Ақпарат

Данияр Мейірхан қызметінен кетпейтін болды

Қаралды: 213

2016-жылдың ақпан айынан бері Шымкент қалалық жергілікті полициясы қызметін басқарып келе жатқан Данияр Мейірхан туралы жұртшылық арасында әңгіме аз айтылмай жүргені белгілі. 

Таяуда ЖПП қызметкерлері облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Нұржан Полатовты жол ережесін бұзу үстінде ұстаған соң туындаған шулы оқиғадан кейін Д.Мейірханның төңірегіндегі сөз тіпті де күшейе түсті. Тіпті оны қызметінен кетеді екен деп те айтылып жатты.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаровқа қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Данияр Мейірханды қызметінен босату туралы ұсыныс жолдағаны (15.06.2017 жыл, №104278) да жұртшылыққа белгілі. Онда  былай деп жазылған болатын: «Қазақстан Республикасы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001-жылғы 23-қаңтардағы №148 Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015-жылғы 30-желтоқсандағы «Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі туралы ережені бекіту туралы» №1142 қаулысына сәйкес: Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция  подполковнигі Мейірхан Данияр Мейірханұлын лауазымынан босатуға Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында келісу үшін ұсынамын.

Негізі: Облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ә.Сейдуәлиевтің 2017-жылғы 23-мамырдағы №30-2-29/2907-11 және облыстық ішкі істер департаменті Тәртіптік комиссиясының 2017-жылғы 19-мамырдағы №17 хаттамалық шешімі».

Облыс әкімінің бұл ұсынысы кешегі аптаның сәрсенбі күні болған қалалық мәслихаттың сессиясында қаралуы тиіс еді. Алайда ол қаралмай қалды. Себеп – облыс әкімдігі аталған ұсынысты кері қайтарып алған. Не себепті олай болғаны әзірге ашық айтылмай тұр.

Сонымен Шымкент қалалық жергілікті полициясының басшысы, подполковник Данияр Мейірхан өзінің қызметін ары қарай жалғастыра беретін болды.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру