Ақпарат

Улы нитраттар көкөністің қай жерінде көп болады?

Қаралды: 500

Бүгінде бақша жеміс-жидек, көкөністің пісіп жатқан кезі. Базар мен дүкен сөрелері бақша өнімдеріне толы. 

Яғни ағзаны қажетті дәрумен, минералдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік мол. Дегенмен осы көкөніс, жеміс-жидектерден келетін қауіп те жоқ емес. Ол нитраттарға байланысты.

Нитрат дегеніміз – азот қышқылының тұздары. Бақша өнімдері ерте пісуі үшін «нитратты селитра» деген тыңайтқыш пайдаланылады. Ол бау-бақша өнімдерінің өсуін жеделдетіп, өнім беруін жоғарылатады, өйткені өсімдіктерді нәрлендіретін элементтің бірі. Сол себептен нитраттар бау-бақша өнімдеріне зиян емес. Алайда ол – адам ағзасына қауіп төндіретін химиялық улы зат. Ағзаға түссе, ондағы тотығу процестерінің нәтижесінде нитриттерге, яғни уға айналады. Нитриттер адамның қан эритроциттеріндегі гемоглобинді метгемоглобинге айналдырады. Ол метгемоглобин организмде оттегін тасымалдау қабілетін жойып, адам денсаулығына қауіп төндіреді. Сонымен қатар нитраттардың адам организміне канцерогендік әсері бар екенін ғалымдар дәлелдеп отыр.

Сондықтан әр адам бау-бақша өнімдеріндегі нитраттан сақтану жолдарын қарастыру керек. Біздің төменде айтатын кеңестер бау-бақша өнімдеріндегі нитраттар мөлшерін кемітуге көмектеседі.

Көкөніс пен жеміс-жидектерді әзірлеуде кейбір ережелерді сақтасаңыз, нитраттардың шамасын барынша кеміте аласыз. Нитраттардың көкөністерде белгілі бір жерге жинақталу қасиеті бар. Ол оның қабығында, өзегінде не тамырында болады. Кейде сәбіздің және қызылшаның ортасы ағарып немесе жасыл болып көрінеді, міне, осы жерде улы нитраттар жинақталады.

Бау-бақша өнімдеріндегі нитраттар мөлшерін азайту жолдары мынадай:

– көкөністерді дайындағанда олардың жоғары және төменгі жерлерінде нитраттар көп болуына байланысты сол жерлерді көбірек кесіп алып тастаңыз;

 – қарбыздарда нитрат құрамы төменгі жағынан жоғарғы жағына қарай азаяды, қабығында көп жиналады;

 – нитраттар көкөністерде қабық, қабықша және жапырақтарында жиналады, сол себептен бұлардан тез арада құтылу қажет;

 - жеміс-жидектерді және көкөністерді мұқият жуу керек.

- егер де жуылған көкөністерді 1 литр суға 1 ас қасық ас содасы қосылған суда қайта жусаңыз, ондағы нитраттардың мөлшерін біршама кемітесіз;

- езілген өнім алмаңыз, езілген көкөністердің дәмі нашарлайды.

- көкөністің түрі мен түсі күдікті болса, ондай өнімді сатып алмаңыз;

- бақша өнімдерін ұйымдастырылған базардан немесе дүкендерден сатып алған сенімдірек, өйткені ол жерлерде сатылған азық-түліктің жауапкершілігі әкімшілікке, сатушы қызметкерлеріне жүктеледі;

- көкөністерді сатып алу кезінде олардың қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттарды талап етуді ұмытпаңыз.

Денсаулық – бірінші байлық, сондықтан «бірінші байлығымыздың» қадірін ұмытпайық, құрметті оқырман!

К. РҮСТЕМОВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби

аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру