«Ақсу» лагерінде ақ пейілді адамдар істейді

10.07.2017
Қаралды: 474

Балалардың жазғы демалысын пайдалы өткізуі әрбір ата-анаға маңызды. Осы мақсатта Шымкент қаласында­ да көптеген лагерьлер жұмысын бастады. 

Олардың  бағыты: балаларды тынықтыру, қызықтыру, денсаулығын нығайту, білімін кеңейту, тәрбиелеу.

Шымкент қалалық Оқушылар сарайында балалар демалысына жоспарланған арнайы бағдарламалар жеткілікті. Мұндағы тыныс-тіршілікпен бізді мекеме басшысы Наталья Романова таныстырды. Аталмыш меке­менің өзінде өткізілетін 104 үйірмеге қазіргі таңда 5607 бала қатысады. Бұдан бөлек, Оқушылар сарайына қарасты Сайрам ауданы, Құтарыс ауылында орналасқан «Ақсу» сауықтыру лагерінде 210 бала демалуда.

«Биылғы жазғы демалыс жоспары он күндік жеті кезеңнен тұрады, олардың әрқайсысында 210 бала бар, – дейді мекеме басшысы. – Лагерьде оқушылар сарайының барлық педагогтары жұмыс істейді. Мен де балалармен көп уақыт өткіземін, тіпті сонда өмір сүремін десем де артық айтқаным емес.

Лагерьдің қазіргі жағдайын бұрынғымен салыстыра алмайсың. Үш-төрт жыл бұрын небәрі үш кезең өткізетінбіз. Әр кезеңдегі бала саны елуден аспайтын. Қазіргі бала саны көз қуантады.

«Ақсу» сауықтыру демалыс орнына келетін балалардың 98 пайызын жетім, жартылай жетім, тұрмыстық жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар құрайды. Оқушылар сарайында суретші, хореограф, спортшы, көптеген өнер саласындағы мұғалімдер дәріс береді. Аталмыш мамандық иелері де көп уақыттарын лагерьдегі бүлдіршіндерге арнайды. Балалардың талантына тәнті боласың. Бірі сурет салады, енді бірі қолдан әдемі ойыншықтар жасайды.

Бүлдіршіндердің басым көпшілігі ата-ана қамқорлығынан айырылған жандар, олар тырмысып, қоғамнан өз орнын табуға әрекеттенеді. Киімдері жаңа, бойлары таза, еңсесі биік. Осы бүлдіршіндерге қамқор болып жүрген адамдарға үлкен рахмет!»

Наталья ханымның әңгімесінен кейін ат басын «Ақсу» сауықтыру демалыс орнына бұрдық. Мұнда бізді лагерьдің аға тәлімгері Шолпан Асылбекова күтіп алды. Мекемені түгел аралатып, балалардың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Лагерьде әр саланың өз алаңы бар. Сурет салу, би, ән айту, спортпен шұғылдану, теннис, шахмат ойындарының да орындары бөлек. Таңғы астан кейін әр топтың балалары өздері таңдаған сала алаңдарына бөлініп, уақытты тиімді өткізеді. Топтар арасында өтетін жарыстарға барлық бала қатысып, өнер көрсетеді. Лагерьдің іші мен сырты осындағы балалардың қолөнер бұйымдарымен безендірілген. Демалыс аймағы түгел қоршалған және арнайы күзет жұмыс жасайды.

«Жеті тобымыз бар, әр топқа екі жетекшіден қарастырылған, – дейді Ш. Асылбекова, – Он төрт жетекшіден бөлек күндізгі уақытта Оқушылар сарайынан келіп дәріс беретін мұғалім­деріміз көп. Жалпы, біздің мекемеде сенің тобың, менің балам деген сөз айтылмайды. Бәріміздің балалар алдындағы міндетіміз бір. Жетекшілер міндет пен талапты бөлмейміз, бәрін ортақ атқарамыз деп келіскенбіз. Қандай іс болмасын ұйымдасып атқарамыз.

«Ақсу» лагеріне көбіне тұрмыстық жағдайы төмен балалар келеді. Бүлдіршіндер бізді өздеріне ерекше жақын тартады, өз балаңдай бауырыңа кіріп, жүрегіңді елжіретеді. Өйткені біз балаларға бар жылуымызды беріп, қамқор боламыз. Тіпті арамызда «ана», «әке» деп құшақтайтындары бар. Балалар бізді жақын көріп, ішкі сырларымен, армандарымен бөліседі.

Мұндағы мұғалімдер өздерін балалармен тең жағдайда ұстайды. Қарапа­йым киімдер киіп жүреміз. Өйткені күні бойы балалармен ойнаймыз, сөйлесеміз, арасында сырын айтып, басын кеудеңе қойып жылайтындары да бар, жаныңа батады.

Лагеріміздің тағы бір ерекшелігі, осында жыл сайын келетін балаларды тәрбиелеп, есейгенде тәрбиеші етіп өзімізге жұмысқа қабылдаймыз. Мұнда келген балалардың біреуі де кеткісі келмейді. Лагеріміздің мынадай да салты бар. «Ақсу» лагеріне қай жылы қай кезеңде келген болса да, біз сол балалардың басын қосып, кездесу кешін ұйымдастырамыз. Ол әр жылы 19-қыркүйекте, Оқушылар сарайында өтеді. Музыкалық аппараттарымызды қосамыз, ән айтамыз, би билегенді жақсы көреміз. Осылайша әрбір баламен жүздесіп, аман-саулықтарын біліп отырамыз.

Біздің ғимарат 210 балаға арналған. Қала әкімдігі аумағымызды кеңейтпек мақсатында жанымыздан жаңа ғимараттың кірпішін қалады. Осы ғимаратты толық аяқтап, бала орнын көбейтетін болса, тұрмыстық жағдайы төмен отбасынан шыққан балалардың басы бір жерде бірігетін еді. Бұл алдымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға тиімді. Себебі басқа лагерьлерге бақуатты отбасынан шыққан балалар барады. Ондай жерде әлеуметтік теңдік роль ойнайды. Киімі де, қолдарына ұстаған ұялы телефондары да көзге көрінеді. Міне, осындай кезде жағдайы төмен отбасының балалары өздерін кем сезіне бастайды. Осындай жағдайлардың бала жүрегіне сызат түсіргенін қаламаймын».

Мәди Жаймаханов (суретте) «Ақсу» лагерінде тәлімгер болып жұмыс жасайды. Айтуынша, ол жеті жасынан бастап аталмыш демалыс орнында бес жыл демалып, балалық шағы өткен жерде тәлімгер болуға асыққан екен.

«Ақсу» лагерінен алған тәлімім көп. Жетекшілерім мені осында жұмысқа қабылдады, балаларды мейірімге бөлеп, мен де осындағы мамандар секілді балаға жақын болып, болашағына бағыт бере алатын дәрежеге жеткім келеді», – дейді ол.

Б. ОҢҒАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ