Ақпарат

Алда 60 градустық аптап ыстық бола ма?

Қаралды: 1091

Кейінгі кездері кейбір қызылордалықтардың қалта телефонына «алда 60 градус ыс­тық болады» деген тұрғыда хабарлама түскені жөнінде әңгіме қызып тұр. Тіпті  «75 градусқа дейін ыстық болады екен» деп жүргендер де жоқ емес.

Жұртшылық арасында мұндай сөздердің таралуына негізінен Қызылордада күннің қатты ысығаны себеп болса керек. Кешегі бейсенбіде онда ауа температурасы 48 градусқа дейін ысыды. Қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын адамдар әбігерленіп, бір күнде «жедел жәрдемге» 1500-ден аса адам жүгінді. Тіпті қатты ыстық салдарынан көшеде бір автокөлік жанып кетті.

Осы күндері Алматы облысында мал иеле­рін қыруар шығынға ұшыратқан бір оқыс оқи­ға орын алды. Бақанас жақтан мал артқан жігіттер 17 өгізді етке өткізбек болған екен. Жолда оларды полиция тоқтатқан. Тексергенде қажетті құжаттардың біразы жоқ болып шығады да, соның дауымен жүргенде пысынаған көлік ішіндегі жануарлар ұмыт қалған. Тар қапас ішіндегі сықай тиелген мал­ға ауа жетпей, бәрі түгел жантәсілім етіпті.

Есептеп келгенде 17 өгіз етінен түсетін ақша 5 миллион теңгедей болуы тиіс екен.  Енді олар мұның ақысын кімнен аларын білмей дал болуда екен.

...Ал «алда 60 градус, тіпті 75 градусқа дейін ыстық болады екен» деген хабарға орай ауа райын болжаушылар өз сөзін айтты. «Қызылорда облысында алдағы күндері ауа температурасы 75 градусқа дейін көтеріледі деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Аптап ыстық болады, бірақ ол 40 – 45 градусқа дейін көтерілуі мүмкін», – дейді «Қазгидрометтің» жетекші инженер-синоптигі Жұлдыз Исабекова.

Яғни еліміздің бірқатар аумақтарында 40 градус шамасындағы ыстық біраз уақытқа дейін сақталатын сияқты. Ал, жалпы алғанда, шілде айына тән температура көп жерлерде 30 – 35 градустың арасында болмақ. Ауа райын болжаушылар осылай дейді.

Бұл айдың екінші онкүндігінде еліміз аумағына циклондар енуіне орай ауа райы біраз құбылуы мүмкін. Ал ай ортасында Орта Азиядан ауған ыстық ауа қайтадан аптап күндерді әкеледі деп күтілуде.

Синоптиктердің ұзақ мерзімдік болжамына қарағанда, шілде айының екінші онкүндігінің соңына – үшінші онкүндіктің басына қарай жоғары және төмен қысымды ауа алмасуларына қарай күн райы бірде қатты ысып, бірде суып, енді бірде жаңбырын төпеп біраз құбылуы ықтимал екен.

Олай болса, әсіресе жол жүрерде, табиғат аясына тынығуға шығарда осы айтылғандарды есте ұстап жүргеніңіз жөн болады демекпіз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру