – Егер жарақат алу қаупі болса, оны судан горизонтальды күйде алып шығу керек. Есін білетін болса, жедел жәрдем шақырып, оны күту керек. Ал егер есінен танып жатса, ұйқы артериясынан тамыр соғысын және тынысын анықтайды. Пульсі жоқ, тыныс алмай жатқан болса немесе тыныс алу бұзылысы байқалса, 2 – 5 мәрте алғашқы жедел жәрдем жасау қажет. Зардап шегушінің аузын балдыр, құм, құсық сияқты заттардан тазарту керек. Оған жасанды тыныс алдыру көмегі көрсетіледі».

М.Хусанованың айтып отырғандары арнайы түсірілген бейнежазба арқылы көрсетіліп, бір қызметкер көмектің қалай көрсетілуі тиістігін іс жүзінде көрсетіп отырды.

...Осы орайда облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мынадай жайларды есте сақтау керегін ескертеді:

- Суға тек рұқсат етілген жерлерде ғана шомылыңыз.Онда да алдымен жалпы жағдайға мән беріңіз, судың тереңдігін тексеріп алыңыз. Сондай-ақ судың таза­лығына көз жеткізіңіз. Өйткені лас суда қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштары болған жағдайда кесел жұқтыруыңыз мүмкін. Ал ондай қоздырғыштардың лас суда бірнеше күн, апта, тіпті ай­ларға дейін сақталатын кездері болады.­

- Жаныңызда серіктеріңіз болса, оларды көзден таса қылмай, назарда ұстаңыз. Судағы арнайы қоршау белгілері тұрған жерден тысқары шықпаңыз, суға сүңгу үшін техникалық ескерту белгілерінің үстіне шығушы болмаңыз.

- Егер тамаққа тойып алған болсаңыз, онда суға бірден шомылмаңыз. Сол сияқты су ішінде әбден тоңып, қалтырағанша, шаршағанша жүріп алмаңыз.

- Адам мұздай суда шомылғанда кей­де қол-аяғы тырысып қалатыны бар. Мұндайда жүзуді тоқтатып, асып-саспай, су бетінде шалқалай жатуға тырысу керек. Саусақтар тырысса, жұдырықты түйіп, қолдарды екі жаққа қарай серпе жұдырықтарды ашу керек. Балтыр тырысса, бүгіліп, аяқтың басын қысып, бар күшпен өзіңізге қарай тартыңыз. Немесе аяқты созып, бармақтарды алға қарай ию, сосын балтырды уқалау керек. Құрысу тоқтағасын басқаша әдіспен жүзіп немесе жүріп жағаға шыққан дұрыс.

- Шомылып жүріп қатты шаршасаңыз немесе тоңсаңыз, онда тез арада жағаға жүзіп шығуға әрекеттеніңіз. Сабыр сақтап, ара-арасында  шалқалай жатып дем алыңыз, күшіңізді үнемдеңіз, өзіңізді және уақытты бақылау үшін жаймен дауыстап санаңыз. Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезсеңіз, шалқалай жатып қолыңызды бұлғап, көмекке адам шақырыңыз.

- Егер иірімге тап болсаңыз, кеуде кере тыныс алып иірімнің астына сүңгу керек, сөйтіп одан алысырақ кетуге су астында әрекет жасаған дұрыс. Одан алыстиаған соң жағаға қарай жүзіңіз.

- Мұздай суға түсіп кеткен адам кө­бі­не 10 – 30 минут аралығында суық өтіп кетуден қайтыс болады. 5 – 15 минут қимылсыздық «шокқа» және өлімге апарады. Дер кезінде шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі естен танады. Ал суда қатты суықтау әбден шаршағанда, ашыққанда, мас күйде суға түскенде тезірек болады.

- Ал суға тұншыққан адамды жағаға алып шыққасын бірінші кезекте киімін беліне дейін шешіп, жоғары тыныс жолдарын және асқазанын судан босату керек. Сөйтіп қолдан тыныс алдыру тәсілін қолданып, оттегі жетімсіздігінен құтқаруға тырысу керек. Мұндай алғашқы жәрдемді бұл істе тәжірибесі бар адамның жасағаны дұрыс, өзгелердің де мұны үйреніп алғаны артықтық етпейді.

...Жалпы, суда шомылғанда кім де болса сақтық шараларын есте ұстағаны, өзгелерді де сақтандыра жүргені абзал. Осыны ұмытпағайсыздар!

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру