Ақпарат

40 жылдан соң

Қаралды: 268

Кешегі аптада Сарыағаш ауданындағы «Қызылту» орта мектебін 1974 – 1975-ші оқу жылында бітірген түлектердің 40 жылдық кездесуі болып өтті. 

Кездесу орталық саябақта ұйымдастырылып, оған шәкірттер мен бүгінде зейнеткерлік демалыстағы екі ұстаз қатысты.

Біз бұл шәкірттерімізге мектебіміз сегіз жылдық болып тұрғанда сабақ берген едік. Олар кейін ауылдағы С.Сейфуллин атындағы мектепке ауысып, онжылдықты 1977-жылы сонда бітірген болатын.

Мен «Қызылту» мектебінде балаларға тарих және география пәндерінен сабақ бергенмін, мектептің кәсіподақ комитетін басқарған едім.

Бұл бас қосуды мектептегі музыка пәнінің мұғалімі Рүстем Кенжебаев жүргізіп отырды. Жиында бақилық болып кеткендер еске алынып, олардың рухына құран бағышталды.

Бүгінде өмірдің сан саласында еңбек етіп жүрген шәкірттеріммен қауышу маған үлкен қуаныш сыйлады. Сөз кезегі келгенде осыдан 40 жыл бұрын мектеп партасында отырған олардың әрқайсысының мінезде­мелерін беріп, қылықтарын еске алып айтып өттім.

Ұстаздардан кезінде осы балалардың класс жетекшісі болған, мектепте математика және сызу пән­дерінен сабақ берген Әбдіпәтта Оспанов сөйлеп, бұрынғы оқушы – қазіргі ата-ана болып отырған түлектерге ізгі тілектерін білдірді. Шәкірттерден С.Анарбаев,  Г.Әбдіра­йымова, Г.Үмбетова, А.Әбжаппаров, А.Әденбеков, Б.Омаров, А.Тас­қараева және басқалар құттықтау сөз сөйледі.

Бұдан кейін бүгінде өздері үлкен азамат болған шәкірттеріміз дайындаған концерт болып өтті. Сейдірахым Анарбаев пен Рабиға Сманова ән айтса, Рүстем Кенжебаев домбырада және баянда ойнап, ән шырқады. Кү­йеу балалар да қарап қалмады, әзіл-қалжыңдар айтып, жұрттың көңілін көтерді. Бүгінде жасы 60-ты алқым­даған шәкірттеріміздің кейбірі өзара құ­дандалы болуға да уәде байласып жатты.

Қысқасы, бұл бас қосу өте әсерлі болып өтті. Оған мен Шымкенттен барып қатыстым. Бір кездері өзіміз білім нәрін сіңірген шәкірттердің өмірдің әр саласында еңбек етіп, ұл-қыз өсіріп отырғандарын естіп, көңілім мар­қайды.

Мен шәкіртте­рімнің алдағы уа­қытта да өмірдің тек жақсылықтарын көріп, өзара араласып-құраласып тұруларын тілеймін.

Тұрсынбай ӘШІРБАЕВ,

қарт ұстаз, білім беру ісінің үздігі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру