Ақпарат

Аптап ыстықта абайлаңыз!

Қаралды: 529

Шілде айының адам ағзасына жағымсыз әсері де аз емес. Осы орайда мамандар жұртшылыққа мынадай жайларды есте ұстауды ескертеді:

 - Бөлменің температурасын қалыпты салқын жағдайда ұстау, бірақ өте төмендетіп жібермеу қажет. Сұйықтықтарды көп ішкен, жеміс-жидек, көкөністерді көп тұтынған жақсы. Ыстықтан қорғайтын дәрілерді пайдалануға да болады.

- Жасы үлкен адамдар денсаулығын жиі тексертіп тұруы қажет. Бұл кезде қант диабетімен, жүрек, қалқанша без ауруларына шалдыққандар белсене емделгені дұрыс. Асқа тағамның дәмін кіргізетін қоспаларды, қышқылдарды жиірек пайдалану қажет. Қышқыл, ащы тағамдар адамның тәбетін арттырады.

 - Күннің ыстығына қарамастан дұрыс тамақтануға көңіл бөлу керек. Себебі тамақ дененің қарсылық қуатын күшейтіп, ыстық өтуден сақтайды. Күн өтуден сақтанамын деп суық сусындарды көп ішкен де дұрыс емес. Әсіресе ауыр дене еңбегінен немесе дене шынықтырудан кейін суық су ішпеген жөн. Өйткені ол асқазанның кілегей қабығын тітіркен­діріп, асқазан сұйықтығының көп бөлінуіне себеп болады, сөйтіп ас қорытудың бұзылуына соқтырады.

 - Салқындау үшін кірпіш, цемент едендердің үстіне ұйықтауға болмайды. Далаға түнеуге де болмайды. Себебі мұндай кезде ағзаға тез суық өтеді, ревматизмдік дерттер пайда болады.

- Тамақтан соң бірден суға түсу ас қорыту жүйесінің қызметіне кері ықпал жасайды. Тітіркенуден тамырлар жиырылып, асқазан түйілуі, лоқсу, ас қорытудың бұзылуы пайда болады. Сондықтан тамақтанып болған соң жарты сағаттан кейін суға малтыған жөн.

 - Суық, сызды жерлерді ұзақ уақыт басып, дымқыл орамалдарды үнемі тағынып жүруге болмайды. Суықтың тітіркен­діруі бастың бұлшық етін жиырып, қан тамырын тарылтып, мида уақытша қан жетіспеуін туындатады. Бас ауырады.

 - Айқай-шудан аулақ болыңыз,  қуатты көп қажет ететін әрекеттермен аз шұғылданыңыз. Күн астында ұзақ уақыт жүруден сақтаныңыз. Ыстық күнде денені күннің зиянды сәулесінен қорғайтын майлармен сылаңыз.

...Міне, мамандар осылай дейді. Ендеше, шілденің аптап ыстығында қайда барсаңыз да мұны да есте ұстап жүргейсіз.

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру