Ақпарат

Келін мен ене бірге бизнес жасайды

Қаралды: 263

Таяуда бір қызық жарнама назарымызды аударды. Онда: «Тапсырыс қабылдаймыз. Қазақстанның барлық аумағынан» деп жазылыпты. 

Жарнамада көрсетілген телефон арқылы хабарласып едік, тұтқаны жас келіншек көтерді. Аты-жөні – Жібек Сәрсенғалиева, өзі Ақтау қаласынан болып шықты.

Жібектен біл­ге­німіз, ол сырға, білезік, жакеттерге ою салып береді екен. Ал енесінің қыз жасауына арналған көрпе тігетін өнері бар. Ол кісінің есімі – Жанар, бүгінде 47 жаста.

«Бұндай өнерді  әлеумет­тік желі арқылы­ үйрендім, – дейді Жібек.  – Тіккен бұйымдарымның бағалары 3 мың мен 10 мың теңге аралығында сатылады. Ұзын сырғаларға қазақша ою салып сатамын, соған жас келіндер көп тапсырыс береді. Өйткені қазір қызға сырға тағарда жеңгелері қазақша киініп, ұзын сырға тағынуы сәнге айналды. Иесінің есімін жазып қоятын білезік те сәнге айналды, ондай білезікті 1000 теңгеден сатамын.

Білезіктің біреуін 200 теңгеден сататынмын. Қажет еткендердің кейде бірден 10-нан, 20-дан алғаны бар. Яғни жұмысымды білезік жасаудан бастағанмын.

Ал енем көрпе тігуді қайынсіңлім тұрмыс­қа шыққанда үйренді. Оның артынан апаратын жүкті өзі тікті де, содан бастап көрпе тігіп сатуды қолға алды. Көрпелерді құрақ етіп жасайды. Әр көрпені 10 мың теңгеден, жастығын қосса, 12 мың теңгеден тігеді. Мен маталарын шақтап қырқып беремін».

Жібек осылай дейді. Біз одан қазіргі жастарға, жас келіндерге қандай ақыл берер едің деп сұрадық.

«Көзін тапсаң істейтін жұмыс табылады. Әрине, кім не істеймін десе де өзі біледі, дегенмен интернет желісінде адамға пайдасыз нәрселерді қызықтап уақыт өткізбей, істің көзін іздеген дұрыс. Осындай пайдасы бар дүниелерді істеп сатса, біріншіден, ақша табады, екіншіден, уақытты дұрыс пайдалануды үйренеді, үшіншіден, әрине, үлкендерге сүйкімі артады», – дейді Жібек.

 ...Жібек бүгінде екі баланың анасы. Оның болашақта енесімен бірге шағын цех ашпақ ойы бар екен. Пайдалы шаруаны дөңгелетіп отырған бұл келіншектің ісі көп адамға үлгі болары анық. Құдайым оның ісін оңғарып, мақсаттарына жеткізе бергей дейміз.

Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру