Ақпарат

Перінің қызы Перила айналдырған адам

Қаралды: 405

Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын, 1986 жылдың басында мен аға шопан Хасан Алиев деген түрік кісінің отарына сақпаншы болып жұмысқа кірген едім. 

Ол кісіден жұрт «жынды» деп қатты қорқатын. Бірде одан осының сырын сұрадым. Сонда ол маған өзінің басынан өткен қорқынышты бір оқиға жөнінде айтып берді.

«Әкем мен үшке келгенде қайтыс болып кетіпті, –  деп бастады әңгімесін Хасекең. – Қарындасым тым аурушыл болып өсті. Бізді жетілдіру жолында анам колхоздың қойын да, танасын да, тіпті тауығын да бақты. Жасым 16-ға толғанда ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіріп, трактор айдайтын Текебай деген кісіге көмекші болып жұмысқа кірдім. Арада біраз уақыт өткенде  тракторды өзім жүргізе алатын дәрежеге жеттім.

Бір күні Текебайдың Ақсу ауылында тұратын әпкесі қайтыс болды да, ол жұмысқа кештетіп қайтатын болып асығыс жол жүріп кетті. Мен күні бойы Қарақшыдағы егіс алқабынан босаған жерді жыртумен болдым. Әбден шаршадым, қатты ұйқы қысты. Бірақ тракторды тоқтатуға болмайды. Өйткені норманы орындауға тиіссің. Сондықтан мәңгірген қалыпта тракторды жүргізе бердім.

Кенет айнала әдемі киінген адамдарға лық толып кетті. Кей жерде сырнайдың дауысы шығады. Ән шыр­қап келе жатқан бір топ сұлу қыздар маған қарап, сылқ-сылқ күліп, бір нәрселерді айтады. Әйелдер «Шашу! Шашу!» – деп тракторымның үстіне  ұсақ тәтті кәмпиттер шашып жатыр. Үлбіреп қалған  әдемі қыз қолын созып: «Хасан, неғып отырсың? Кел­сейші біздің қасымызға», – деп сыңғырлай күлді. Жауап қатам дегенімше болған жоқ, өзі қолтығымнан демей ұстап, трактордан түсіріп алды. Сосын мені қолтықтаған күйі ертіп жүрді. Қолы денемді күйдіріп барады. Сосын кішкене саусақтарымен қолымды қыса түсіп: «Қазір менің ағамның үйлену тойына барамыз», – деді.

Одан әрі қарай... Құдай-ау, сол жерде сырнай тартылып, барабан қағылды ма, жартылай жалаңаш, қос анарлары желпілдеген сұлу қыздар биледі ме-ау... Екі аяғым жерге тимей мен де билегендеймін. Өң мен түстің арасында қалқып жүріп: «Атың кім сенің, сұлу қыз?» – дегенім еміс-еміс есімде қалыпты. Ол: «Пері... Пері... Перила», – деп үш қайтара айтты. Сосын, мөлдір көздерімен жәудірей қарап: «Мен сені алып кетемін, Хасан», – деді сыңғырлаған үнімен. Сұлу қызға елтіп, өзім де өліп барамын. Сонда да анамды ұмытпай: «Апамды қайтем? Мен кетіп қалған соң ол қайтіп күн көреді? Кішкене қарындасым да жылап қалады ғой. Мені қинамашы, жаным!» – дедім өзеуреп. «Мейлі, әйтеуір барасың ғой, ә? – деді қыз құшағын шамалы босатып жатып. – Қанша бұлқынсаң да  менен енді құтыла алмайсың. Қыздар, кәне, Хасанға тамақ әкеліңдер!» – деп бұйырды сосын жанындағы қыздарға дауыс­тап.

Қыздар алдыма бір табақ ет пен нан әкеліп қойды. Қарным қатты ашқанмен оны сездірмей, нанға «біссмілда» деп қолымды соза бергенімде әлдене гүрс ете қалғандай болды. Сол кезде жанымдағы адамдардың бәрі құсқа ұқсап ұшты да кетті. Соңында Периланың маған түксиіп қараған ашулы кейпін де анық байқап қалғандай болдым.

Есім ауып, құлап барып қайта түрегелген менің алдымда есекке мінген бір қария тұр екен. Қолында қос ауыз мылтығы бар. Түннің қай уағы болғанын болжай алмадым. Әлгі кісі жүзімдіктің қарауылы екен. «Мен өзі қайда тұрмын?» – дедім есім кіресілі-шығасылы күйде. «Сен Шұқырбұлақта тұрсың. Не, қайдан келгеніңді де білмей қалдың ба? Егер мен мылтық атып тоқтатпағанда қайда жетіп жығыларыңды өзің де сезбей қалатын едің!» – деді қария.

Не керек, содан бастап мен адам түсініп болмайтын ауыр халге душар болдым. Жұмысты да, тракторды да – бәрін біржолата тастап, қаңғып кететін әдет шығардым. «Перила, жаным, қайдасың?!» – деп шырқырап, жанымды қоярға жер таппай қиналамын.  Апам байғұс қаншама молда, қожаларды шақырып оқытса да қайран болмады. Периланың өзі көрінер сәттен екі-үш күн бұрын арқа-басым тырысады. Өзімнен-өзім аласұрып, біреумен ұрысқым немесе төбелескім келіп, бәле іздеп, тісім шықырлап тұрады. Төбелесе қалған адамды қалайда ұрып жығамын.

Апам қайтыс болған соң ағайындарым мені өзімнен он жас үлкен жесір әйелге үйлендірді. Тым болмаса тамағыңды істеп беріп жүрер деген оймен. Жыным қозған күні әйелім байғұс баласын жетектеп, басының ауған жағына қашып кетеді екен.

Перила мені өзіне екі мәрте шақырды, екі рет көзіме көрінді. Мен оны көрсем болды, бірден ұшып кетемін. Бәрін ұмытып, тіпті қол-аяғым кейде жерге тимей кетеді. Онымен талай жерге бардым. Адам аяғы тимеген сиқырлы көлге де бірге шомылдық. Бірақ аңдыған адамдар, молдалар тыныштық бермейді. Периланы іздеп тау-тасты шарқ ұрып, кезіп, өліп жат­қан жерімнен бәрібір тауып алады. Дем салып, жазып алады. Алайда маған бәрібір Периласыз өмір жоқ сияқты. Оның әрбір сөзі, балбұл жанған жүзі, сыңғырлай шыққан әсем үні құлағымнан кетпей, көз алдымда тұрады да қояды. Содан жыным келеді де, барлық дүниені қиратқым келіп тұрады. Мені жұрт «жынды Хасан» деп атайтыны сондықтан. Жасым биыл 52-ден асты. Осы кезге дейін мені Перила екі рет өзімен бірге алып кетпекке әрекет етті».

Осылай деген Хасан маған өзінің перінің қызына деген сұмдық ынтызарлығы жөнінде тағы да біраз сипаттап берді. Ара-арасында оған сұрақтар қойып отырдым. Оның әңгімесі мені қатты қызықтырды әрі қорқынышты әсер етті.

Арада бір айдай уақыт өткенде мен сақпаннан босанып, қалаға кеттім. Жолыма жақсылық тілеп, Хасекең қоштасып қала берді. Ал келесі жылы жазда ағайындары Қараүңгір жайла­уының биік шатқалдарының бірінен Хасанның өлі денесін тауып алғанын естідім. Көргендердің айтуынша, екі беті нұрланып, езуінде күлкі табы сақталып қалған көрінеді.

Ол көптен күткен арманына сағына жетіп, Перила ғашығының ауылына ат басын біржолата бұрған сияқты.

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Unknown 13.07.2017 02:04
Перінің берген тамағы ол таспен тезек. Егер бісміллəні айтпағанда таспен тезекті жұтып мерт болар еді
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру