Ақпарат

«Қырық Шілтен» Қырғызстанда да бар екен

Қаралды: 513

Ғайып Ерен Қы­рық Шілтен – түр­кі­тілдес халықтардың бірқа­та­рының ауыз әдеби­е­тінде кезде­сетін жұм­бақ кейіп­кер. 

Қазақстандықтар, әсіресе оңтүс­тік өңірінің тұрғындары Қазығұрт та­уы бөктерінде  осындай жер бар болғандықтан Ғайып Ерен Қырық Шілтенді жақсы біледі.

Мұндай жер атауы Қырғызстанда да бар екен. Біреуі – Ош қаласының маңындағы Сүлейментаудағы «Қырық Шілтен» үңгірі. Екіншісі – Баткен облысының Ақбұлақ ауылындағы «Шілтен ата» мазары.

Көктем сайын ауыл басшылығы «Шілтен ата» мазарының айналасын тазалап, тәртіпке келтіріп отырады. Биыл да сондай шаруамен мазарға  жергілікті биліктің адамдары бірнеше техникамен барып, шай-пайларын ішкен соң жұмыстарын бастамақшы бол­ған екен. Бірақ олардың жер тегістейтін тракторы және басқа да машиналары оталмай қойыпты. Сосын араларындағы біреуінің ақылымен Шілтен атаға арнап құран оқыған. Содан кейін ғана машиналары оталып, олар жұмыстарына кіріскен.

Бұл мазардың екінші атауы «Қырық Шілтен» деп аталады. Мазар туралы әртүрлі аңыздар бар. Солардың бірі былай  айтылады:

Қырғыздың батыры Манас қайтыс болғанда оны жерлеуге 40 жігіт қатысыпты. Манастың әйелі Санирабиға (Ханыкей) Манастың қай жерге көмілгенін басқаларға айтып қоюы мүмкін деп 40 жігіттің басын шаптырып, денелерін осы жерге көмдірген.

Аңыздың аты – аңыз, ол қаншалықты қисынды екенін ешкім тап басып айта алмайды. Бірақ Ғайып Ерен Қырық Шілтен «Манас» жырында бар. Манастың бала кезінде балам еңбек еткенді үйренсін деп әкесі Жақып баланы өзінің қойшысы Ошпырға береді. Қозы бағып жүрген Манастың бір қозысын бір қасқыр өңгеріп алып кетеді. Манас оның артынан қуа жөнеледі. Қасқыр сол жердегі таудың үңгіріне тығылады. Манас үңгірге кіріп барғанда қасқыр адамға (Шілтенге) айналады. Шілтендердің бәрі (Қырық Шілтен) сол жерге жиналған екен, басшысы (сірә, Ғайып Ерен) Манасты бұдан былай әрдайым қолдап жүретінін айтады.

Жырдағы бұл оқиғалардың орын алған жері Ош қаласындағы Сүлейментаудың беткейіндегі үңгірде болуы да ықтимал. Сондай-ақ қырғыз оқымыстыларының арасында Ош қаласының атауын «Манастағы» Ошпырмен (Ошпір) байланыстыратындары да бар.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ.

Бішкек қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру